Ресми ақпарат бойынша: ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында республикада барлық деңгейдегі педагог кадрларды даярлау жөніндегі шаралар талқыланған.
Соңғы жылдары педагогикалық бағыттар бойынша тағайындалған гранттар саны бірнеше есе өсіп,15 923-ке жеткен. Олардың құны да екі есе өскен. Студенттердің шәкіртақылары да көтерілді. Сондай-ақ педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары күшейтілген.
Ал колледждер базасында педагогикалық мамандықтар бойынша 80 мыңнан астам студент, олардың 43 мыңы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда. Колледждер балабақша тәрбиешілерін, бастауыш сыныптары және қосымша білім берудегі, сондай-ақ еңбек пен музыка мұғалімдерін дайындайды.
– Бүгінде шамамен 5 мың педагог жетіспейді. Жыл сайын 50 мыңға жуық жас маман университет бітіріп шығады. Алайда олардың көпшілігі өз кәсібі бойынша жұмыс істемейді. Мұның себептері әртүрлі.
Мұғалімдердің жалақысын көтердік, оларды қосымша жүктемелерден, артық есеп беруден босаттық. Ағартушылық салаға дарынды жастарды тарту бойынша шаралар кешені қабылданды. Педагогикалық жоғары оқу орындарына түсуге қойылатын талаптар күшейтілді. Мұның барлығы – дұрыс.
Алайда мектептерде оқыту процесінің күрделі болуы, шамадан тыс талап қою және қалыптасып қалған “бәріне мұғалім кінәлі” деген қоғамдық пікір осы мамандыққа деген қызығушылықты төмендетіп жіберді. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығын қалайтын жастарды одан әрі қолдайтын болады.Жергілікті жерлердегі кадр тапшылығын азайтудың тиісті өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, 15 ақпанға дейін қабылдау керек, — деді Үкімет басшысы Ә.Смайылов.