Елімізде саяси партия құру мен тіркеу оңай шаруа емес. Бүгінге дейін заңды тіркеуден өте алмай, әлі күнге Әділет министрлігінің есігін күзетіп жүргендер қаншама. 2022 жылдың желтоқсан айында Алматыда өткен құрылтай съезде «Respublica» партиясын құру туралы шешім қабылданды. Осылайша 2023 жылы қаңтарда тіркеуден өтіп, наурызда мәжілістен мандат алды. Көптің көкейінде неліктен Respublica деп аталды деген сауал туындағаны рас. Латын тілінен аударғанда бұл жалпы, қоғамдық, мемлекеттік іс деген мағына береді. Партияның негізгі мақсаты – қоғамның барлық саласындағы құрылымды қайта құру. Басты ұстанымы – ЖАҢА АДАМДАР – ЖАҢА ҚАДАМДАР!

Жалпы, Respublica партиясының сайлауалды бағдарламасы бес негізгі бағыт бойынша құрылған. Атап айтсақ, білім беру жүйесін қайта жаңғырту, денсаулық сақтау саласындағы сапалы өзгерістер, халқымыздың мәденитарихи құндылықтарын насихаттау, азық-түлік қауіпсіздігі доктринасын әзірлеу және жүзеге асыру, экономикалық реформаларды жүргізу, оның басты мақсаты – әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру. Бүгінде партияның құрылғанына бір жыл болса да, партия қатарына көптеген белсенді азаматтарды тартып, еліміздің әрі қарай дамуына өз үлестерін қосуда. Бүгінде партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров. Ал Respublica партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Назерке Талғатқызы.

– БылтырVIII сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындысы бойынша Respublica партиясы 8,59 пайыз дауыс жинап, төменгі палатада алты мандатқа ие болды. Олар Олжас Құспеков,Айдарбек Қожаназаров, Руслан Берденов,Динара Наумова,Нұргүл Тау, Динара Шүкіжанова. Фракция мүшелері Мәжілістің алты комитетінде (Экология және табиғи ресурстар комитетінен басқа) өкілдік етеді. Біздің негізгі мақсатымыз – парламенттік жұмыс формалары мен әдістерін, сайлаушылардың тапсырыстарын пайдалана отырып, партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру.Біз Парламентке өткен ең жас партиямыз. Сондай-ақ, барлық деңгейдегі мәслихаттарға «Respublica»партиясынан 56 депутат сайланды. Алайда біздің өңірден жергілікті мәслихат депутаты жоқ. Жалпы, партия фракциясы сайлауалды бағдарламасы аясында 29 бағытты жүзеге асыруда. Оның ішінде 15-і экономикалық, 14-і әлеуметтік. Ерекше айта кету керек, фракцияның ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мәжілістегі 4 жұмыс тобын басқарады. Сонымен қатар 14 заң жобасы мен 412 түзетудің бастамашылары.Бүгінге дейін үкіметке 30-ға жуық депутаттық сауал жолдады. Депутаттық сауалдың басым көпшілігі экономика, бизнес, ауыл шаруашылығы, теміржол көлігі, жеке тұлғаларға вагондарды жалға беру мәселелеріне қатысты. Сондай-ақ әлеуметтік мәселелер де басты назарда. Әрдайым ел арасында білім беру, денсаулық сақтау, құмар ойынға тәуелділікті азайту, нашақорлықты азайту, отандық киноны дамыту, жол-көлік оқиғаларын азайту, паллиативтік көмекті дамыту, мүгедектігі бар тұлғалар үшін баспананың қолжетімділігін көтеріп келеді, – деді Respublica партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Назерке Талғатқызы.

Бүгінде саяси партияның аймақтағы филиалы елдің мәселесін билікке, билік тарапынан атқарылып жатқан жұмысты халыққа жеткізуге бір сөзбен айтқанда билік пен халық арасындағы алтын көпір қызметін сапалы атқаруды бір жолға қойған. Түрлі іс-шараларды жоғары деңгейде өткізіп, халықтың алғысына бөленіп үлгерді. Нәтижесінде Сыр өңірінің тұрғындарының басым көпшілігі Respublica партиясының мүшесі болуға ниетті. Оның ішінде жастар белсенділігі өте жоғары.

Себебі Respublica партиясы жастар қоғам өмірін алға бастаушы күш иесі екенін білдірді. Сөйтіп,«Respublica» партиясы» Қызылорда облыстық филиалының жанынан жастар бірлестігін құрды. Бұл 18 бен 35 жас аралығындағы белсенді азаматтық ұстанымы бар, ғылыммен, спортпен, шығармашылықпен, кәсіпкерлік және басқа да қызмет бағыттарымен айналысатын жастарды біріктіру еді.

Республикалық партия өңірлерде жас таланттарды жүзеге асыру үшін тең жағдайды қамтамасыз ету міндетін басты орынға қойған. Оның ішінде жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту және жастардың мемлекеттік басқаруға белсенді қатысуына жәрдемдесіп келеді. Қазіргі кезде партияның облыстық филалы жанындағы жастар бірлестігінің төрағасы Сабыржан Бахытжанұлы. Ол ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Қызылорда облысының студенттік омбудсмені. Сабыржан Бахытжанұлы партияның өңірдегі жастар саясатын жүзеге асырып, жастарға бағытталған тың жобалармен жұмыс істеуде. Мәселен, «РЕСПУБЛИКА – ЕГЕМЕНДІК БАСТАУЫ» тақырыбында студент жастар арасында қалалық дебат турнирін ұйымдастырды. Сондай-ақ «Суицидтің алдын алу және болдырмау» тақырыбында студенттермен кездесу өткізді.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді ата-бабамыз. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Адам бар жерде тұрмыстық түйткілдердің тумауы мүмкін емес. Respublica партиясының Қызылорда облыстық филиалының да басты ұстанымы – мұқтаж жандарға демеу болу. Осы тұста қаншама қайырымдылық істер жасап, елдің алғысына бөленіп жүр. Атап айтсақ, былтыр Шиелі ауданындағы 120 отбасыға бір реттік азықтүлік таратып, 300-ге жуық баланы «Мектепке жол» бағдарламасы аясында оқу құралдармен қамтамасыз етті. «Бар жақсылық – балаларға» ұранымен бүлдіршіндерге арналған түрлі сайыстар, іс-шараларды жиі ұйымдастырады.

Сонымен қатар адам денсаулығын жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында – «Respublica» партиясы» Қызылорда облыстық филиалының демеушілігімен Облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «JAS.START» жүгіру марафоны өтті. Аталған спорттық сайысқа 500- ге жуық қызылордалық қатысты. Сондай-ақ еліміздегі өзекті мәселелерді облыс көлемінде көтеріп, арнайы мамандармен жан-жақты жұмыстар жүргізіп келеді.

Бүгінде «Білімді ұрпақ – Ұлт келешегі» аймақтық жобасы аясында көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың дарынды балаларын қолдау мақсатында «Ustudy» аймақтық тестілеу орталығының «Ұлттық бірыңғай тестілеу» сынамаларын ақысыз тапсыруға қала мектептерінің бітіруші сынып оқушыларына Сертификат табыстауды бастады. Қазіргі кезде облыстық филиалдың басты мақсаты – сайлауалды бағдарлама бойынша жұмыс істеп, елдің талап-тілегінің оң шешілуіне барынша ықпал ету.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған