Ағымдағы жылдың 12 қазанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Мақсат – мәслихат депутаттарын жаңарту және жергілікті өкілді органдардың жұмысын күшейту.

Бұл облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға қатысты. Алдағы 29 қарашада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Ереже бойынша кандидаттар саяси партиялар немесе бірмандатты округтер бойынша өзін-өзі ұсыну арқылы да сайлауға қатыса алады.

Қазіргі таңда мәслихаттардың өкілеттігі тоқтаған соң, депутаттыққа кандидаттар ұсынылуда. Орталық сайлау комиссиясының шешіміне сәйкес кандидаттарды ұсыну және өзін-өзі ұсыну кезеңі 14 қазаннан басталып, 27 қазанда сағат 18:00-де аяқталмақ. Партиялық тізімдер мен мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу мерзімі 1 қарашада сағат 18:00-де аяқталады. Одан әрі қарай үгіт.

Ендігі міндет – сайлау науқанын заң талаптарына сәйкес ұйымдастырып, азаматтардың белсенді қатысуына жағдай жасау және халық мүддесін қорғайтын нағыз депутаттардың сайлануы.

Мәслихаттар – әр аймаққа тиесілі бюджетті бекітіп, аймақты дамыту жоспарларын қарап, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін талқылайды.

Жаңа құрамды қалыптастыру кезінде депутаттардың кәсіби қабілетімен қатар олардың қоғаммен жұмыс істей білуі, жергілікті проблемаларды түсінуі және халық алдындағы жауапкершілігі де маңызды болуы тиіс. Президенттің пәрменіне сәйкес бұл  жергілікті деңгейдегі өкілдіктің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін кезең.

«Қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосындының мәні өзгереді ме», әлде сол баяғы күйге қайта енеді ме, ол уақыт еншісінде…

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған