Қаңтарда болған бүліктердің артында саяси күштердің тұрғаны сөзсіз. Тіпті, бүлікті ұйымдастырып, билікті күшпен басып алмақ болды деген күдікпен ҚР ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталып, қамауға алынды. Бұл қырғынға оның орынбасарларының да қатысы бар екені белгілі болды.

Тергеу амалдарына байланысты оны қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. К.Мәсімов ұсталған соң алты айдан кейін оның інісі Нұрлан Мәсімовті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агентіктің шекара қызметі Ресеймен шекараны жалған құжаттармен кесіп өту әрекеті кезінде ШҚО аумағында құрықтады.

Қазір К.Мәсімовтің ісі Ұлттық қауіпсіздік комитетінде. Іске құпиялылық грифі берілген. Сол себепті іс материалдары жариялануға жатпайды. Осы іс туралы білетін белгілі бір адамдар ғана бар. Істі тергейтін белгілі бір прокурорлар тобы бар. ҰКҚ ақпаратына сәйкес осы іс бойынша тергеліп жатқан адамдардың бәрі қамауда, ешкім ешқайда кеткен жоқ. Қазір істі тергеу аяқталды. Іс материалдарымен танысу жүріп жатыр. Тәртіп бойынша іспен танысады. Ол бір ай емес, екі-үш ай уақытты алуы мүмкін.

Ұлттық қауіпсіздік саласында 32 жыл еңбек еткен ардагер, генерал-майор Еркін Мұсабаев барлау қызметіндегі басшылардың «ұйықтап қалуына» не себеп болғанын және ұлттың қауіпсіздігі мен бүлікшілер туралы бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында егжей-тегжейлі айтып берген болатын: «Ұлттық қауіпсіздік комитеті мына оқиғадан хабарсыз болуы мүмкін емес. ҰҚК осы жағдайды алдын ала білген, бірақ жол берген. Адамзат пайда болғалы қоғамға, оның қауіпсіздігіне бақылау жүргізіліп келеді. Бұл – сонау ерте заманнан барлық елде жалғасып келе жатқан жағдай. Қарсы қоғамды, көрші елді барлау, қарсы барлау деген бар. Комитеттің негізгі жұмысы -қарулы күзет емес, ақпарат, хабар жинау. Қ.Тоқаевты орнынан кетіру керек болды. Оны кетірмек болғандар – кресломыздан айрыламыз, байлықтан айырыламыз дегендер.

Комитет адамдарының басты міндеті – халықтың ойын, мақсатын, арманын жинап, соны сараптап, Үкімет басшыларына жеткізу. Бүлікшілер лаң салғанда ҰҚК «ұйықтап» қалған К.Мәсімовтің де басынан асып жатқан байлығы жетіп жатыр.

Содан айырылып қаламын деп қорыққан болуы керек. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысы – елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елдегі басшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ал бұл жағдайда елдің басшысына ҰҚК басшысы қарсы болды».

Қаңтар оқиғасының қорытындысы бойынша ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мемлекеттік сатқындық, билікті басып алу әрекеті және аса ірі көлемде пара алу бойынша 15 іс қозғалғанын хабарлады. Бұл істер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылары, оның ішінде экс-төраға Кәрім Мәсімовке қатысты қозғалған.

Қаңтар қырғынына дейін де Кәрім Мәсімовтің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қарым-қатынасы мейлінше қиын болатын. Соңғы 2,5 жылда ҰҚК жетекшісі Мемлекет басшысының қабылдауында болды деген ақпарат шыққан емес. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясы мен Nur Otan партиясы төрағалығын Қасым[1]Жомарт Кемелұлына бергеннен кейін ол көп ұзамай Қауіпсіздік кеңесін де басқаратыны белгілі еді. Бұл жүзеге асса, К.Мәсімовтің отставкасының ауылы алыс емес деген сөз болатын. Бірақ оқиғаның бұлай өрбу болжамы ҰҚК төрағасына да, Қазақстандағы батыстық бизнес өкілдеріне де ұнамаған болуы керек.

Қазақстандағы шетелдік фирмалардың бірқатары жергілікті нарықтағы үлеске Кәрім Мәсімовтің арқасында ие болғаны аян. Тиісінше, төңкеріс жасауға дайындық үстінде ҰҚК басшысы Батыстың, бірінші кезекте АҚШ пен Ұлыбританияның белгілі бір тұлғалары мен құрылымдарының қолдауына ие болуы әбден мүмкін. Бұл елдер ұзақ жылдар бойы Қазақстанда өз саяси лоббиін қалыптастырып, либералды және оппозициялық күштерді бел[1]сенді түрде қаржыландырып келді. Алайда, олар халық арасында аса танымалдылыққа ие болып, өз элек[1]торалды базасын қалыптастыра алған жоқ. Өте тар құқық қорғау сегментінде ғана қалды.

Көп жылдан бері батыс дипломаттары, журналистері, ҮЕҰ өкілдері бізге наразылыққа толы бір сұрақ қойып келеді: «Сіздерге Қытай және Ресеймен әскери және экономикалық әріптестік не үшін қажет? Олар тарихи тұрғыда сіздер үшін жау емес пе?». Бірақ өз көршілерімен кикілжіңге келу Қазақстан мүддесіне сай келмейді. Елдің жаңғыру әлеуеті белгілі бір деңгейде бұл елдермен сәтті серіктестікке негізделген. Батыстық элита қанша жыл бойғы әрекеті арқылы Қазақстанда «батыстық» мәдениет қалыптастыра алған жоқ. Батыс қолдаған оппозициялық олигархтар да елде қолдауға ие бола алмады.

Батыстың Ресей және Қытаймен ара қатынасының шиеленісуіне байланысты бірқатар батыстық саяси құрылымдар Қазақстанның тұрақтылық қаймағын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытына көңілі толмайтын элитаның қолымен шайқауға әрекеттенгені анық. Бұл жағдайда билікті басып алушылар ҰҚШҰ мен ШЫҰ сынды біріккен саяси құрылымдардың күшін тоқтатып, Қазақстанды көршілерінен оқшаулай алар еді. Одан әрі Қазақстанның батыстық мемлекеттерге тәуелділігін күшейту қиын емес.

Соңдықтан бұл жерде Кәрім Мәсімовтің амбициясы мен шетелдік лидерлердің геосаяси мүдделері бір жерден шығып отыр. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев Н.Назарбаевтың өкілеттіктерін толық иеленген сайын Кәрім Мәсімов пен оның командасы жұмыссыз қалатыны анық еді. Оның үстіне, ҰҚК соңғы жылдары көптеген түсініксіз тұтқындауларды жүргізді. Оның қатарында бұрынғы ҰҚК басшысы Нұртай Дүтбаев, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, «Эксимбанк» басқармасының төрағасы Еркін Әмірханов, Қытай бойынша білгір маман профессор Константин Сыроежкиннің қамалуы болды. ҰҚК жаңа басшылығы бұл мәселелерді де қайта көтеруі мүмкін еді ғой.

Сондықтан өзінің тікелей міндеттерін атқарудың орнына комитет басшылығы саяси ойындарға араласып, тіпті компроматтар соғысын да ұйымдастырды. Қос билік жүйесі ҰҚК-нің бақылаусыз қалуына алып келді. ҰҚК жұмысының басым бөлігі құпияланған. Одан бөлек, бұрын ҰҚК мен өзге күштік құрылымдар арасында даулар туып, ҰҚК талай рет жеңімпаз боп, өзінің өкілеттік аясын кеңейтіп отырды. Мәселен ІІМ-нің танымал еместігін пайдаланып, комитет басшылығы ұйымдасқан қылмыспен және есірткі бизнесімен күресті өз қолына алды.

Өмірде егер қылмыстық салаға сырттан бақылау болмаса, құқық қорғау органдары сонымен біте қайнасып кетеді. Бір салаға бірнеше ведомство жауапты болып, олардың арасында бәсеке болса, онда тәуекел де аз болар еді. Ал бір ведомство монополияға ие болсә, бақылау бәсеңдеп, коррупциялық тәуекелдер айтарлықтай артады. Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған жылдары өзінің саяси ойынын бастауға құмары оянып, өз командасын жинап, ресурстарды мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға бағыттады. Астыртын іске комитет қызметкерлерінің бәрі не басым бөлігі қатысты деп айтуға болмайды. Көптеген қызметкерлер өз антына адалдығын сақтап қалды. Дегенмен, Кәрім Мәсімовтей амбициясы жоғары адамның басшылық қызметте ұзақ уақыт болуы Қазақстанды қаңтар оқиғасына алып келді.

Соңғы жылдары Қорғаныс министрлігінде барлық деңгейдегі түрлі кадр ауысуы болды. Көптеген өңірлік басқармалар мен әскер қолбасшылары жиі ауысты. Бұл әскери ведомствоның толыққанды құрылымға айналуына өз кедергісін келтірді. Қаңтарда алғашқы күннен бастап тек Мемлекеттік күзет қызметі, полиция және Ұлттық гвардия қызметкерлері ғана батыл қимылдады. Айта кетейік, соңғысы ІІМ-не бағынады. Содырлар дәл осыларға қарсы шабуыл жасады. Төңкерісшілер, шамасы, астыртын іске ІІМ басшысын тартудың қажеті жоқ деп есептеген болар. Егер ҰҚК мен Қорғаныс министрлігі сырт қалса, ІІМ күші тәртіпсіздікті не баса алмайды,не басуды қаламайды деп ойласа керек.

Сондай-ақ, олар Қасым-Жомарт Тоқаевқа көмекке Қазақстанның одақтас елдері келеді деп те күткен жоқ. Өйткені соңғы жылдары Мәскеу мен Астана арасындағы қарым-қатынас суып келе жатқан. Оның үстіне, Ресей әскерінің ең қуатты бөлігі батыс шекарасына шоғырланған болатын. Ал Қазақстанға Қытай әскерінің келуі жаппыхалықтық бас көтеруге әкелер еді. Осылардың бәрі Қасым-Жомарт Тоқаев билігін оңай құлатуға арналған алғышарттар болатын. Егер Қазақстан ҰҚШҰ күшін дер уақытында шақырып, олар стратегиялық нысандарды қорғауға алмаған жағдайда полиция күші көпке жетпей, қазіргі билік құлаған болар еді.

Соңғы жылдары Қазақстанда радикалды діни насихат күш алып келді. Олардың кейбірі криминал әлемімен тығыз байланысты болса, кейбірі саяси элита, іскер және мәдени орта, тіпті күштік құрылымдармен ортақ мүдде тауып алған еді. Мұндай топтардың өзінде үлкен әлеует, өзіндік қаржысы, ақпарат құралдары, адам және әскери ресурстары қалыптасып үлгерді. Олардың кейбірінің шетелдік діни ұйымдар мен арнаулы қызметтермен астыртын байланысы болғаны әбден мүмкін.

Рас, әзірге бұлай тек болжам жасауға болады. Алайда қаңтар оқиғасы олардың белсенді қатысуынсыз өтпегені анық. “Б” жоспары болған болуы да мүмкін. Ал бұл сценарийдің салдары әлдеқайда ауыр болар еді. Бірақ бір жағынан, қаңтар оқиғасының артында нақты кімдер мен қандай күштер тұрғанына әзірге дәлелсіз болжам жасаудың қажеті жоқ. «Осының барлығының артында кім тұр?», «Ұйымдастырушылар кім?» деген сияқты маңызды сұрақтарға жауап беретін болсақ, ұйымдастырушылар өз жоспарларына деструктивті және қылмыстық топтарды тартып, оларға қару беріп, іс-әрекеттерін үйлестіріп отырғаны мәлім болды.

Қазір біз бейбіт митингілерді әртүрлі күштер пайдаланғанын білеміз. Әрекеттердің үйлестірілгені анық. Негізінде, біздің ел гибридті шабуылға да тап болды. Ұйымдастырушылар өз жоспарларына деструктивті және қылмыстық топтарды тартты, оларға қару беріп, іс-әрекеттерін үйлестіріп отырған. Бүгінде ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) 18 мүшесі ұсталды, адам өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағаны үшін бұрын сотты болған 21 тұлға қамалды. Олардың арасында лақап аты «Дикий Арман» атанған А.Жұмагелдиев және оның топ мүшелері бар. Оның қылмыстық әрекеті туралы жоғарыда айтып кеттік.

Осыдан бөлек, қаңтар оқиғасы кезінде басқа да топтар белсенділік танытқан. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында ҰҚК қызметкерлері «Казахстанский» ҰҚТ жетекшілерін ұстады, олардан оқ-дәрімен бірге 15 атыс қаруы тәркіленді. Қазір олардың басқа да ашылмаған қылмыстарға қатысы тексерілуде.

Тыйым салынған “ҚДТ/Көше” атты экстремистік ұйымының мүшелері жаппай тәртіпсіздіктерге белсене қатысқан. Жалпы, ұсталғандар арасында 35 тыйым салынған экстремистік ағымдардың мүшелері анықталды. Мысалы, Алматыда қылмыстық бағыттағы деструктивті діни ағымның бір топ мүшесі ұсталды. Ұстау кезінде қолдануға дайын болған қару-жарақ тәркіленді. Олар өз тобының әрекеттерін үйлестіріп отырған. Бұл ретте олардың бір бөлігі алаңда жүрсе, екіншісі қаланың төменгі жағында баррикадаларда болған. Сонымен қатар тергеу кезінде WhatsApp және Telegram арқылы тәртіпсіздіктерге қатысушылардың жиналу орындарын, қозғалу бағыттарын үйлестірген қазақстандық чаттар анықталды.

Бастапқы кезеңде наразылық білдірушілер өздерін бейбіт ұстады. Ол жерлерде қарапайым қызығушылық танытқандар, өтіп бара жатып көре салғандар көп болған. Аяғы тәртіпсіздікке айналады деп ешкім ойламаған. Алайда, кейіннен олардың арасына қылмыстық элементтер мен бұзақылар қосылды. Қарулы бүлікшілердің мақсаты халық арасында үрей мен қорқыныш тудыру, елдегі қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыру болған. Бүлікшілер бейбіт тұрғындар мен өтіп бара жатқан адамдарды оларға қосылуға мәжбүрлеген.

Мысалы, 5 қаңтарда Алматыда қарақшылар көлігін бермей қойғаны үшін белгілі музыкант, продюсерді атып тастаған. Такси, ауыр көліктер мен автобус жүргізушілерін де көшелерде тосқауыл қою арқылы жолды жабуға мәжбүрлеген. Кейбір саналы азаматтар тұтқынға түскен және жараланған қызметкерлер мен әскерилерге көмек көрсетіп, оларға тобырлардың тиісуіне жол бермеді. Тәртіпсіздіктердің ең қызу кезеңінде де тәртіп сақшылары өлімге әкелетін қаруды қолданбаған, тек шабуылдаушылармен күрескен. Жараланғандардың басым көпшілігі қауіпсіздік күштері арасында болуы да осыдан. Ауруханаға түрлі жарақаттармен 3393 қызметкер жеткізілген. Олар болса, біреудің әкесі, күйеуі, ағасы немесе баласы. Олар жай ғана өздерінің қызметтік және әскери міндеттерін атқарып, құқықтық тәртіп пен тыныштығын қамтамасыз етті.

Бұған керісінше картинаның болғанын да жасыра алмаймыз. Құқық қорғау қызметкерлері ешқандай қарсылық көрсетпестен Алматы және Жамбыл облысында Полиция департаменттерінің ғимараттарын қару-жарақ, оқ-дәрімен бірге тастап кеткен. Нәтижесінде бүлікшілер 1,5 мыңнан астам үлкен арсеналға ие болған. Олардың ішінде, аңшылық дүкендерден ұрланған қаруларды есептемегенде, гранатомет, пулемет, автомат, тапаншалар мен гранаталар бар. Әзірге 967 қару табылды, қалғандарының қайда екені әлі де белгісіз.

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алу әрекеті жөнінде қылмыстық істер тергеліп жатыр. Ұлттық қауіпсіздік мүддесінде қылмыстық істерді тергеудің егжей-тегжейлері айтылмайды. Алматы қаласының, Алматы және Қызылорда облыстарының ҰҚК департаменттерінің лауазымды тұлғалары да әрекетсіздік танытқан. Күштік құрылымдардың бір[1]қатар басшылары құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге тиіс арнайы бөлімшелерінің іс-әрекеттеріне әдейі тосқауыл қоюы мүмкін екені жоққа шығарылмайды. Аталған фактілер бойын­ша арнайы прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алуға әрекет жасау бойынша қылмыстық істер тергеуде.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин мен бір топ қазақтілді сайттардың бас редакторлары кездесіп, ақпарат кеңістігіндегі мәселелер турасында пікірлесті. Мемлекеттік хатшының әңгімесі көп жағдайдан хабар беретін болғандықтан біз оның сөзін келтіре кетуді жөн көрдік: «Қаңтар оқиғасы кезінде біз нені көрдік? Оқиғалардың толқын-толқынымен дамып отырғанына куә болдық. Ол туралы айтылды, бірақтағы бір қайталап өту артық болмайды. Бірінші толқында көшеге бейбіт шерушілер шықты. Бейбіт шерушілер мен полиция арасында ешқандай қақтығыс болған жоқ.

Осы мәселенің басын ашып айтуға тиіспіз. Оқиға кезінде түсірілген бейне материалдарды қарасаңыздар, бұған көз жеткізу қиын емес.

3-8 қаңтар аралығында мен Маңғыстауда өңірлік штабтың үйлестіру кеңесі жұмысымен айналыстым. Ақтауда ешқандай қақтығыстар болған жоқ. Неге? Өйткені бейбіт шеруге қатысқан азаматтардың тарапынан полицияға немесе билік органдары өкілдеріне қарсы заңсыз әрекеттер, шабуылдар болмады. Бейбіт шерушілер заңсыз әрекет жасамаған соң полиция да күш қолданған жоқ. Бірде-бір қақтығыс тіркелмеді.

Алматыда да алғашқы күндері солай болды. Бірақ екінші толқында көшеге жастардың түрлі топтары шықты. Олардың арасына саяси экстремистер кіріп, түрлі ұрандар тастап, бейбіт шеруді радикалды бағытқа бұрып жіберді. Билік органдарымен қақтығыстар осы екінші толқында көрінді. Үшінші толқында шерушілерге криминалды топтар мен радикалдар қосылды. Осы кезде бүлдірулер, қақтығыстар, дүкендерді тонау, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының ғимараттарына шабуылдар басталды.

Қаңтар оқиғасы кезінде біз саяси экстремизм, криминал және радикализм факторының бір-бірімен араласып кеткенін анық көрдік. Егер мұның алдын алмағанда төртінші, бәлкім, бесінші толқын да болар еді. Билік мұның жүзеге асуына жол бермеді. Дәл сол күндері шетелде, халықаралық террористік ұйымдардың қатарында жүрген азамат еліміздегі жасырын жүрген топтарға үндеу тастап, қарулы жиһадқа шақырды.

Ол ірі халықаралық террористік ұйымның қатарында жүрген біздің елдің азаматы болатын. Кезінде, 2011 жылы біздің елдің бір азаматы қасындағы екі серігімен бірге Ауғанстанда еуропалық радикалдармен бірігіп, ұйым құрып, Атырауда теракт ұйымдастырған. 2012 жылы сол ұйымның тағы бір өкілі Францияның Тулуз қаласында теракт жасайды. Осыдан кейін америкалық және еуропалық барлау қызметтері оларға іздеу салады. Сол екі шетел азаматының көзі жойылды. Ал біздің екі азамат кейін қолға түсіп, Қазақстанға әкелініп, жиырма жылға сотталды.

Солардың арасынан тек біреуі ғана тірі қалып, 2012 жылы Сирияға кетіп, сол жақтағы халықаралық радикалды топтың құрамына кірді. Міне, сол азамат содан бері әлсін-әлсін үндеу тастап келеді. Еліміздегі қаңтар оқиғасы кезінде ол арнайы видео-үндеу жасап, «Жиһад басталды, қосылыңдар!» деп шақырған. Бұл – өте қауіпті жағдай. Тергеудің мақсаты – осы толқындардың арасындағы байланысты анықтау. Сондықтан сол күндері таразы басында біздің мемлекеттілігіміз, тәуелсіздігіміз тұрды. Бұл – ешқандай да әсірелеу емес.

Қаңтар оқиғасы кезінде шетелдегі ортаазиялық радикалдар өзара ақылдасып, осы сәтті пайдаланып қалуды ойлап, Қазақстанға үш мың жиһадшы жібермекші болған. Егер бұл сценарий жүзеге асқанда мемлекетіміз не болар еді? Бұл іске «аса құпия» деген гриф қойылған. Мән-жайды нақты айта алмаймын. Бірақ криминалмен, радикалдармен сыбайласқан кейбір күштер билікті басып алмақ болған. Түпкі мақсат осы».

Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстары мен оған жақын саясаткерлер мен кәсіпкерлер әртүрлі себеппен елдегі ықпалынан айырыла бастады. Экс-президенттің үлкен қызы, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева алдымен коронавирус жұқтырып, еңбек демалысына шыққаны айтылды. Содан кейін ол отставкаға кетті.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов және оның екі орынбасары мемлекетке сатқындық жасады деген айыппен қамауға алынды. Қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен ҰҚК «А» арнайы мақсаттағы қызметі директорының бірінші орынбасары және осы қызметтің орталық басшысы ұсталды. Қылмыстық іс «аса құпия» санатына жатқызылған, сондықтан ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін тергеу деректері жария етуге болмайтыны түсінікті.

Н.Назарбаевтың туысы Қайрат Сатыбалды ақша жымқырып, қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен ұсталды. Оның бұрынғы әйелі бизнесті заңсыз тартып алды деген күдікпен қамауға алынды. Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір інісі, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбіш қызметінен кетті. Дариға Назарбаеваның құдасы Қайрат Боранбаев ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікпен камауға алынды. Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен жақындарының басына бұлт үйірілді. Ерте ме, кеш пе осылай болар еді, бірақ қаңтар оқиғасы бұл процесті жылдамдатты. Авторитар жүйенің бір ерекшелігі бар: егер биліктің дәстүрлі ортасы әлсіреп, орнына басқа адам келсе, бұрынғы көшбасшының туыстарына соққы жасалады. Әлемдік тәжірибедегі классика осы.

Ал Қазақстандағы оқиға Н.Назарбаевтың көзі тірісінде болды. Қаңтар оқиғасы сәл кештеу басталуы керек процесті жылдамдатты. Ерте ме, кеш пе, Н.Назарбаевтың белсенді саяси және басқарушы қызметтен алыстайтыны түсінікті. Қазір «бірінші президенттің отбасы» деп аталатын ортаға соққы жасалып жатқанына назар аудару керек. Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтың ұсталуы арқылы Қ.Тоқаев ұлттық қауіпсіздікке кесірін тигізген Н.Назарбаевтың ортасына кіретін олигархтарға, бұрынғы элита өкілдеріне қарсы соғыс жүргізе бастағанын көрсетіп отыр.

Бұл адамдардың қамауға алынуы арқылы Қ.Тоқаев классикалық схеманы іске қосты: қазір бірінші президенттің отбасындағы негізгі ойыншыларға қатысты деректер мен әшкерелейтін материалдар жиналып жатыр деп ойлаймыз. Болашақта бұл компромат Н.Назарбаев отбасының басқа мүшелеріне қатты соққы жасауы мүмкін. Бұл Н.Назарбаевтың көзі тірісінде бола ма, ол жағы түсініксіз. Бірақ Н.Назарбаев Саясат сахнасынан мәңгілікке кеткенде тегеурінді әрі жаппай шабуыл болатыны сөзсіз. Ал мұндай жағдай Орталық Азиядағы басқа елдерде бірінші президенттің өлімінен соң болған еді.

Қазір бірінші президент пен оның отбасын ең қатты сынап жатқан адамдар – Н.Назарбаев кезінде мансапқа жеткендер. Олар жақында ғана Н.Назарбаев жүйесін асыра мақтап, астананың атын ауыстыруды қолдап шыққан еді. Бұл жерде мәселе Қазақстандағы бюрократиялық жүйе мен саяси элитаның психологиясында жатыр. Бұл – үнемі біреуге тәуелді жағымпаздар психологиясы. Оларға жаңа қамқоршы керек, жүйеде қалатынына кепіл керек. Ал мұны Қ.Тоқаев қана бере алады.

Бұл адамдарға жаңа Қазақстан емес, жаңа қожайын керек болғандықтан, олармен жаңа Қазақстан құру мүмкін емес. Олар оған қызмет етуге дайын, бірақ бұрынғы жолмен қызмет еткісі келеді. Олар елге де бұрынғыдай қарайтын болады. Олардың бәрі осы жүйенің өнімі болғандықтан, жоғары лауазымды шенеуніктердің абайлап болса да Н.Назарбаев құрған жүйені сынай бастағаны күлкілі көрінеді.

Бюрократиялық аппаратты тұтастай өзгерту керек. Отыз жыл бойы азаматтардың жарқын болашаққа деген үмітін өлтіру үшін бәрін істеген адамдармен жаңа Қазақстан құру қиын. Билік Қазақстан халқы саясаттан хабардар емес, саясатқа қызықпайды деп ойламауы керек. Халық шын мәнінде өзгерісті қалайды. Үкіметте де, Президент Әкімшілігінде де, әсіресе аудандардағы әкімдер арасында жаңа адамдардың болғанын қалайды.

(Жалғасы бар)

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған