Banner

Қызылорда облысы полиция департаментінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының қызметкерлері блогерлер мен еріктілердің қатысуымен тұрғындар көп шоғырланатын саябақтарда және қала көшелерінде электрсамокаттарды пайдалану қағидалары бойынша кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда кеңінен насихаттау.

Түсіндіру барысында азаматтарға электрсамокаттарды пайдалануға қатысты заңнамаға енгізілген жаңа талаптар жеткізілді.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Енді әрбір жалға берілетін электрсамокатқа арнайы тіркеу нөмірі беріледі. Бұл құқық бұзушылықтарды бейнебақылау камералары арқылы анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар электрсамокатты пайдаланатын әрбір азаматтың сақтандыру полисі болуы міндетті.

Заң талаптарына сәйкес кикшеринг компаниялары электрсамокаттардың техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге, олардың қозғалыс жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға, арнайы аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуге, самокаттардың ретсіз қалдырылуына жол бермеуге, олардың есебін жүргізуге және қажетті мәліметтерді ішкі істер органдарына ұсынуға міндеттеледі.

Сондай-ақ жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға жолдың жүріс бөлігімен жүруге рұқсат етілмейді. Бұл талаптың сақталуын кикшеринг сервистері қатаң бақылауы тиіс.

Электрсамокаттар велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен қозғалуы қажет. Ондай жолдар болмаған жағдайда ғана жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге болады. Тротуарда қозғалу кезінде жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс.

Ал 2026 жылғы 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне толықтай тыйым салынады.

Жолдың жүріс бөлігімен тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігінің кез келген санаты бар және арнайы қорғаныш шлемін киген азаматтарға ғана жүруге рұқсат етіледі.

Сонымен қатар электрсамокатпен жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түспей өтуге, сондай-ақ қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз автомобиль жолымен жүруге тыйым салынады.

Қызылорда облысы полиция департаменті азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, өз қауіпсіздігі мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Заң талаптарын сақтау – жол-көлік оқиғаларының алдын алып, қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңызды кепілі.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған