– Күнделікті әзірленетін тәттілер мен нан өнімдерінің саны қанша?
– Әзірге қала бойынша 3 дүкеніміз бар. Әрқайсысында сауда да қызу жүргізілуде. Күнделікті пісірілетін нан өнімдерінің саны 150-ден асса, 50 шақты торт сатылымға шығады.Одан бөлек халықтың сұранысына сәйкес, күнделікті тапсырыспен басқа да тәттілеріміз бен торттар әзірленеді.
– Күніне қанша тортқа тапсырыс аласыздар?Сөреге күнделікті қандай өнім түрлері қойылады?
– Әр кезде әртүрлі. Безендірілетін торттарымызға күнделікті 20-дан аса тапсырыс түседі. Сөреге жиі сұранысқа ие, өтімді өнімдер қойылады. Басым көпшілігін әртүрлі торттар, шағын торт тілімдері,рулет түрлері, самсалар, тәтті тоқаштар, нан түрлері құрайды.
– Халық тарапынан сұраныстың жоғары деңгейде болуына не түрткі? Тәттілердің тәт-тілігі ме, әлде жарнаманың жақсы деңгейде болуы ма?
– Кәсібіміздің дамып, біз әзірлейтін тағам түрлерінің сұранысқа ие болуына тұрақты баға, сапалы өнім, үздіксіз жарнама себеп болуда деп айта аламын. Өзім осы кәсіптің иесі ретінде әрбір қызмет түріне мән беремін. Өйткені, тәтті өнімдердің өтімділігі үшін бабына келтіріп әзірлеуден бөлек, жарнама жұмыстарын жүйелі жүргізу де керек. Арнайы мамандарды да жұмысқа алдым. Олар күн сайын болып жатқан жаңашылдықтар мен әзірленіп жатқан өнімдеріміз жайында ақпарат таратады.
– Көшеде не көп, кондитерлік дүкендер көп. Қала берді кей әйелдер үйден де торттар әзірлеп сауда жасайды. Сіз ашқан дүкеннің ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Иә, дұрыс айтасыз. Бірдей өнімді әртүрлі адам жасайды. Бірақ, оның жасалу жолы мен құрамына қажетті өнімдер де әрқалай қолдынылады. Таңдау да әркімнің еркіне сәйкес қой. Өзім ашқан үш дүкенде де қызу жұмыс жүргізілуде. Бұл біздің халықты тәттілермен қуанту үшін жасап жатқан жұмысымыз деп айта аламын. Біздің ерекшелігіміз- балғын,табиғи таза өнім ұсыну. Сондықтан да өнімдерімізге сұраныс бар.
– Неліктен тәттілердің бағалары уақыт өткен сайын қымбаттауда? Бір адамға арнал ған бір тілім торттың өзі кем дегенде 1000 теңгеге жетер-жетпес, болмаса одан да жоғары бағаланады…
– Жалпы оған себеп көп. Әйткенмен, басты себеп ретінде қазіргі таңда нарықтағы азық-түлік өнімдеріне тиесілі бағаның тұрақсыздығын айтуға болады. Мысалы, ұн бағасының өсуі де бар. Одан бөлек түрлі тәттілерді әзірлеу үшін құрамына қарай әрқалай өнімдерді талап етеді. Әзірленіп жатқан тағамның жақсы шығуы мен дәмі үшін өнімдердің сапалысын таңдаймыз. Олар да арзан тұрмайды. Одан өзге жасаған аспаздың еңбегін де қосыңыз. Көпшілік түсіне бермейтін кондитерлік дүкендердегі қымбатшылықтың басты себебі осылар деуге болады.
Сіздің дүкендегі тәттілердің бағалары қаншадан басталады және ең қымбат торттарыңыз қаншаға бағаланады?
Әр тәттінің бағалары әртүрлі. Мысалы шағын торт тілімдері 300 теңгеден басталып, 2000 теңгеге дейін барады. Ең қымбат тортымыз жастар тойына арналған шоу тортымыз. Ол тапсырысқа сәйкес жасалған торттың келісіне орай бағаланады.
– Жалпы, өзіңіздің авторлық өніміңіз бар ма?
– Әлбетте. Әр кондитерде авторлық өнім болғаны да дұрыс. Біздің авторлық рецепттердің қатарында өзіміз өзгерістер енгізген торт,рулет,торт тілімдері бар.
– Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?
– Қазіргі таңда 30 адамды жұмыспен қамтып отырған жайымыз бар. Бір-бірімізбен ұйымшылдықта бірлесіп жұмыс істейміз. Жақсы көңіл-күймен әзірленген тәттілер тұтынушылар үшін де керемет әсер сыйлары айқын.
– Неліктен таңдауыңыз кондитерлікке түсті? Алғаш кондитер болып бастаған уақытыңызды еске түсіріп көріңізші…
– Негізі бала кезімнен тәттілер пісіруге әуес болдым. Отбасымды әзірлеген тәтті тағамдарыммен жиі қуантатынмын. Декреттік демалыста отырғанда қызығушылығым артып, уақыт бөліп, дамытуды қолға алдым. Нәтижесінде үлкен кәсіпке айналдырдым.
– Сіздер тек тәтті түрлерін емес, шұжық та әзірлейді екенсіздер. Қандай түрлерін ұсынудасыздар?
– Шұжық пісіру идеясын ойластырғаным рас. Бірақ оған арнайы цех қажет болғандықтан, бұл істі ағама тапсырдым. Қазіргі таңда бірге жұмыс жасаудамыз. Шұжықтарымыздың 4-5 түрі бар. Барлығы халал, табиғи өнім. Бұл кәсіп түрін де халыққа сапалы өнім ретінде ұсынамыз.
– Бұдан өзге қандай қызмет түрлерін ұсынудасыз?
– Сонымен қатар бізде жартылай дайын өнімдер бар. Көпшілік тарапынан жоғары сұранысқа ие деп толық айта аламын. 10-нан асатын тағам түрлерін дайындап, сатылымға шығарамыз. Яғни, біздің орталық тек десерт түрлерімен ғана емес, күнделікті ас мәзірін де жартылай әзірлеп сатады.
– Алға қойған негізгі жоспарларыңызбен де бөлісе отырсаңыз…
– Болашаққа мақсат көп. Сәтін салса, тағы да үлкен жобаларды қолға аламыз деп ойлаймыз. Ол үшін әрқашан білімді шыңдау керек. Жетістікке жету үшін мықты команда,ізденіс те қажет. Сонда әр ойға алған жоспарлар да сәтімен орындалады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан А.Әлиарыстан
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар