Соңғы күндері Байқоңыр мәселесі қоғам талқысына қызу түсіп жүр. Жалдық сипаттағы жабық қалашық  елімізге қайтарылатын болыпты деген әралуан әңгіме әлеуметтік желілерде желдей есіп тұр. Тіпті Ресей меншігіндегі кейбір ұшыру алаңдары Қазақстан тарапына беріліпті деген ақпараттар қаптап кетті. Ал шынтуайтында қалай?

Қалаға кіріпшығуға болады

Негізінен Байқоңыр қаласында туризм саласын дамытуға мүмкіндік зор. Бұл жайында бұған дейін де айтылып жүр. Бірақ, жалдық сипаттағы қалаға турист тарту былай тұрсын, кез-келген адамның емін-еркін кіріп шығуына тыйым салынған. Өкілдік өзі сөзінде бұл мәселе жыл аяғына дейін оңтайлы шешімін табатынын айтып, ақжолтай жаңалығымен бөлісті.

– Жабық қалашыққа кіріп-шығу мәселесі де назардан тыс қалған емес. Бұған дейін жұлдызды қалашықта жұмыс істейтін азаматтар мен ұшу зымырандарының кіргізілуі ғана заңмен шектелмеген. Құпия әскери-ғарыштық қалашық болғандықтан өзге адамдарға кіріп-шығу қиындық туғызатын. Соған орай бүгінде Байқоңырды еліміздегі өзге қалалар секілді ашық қалашыққа айналдыру бағытында екі жақты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұған дейін арнайы рұқсат беру бөлімі арқылы қалаға кіру үшін 10 күнге құжат дайындалатын. Оған белгілі бір уақыт қажет еді. Соған өзгеріс енгізу бойынша тапсырма берілді. Осыған орай пилоттық жоба ретінде 1 желтоқсаннан бастап кіре беріске бір маманды отырғызып, рұқсатнама беру ісін жедел шешуге жол ашатын боламыз. Осы арқылы ұзақ жолға шыққан жолаушылардың қалаға жедел кіріп, ғарыш айлағын көріп, демалып, тамақтанып шығуына мүмкіндігін арттыру жоспарланып отыр, – дейді арнаулы өкілі.

Жалпы қалаға іргеде өтіп жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолының да экономи­калық ықпалы зор. Бұл жолмен күніне 10 мыңнан астам көлік өтеді. Соған сәйкес пилоттық жобаны іске асыру арқылы туризм саласының дамуына мүмкіндік артады деп есептейтінін алға тартты.

Қандай өзгерістер бар?

Байқоңыр «Байқоңыр» болғалы ондағы тұрғылықты халықтың тұрмыс-тіршілігі мен өмір сүру қағидаты халықтың қызығушылығын тудырып келеді. Мемлекет ішіндегі мемлекет секілді еліміздің қақ ортасында орналасқан Ресейге жалға берілген ғарыш айлағының бүгінгі тұрмыс-тіршілігін көзбен көру біз үшін де қызық болды.

Жалпы 1955 жылы іргесі қаланған  ғарыш айлағы жұмыр жерден көк жүзіне жол ашатын ең қолайлы орын саналады. Қармақшы ауданы аумағында орналасқан жабық режимдегі қалашыққа кіріп-шығудың өзіндік тәртібі, өзгеше заңдары мен өмір сүру қағидаты бекітілген.

Бұл қалашықта әлі күнге дейін екі елдің ақша айналымы қатар жүреді. Онда Қазақстан мен Ресей азаматтарының құқықтары келісім-шартта тең дәрежеде бекітіліпті.

Қаланың жалпы аумағы 5497,5 га құрайды. Ағымдағы жылдың мәліметіне сәйкес, қалада 57 мың 441 халық тұрады екен. Оның ішінде 40 мың 615 адам Қазақстан республикасының азаматтары болса, 15 мың 507 адам Ресей федерациясының үлесіне тиесілі. Ал 1319 адам өзге мемлекеттердің азаматтығына ие.

–Соңғы жылдары жұлдызды қалашықта қазақстандық азаматтардың үлесі артып келеді. Соған сәйкес республикалық және жергілікті бюджет қаражаттары есебінен бірқатар жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, Үкіметтің 2016 жылғы 2 қарашадағы №656 қаулысымен бекітілген Байқоңыр қаласының Бас жоспарына сәйкес, 2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50 пәтерлі 5 тұрғын үй салынып, 7 «А» шағын ауданы құрылды. Оған 2 млрд. 7 млн. теңге қаралып, игерілді. Бұл тұрғын үй әлеуметтік осал топ өкілдеріне берілді. 2021 жылы аталмыш шағын ауданда 50 пәтерлі тағы 5 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл жобаға 3 млрд. 701 млн. теңге қаралған. Бұған қоса, сумен жабдықтау, коммуналдық қызметтердің тарифын түсіру, газдандыру, білім беру ұйымдарының қатарын арттыру бағытында да ауқымды шаралар қолға алынып отыр, – дейді кешеннің арнаулы өкілі.

Сонымен қатар 2021 жылы Байқоңыр қаласын­дағы сумен жабдықтау және қайта бұру жүйелерін жаңғырту жобасы қолға алынған. Ал үстіміздегі жылы аталған жұмыстарды жалғастыру үшін 1 млрд теңге қосымша қаржы қаралған. Сол сияқты коммуналдық тарифтерді түсіру бағытында Бай­қоңыр қаласының әкімшілігі қаланың жылу электр станциясын негізгі мазут отынынан газға ауыстыру жұмыстарын қолға алыпты. Бұл жұмыс­тар 2027 жылы толығымен аяқталады деп күтіліп отырса керек. Байқоңырда қазақстандық білім беру стандартымен жұмыс жасайтын білім беру ұйымдарының санын көбейту мақсатында атқарылып жатқан шаруалар да шаш-етектен. Соның ішінде жалдан шығарылған ғимараттарды пайдалана отырып, жыл аяғына дейін қосымша 2 балабақша ашу жоспарлануда. Байқоңырлық жұрттың басты мәселесі  ұзақ жылдар бойына емдеу мекемесіне қатысты қиындықтар қорда­ланып келген еді.

Соған орай 2016 жылы облыстық медицина­лық орталықтың Байқоңыр қаласынан филиа­лын ашуға мүмкіндік туды. Бұл орталық Байқо­ңыр қаласындағы Қазақстан азаматтары мен Қармақшы, Арал, Қазалы аудандарының тұрғын­да­рына медициналық көмек көрсетуге негізделген.

– Бүгінде орталық филиалында Байқоңыр қаласы мен Төретам кенті, Ақай елді мекендерінен тіркеуде тұрған 6 мыңға жуық диспансерлік науқас бар. Емдеу мекемесі 170 орынға негізделген. Ауруханада балалар бөлімі, хирургия, оңалту, күн­дізгі стационар сынды бөлімшелер жұмыс жа­сай­ды. Перзентхана бойынша екі жақты келі­сім негізінде босанатын әйелдерді Ресей ауруханасына жіберіп отырамыз. Ем алу бойынша Қызылорда қаласына жолдама береміз. Жалпы елімізде медициналық көмек аясы кеңейіп келеді. Алматы, Астана сынды ірі қалаларда да емдеуге толық мүмкіндік бар. Дәрі-дәрмекке де тапшылық сезілмейді. Тек орталық филиалында дәрігер жетіспеушілігі қиындық туғызып тұр. Жедел жәрдем қызметі де Ресей тарапынан бірлесіп атқарылып келеді. Бұл мәселе рет-ретімен шешімін табады деп ойлаймын. Сондай-ақ, МРТ, томография сынды кейбір медициналық жабдықтарға да мұқ­таждық бар. Алайда, науқастарды көршілес Қазалы ауданы мен Қызылорда қаласына арнайы жолдамамен жіберіп отырамыз, – дейді бас дәрігердің орынбасары Жұмақыз Баймұхамбетова.

Бүгінде жұлдызды қалашықта Ресей азамат­тығын алып, тұрғылықты мекен-жайы бойынша қазақстандық емдеу мекемесінен ем алуға да мүмкіндік қарастырылған. Сондай жанның бірі Бибі­сара Бисенова аурухананың оңалту бөлімінде тұрақты түрде ем алып тұрады. Ол аурухананың қызмет көрсету сапасына ешқандай сын айта алмайтынын алға тартты.

– Өзім 3-ші топ мүгедектігін алған жанмын. 2021 жылы алғаш рет инфаркт алып, ауруханаға түстім. Содан бері жыл сайын жатып, ем алып тұрамын. Медициналық көмек сапасына көңілім толады. Ешқандай шағым жоқ. Дәрігерлер қолдан келген көмегін аянып қалған емес, – дейді тағы бір ем алушы Сәбит Баймұратов.

Қазіргі таңда байқоңырлықтардың бас ауруына айналған негізгі мәселенің бірі  Ресей тарапынан  медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілмеуі болып тұр. Соған орай екі елдің денсаулық сақтау саласы бойынша министрлері байқоңырлық 4 мыңға жуық зейнеткердің емдеу мекемелерінен тегін медициналық көмек алуына мүмкіндік жасау мәселесін реттеп жатыр екен. 

Жұлдызды қалашықта алғаш қазақ мектебі болып ашылған білім ошағының бірі №277 мектеп-лицей. Бүгінде облыстық білім басқармасына қарасты 1200 орындық бұл мектептің үздіксіз жұмыс жасап тұрғанына 10 жылға жуықтапты. Мек­теп директоры балаларға сапалы білім алуға барлық жағдай жасалып отырғанын алға тартады.

– «Мектеп 2015 жылы Қазақстанның білім беру стандартына ауысты. Оған дейін Ресей стан­дартымен білім алатынбыз. Бүгінгі таңда мектебімізде 1351 оқушы таза қазақ тілінде білім алады. Сондай-ақ мектепалды даярлық тобы­мызда 26 бала тәрбиеленуде. Материалдық-техникалық базамыз кеңейді. Оқулықпен қамту ісінде де мәселе жоқ», – дейді мектеп директоры Жұмагүл Тілеуғабылова.

Негізінен ғарышты қалашықта 5 қазақ тілді білім ұясы мен балабақшалар болса, оның барлығы да заман көшінен қалмай, сапалы білім, саналы тәрбие беруге жұмыс жүргізіп келеді екен.

Ертеректе жұлдызды қалашықтағы 12 мектеп­тің барлығы Ресей федерациясына тиесілі болды. Бүгінде ғарышты қалашықта 5 мектеп Қазақ­стан меншігіне өтіп, толық қазақша білім беру стан­дартына көшірілген. Бұл білім ұйымдары Қармақшы ауданының білім бөліміне қарайды. Бұған дейін Ресейдің білім беру стандартына сәйкес, көптеген мектептерде қазақ тілі мен Қазақстан тарихы пәні оқытылмайтын еді. Бұл мәселе де уақыт өте келе екі жақты үкіметаралық комиссияда қаралып, бір шешімге келіпті. Соның негізінде өткен жылы Ресей меншігіндегі бір мектепке қазақ пәндері енгізілсе, биыл қалған 6 мектепке де осы оқу пәндерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, жұлдызды қалашықтағы білім беру сапасын арттыру мақсатында келесі жылдың басынан бастап Байқоңырдың өзінен білім бөлімін ашып, жұмыс сапасын арттыруды көздеп отыр. Оған Байқоңыр қаласы мен Төретам кенті, Ақай ауылындағы, барлығы 20-ға жуық білім беру меке­мелері қарайтын болады.

Байқоңырда кәсіп ашып, нәпақа табуға да кедергілер көп. Себебі, 1994 жылдың аяқ жағында жасалған арнайы келісім-шартта Қазақстан аума­ғындағы Байқоңыр қаласының ішінде тек Ресей мемлекетінің салық заңнамасына сәйкес жұмыс атқарылуы тиіс деп көрсетілген. Соған сәйкес әрбір кәсіпкер өз салығын осы мемлекетке төлеу талап етіледі.

Осы мәселеге орай қазақстандық кәсіпкер­лердің Қазақстанның салық заңнамасына сәйкес Байқоңыр қаласында жұмыс жасауына мүмкіндігін арттыруға байланысты екі жақты келісімге өзгеріс енгізу жолдары қарастырылып жатыр екен.

Сонымен қатар Байқоңыр халқына зейнетақы төлеу, әлеуметтік бағдарламаларға қатысу мүмкін­дігін шектемеу бағытында да бірқатар жұмыстар қолға алына бастаған.

Жалпы жұлдызды қалашықта Ресей меншігі­нен Қазақстан тарапына қайтарылып жатқан ғимараттар қатары да артып келеді. Негізінен қалада 351 тұрғын үй бар. Соның ішінде 80-ші жыл­дары салынған, күрделі жөндеу көрмеген үйлерді күтіп-ұстау көрші мемлекет тарапынан қиындық туғызып келеді. Соған орай бұл ғимараттарды жалдан шығару механизмі қарастырылып, өз меншігімізге өткен үйлерді жөндеу жұмыстарына қажетті қаражаттар сараланып жатса керек.

Сондай-ақ кәріз бен су жүйелерінің құбырларын ауыстыру жұмыстары қарқын алған.

Халық неге наразы?

Жұлдызды қалашықта бәрі де ертегідегідей өмір сүріп жатыр деп айтуға тағы келмейді. Жер­гілікті жұртшылықты сөзге тарта қалсаңыз, тұрғын үй, денсаулық саласы мен коммуналдық төлемдер төңірегінде мәселелер қылтиып көрініп қалады.

– Қалада тұрғын үйлер халыққа жалдық сипатта беріледі. Қанша жылдан бері баспананы жекешелендіру мәселесі көтерілгенімен еш нәтиже болмай тұр. Жұмыссыздық та жайлап кетті. Екі қолға бір күрек табу қиынның қиыны. Өйткені қалада жұмыспен қамту орталығы жоқ. Соның салдарынан халықты жұмыспен қамту мәселесі кенжелеп тұр. Бұған қоса емделуге келгенде кедергілер де көп. Негізінен бұл аумақта Төретам мен Ақай елді мекенін қосқанда 120 мыңдай халық бар. Соның ішінде Төретамда ем алатын аурухана жоқ. Ал Ақай елді мекенінде 10 орынға ғана лайықталған емдеу орны жұмыс жасайды. Сондықтан халық Байқоңыр қаласына келуге мәжбүр. Ал жұлдызды қалашықтағы емдеу мекемесінде орын тапшылығы сезіледі, – деп ағынан жарылды қала тұрғыны Кеңшілік Күзенбаев.

Халықтың пікіріне сүйенсек, қымбатшылық қамытын киген байқоңырлықтар жұмыс пен коммуналдық қызмет қинап тұр.

– 1982-ші жылдан бері осы қалада жұмыс істедім. Қазіргі уақытта Ресей заңымен зей­нет­керлікке шықтым. Зейнетақым Ресей валю­тасымен төленеді. Бірақ мөлшері өте аз. Ал қалада коммуналдық қызмет пен басқа төлемдердің бағасы аспандап тұр. Азық-түлікті іргедегі Төретам кентінен тасымалдаймыз. Жабық қалада заттар қымбат, – деп ашынады тағы бір тұрғын Күләш Сейілбаева.

Жалпы ашынған халық аймақ басшысынан қолдау күтетінін ортаға салды. Облыс әкімі Байқоңырға арнайы келіп, халықпен кездесіп, мән-жайды көзбен көрсе деген тілегін жеткізді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған