Нарықтық экономиканың дамуы мен азаматтық айналымның кеңеюі сақтандыру институтының қоғамдағы рөлін едәуір арттырды. Сақтандыру азаматтар мен заңды тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғаудың тиімді құқықтық тетігі болып табылады. Ол күтпеген жағдайлардың салдарынан туындайтын шығындардың орнын толтыруға және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған байланысты сақтандыру қатынастарының субъектілері арасында туындайтын даулардың саны да артып келеді. Мұндай даулар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатындықтан, олар азаматтық істердің маңызды санатын құрайды.

Қазақстан Республикасында сақтандыру қатынастарының құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және өзге де нормативтік құқықтық актілер құрайды. Аталған заңнамалық актілер сақтандыру шартының мазмұнын, тараптардың құқықтары мен міндеттерін, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібін және сақтандыру дауларын шешу тетіктерін белгілейді.

Сақтандыру даулары деп сақтандыру шартына байланысты сақтандырушы, сақтанушы, сақтандырылған тұлға немесе пайда алушы арасында туындайтын құқықтық келіспеушіліктерді түсінеміз. Мұндай даулардың туындауына сақтандыру төлемінен бас тарту, төлем мөлшерімен келіспеу, сақтандыру жағдайының орын алғаны жөніндегі пікір қайшылықтары, сақтандыру шартының жарамдылығы мәселелері немесе сақтандыру сыйлықақысын төлеуге байланысты міндеттемелердің орындалмауы себеп болуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларына сәйкес, Сақтандыру шарты бойынша бiр тарап (сақтанушы) сақтандыру сыйлықақысын төлеуге мiндеттенедi, ал екiншi тарап (сақтандырушы) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе шартта белгiленген сома (сақтандыру сомасы) шегiнде өзiнiң пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн төлеуге мiндеттенедi.

Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде сақтандыру шартында көзделген тәртіппен және жағдайларда өзге де төлемдерді жүзеге асыру жағдайлары көзделуі мүмкін.

Сақтандыру сақтандыру шарты негiзiнде жүзеге асырылады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы қоғамдық қатынастарды қоспағанда, түрлері, шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрлерін реттейтін жекелеген заңнамалық актілерінде белгіленетін, заңнамалық актілердің талаптарына орай жүзеге асырылатын сақтандыру, міндетті сақтандыру туралы талап, сақтандырудың түрлері мен ең төмен талаптары (оның ішінде сақтандыру объектісі, сақтандыру тәуекелдері және сақтандыру сомаларының ең төмен мөлшерлері) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленетін, ал сақтандырудың өзге де шарттары мен тәртібі тараптардың келісімімен айқындалатын сақтандыру (жүктелген сақтандыру).

Азаматқа өз өмiрiн немесе денсаулығын сақтандыру мiндетiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен де, шартпен де жүктеуге болмайды. Мiндеттi сақтандыру сақтанушының есебiнен жүзеге асырылады.

      Түрлері, шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрін реттейтін жекелеген заңнамалық актісінде белгіленетін міндетті сақтандыру экономикалық тұрғыдан негізді, көпшілікке ортақ және әлеуметтік-қоғамдық маңызды болған кезде енгізілуі мүмкін.

Сақтандыру міндеті Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінен туындамай, шартқа негізделген жағдайларда, мұндай сақтандыру міндетті болып табылмайды және осы Кодекстің 808-бабында көзделген салдарға алып келмейді.

Түрлері, шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрін реттейтін жекелеген заңнамалық актісінде белгіленген міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде сақтанушы Қазақстан Республикасының осы заңнамалық актісінде жазылған талаптарда сақтандырушымен шарт жасасуға міндетті.

Жүктелген сақтандыру кезiнде сақтандырушымен шарт Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген ең төмен талаптар сақтала отырып, тараптардың келісімінде айқындалған талаптармен жасалады.

Түрлері, шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрін реттейтін жекелеген заңнамалық актісінде белгіленген міндетті сақтандыру шарты сақтандырудың осы түрiн жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуы мүмкін. Түрлері, шарттары және тәртібі Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрін реттейтін жекелеген заңнамалық актісінде белгіленген міндетті сақтандыру шартын жасасу, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандырудың осы түрін жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар сақтандырушы үшін міндетті болып табылады.

Жүсіпов Телжан Қуанышбекұлы,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған