Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы О.Искаков өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылған жұмыстар мен медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу саласына жүргізілген талдаулар туралы баяндады.
Өз кезегінде, аймақ басшысы әлеуметтік желідегі сыни пікірлердің көбісі дәрігерлердің қызметіне байланысты екенін атап өтіп, саладағы кемшіліктерге баса назар аударуды қатаң тапсырды.
– «Денсаулық сақтау саласында халық ықыласына бөленген білікті дәрігерлер аз емес. Алайда, қоғамда «ақша бермесең, дәрігер қарамайды» деген пікірлер де бар. Ем іздеп келген науқастардың жақындары «дәрігерлер оң көзімен қарасын» деген ниетпен, түрлі жолмен алғысын жеткізетінін жоққа шығара алмаймыз. Қоғамда қалыптасып қалған біржақты пікірлерді жоюға бар күш-жігеріңізді жұмсап, халық үніне құлақ аса отырып, дәрігерлер мен тұрғындар арасында дәнекер болуыңыз қажет. Бұл бағытта сындарлы диалог орнатудың тиімді тетіктерін қарастырып, жаңадан ұсыныс енгізіңіз», – деп облыс әкімі жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау басқармасының басшысы О.Искаковтан жаңа бастамалар күтетінін байқатты.