Биыл 13 жылдан соң 25-қазан Республика күні ретінде қайта бекітіліп, Ұлттық мереке мәртебесі берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қыркүйек күні тиісті заңға қол қойды.
Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана енгізілді. 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгертілуіне байланысты, 25 қазан – Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталған болатын.
Ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, Республика күні еліміздің мемлекеттілікке деген батыл қадамының нышаны болуы тиіс деді. Президенттің айтуынша, Республика күні еліміздің мемлекеттілікке батыл қадам жасауының символына айналуы тиіс.
Бұл тарихи және өте маңызды шешім болды. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Сондықтан бұл күннің ұлттық мереке ретінде белгіленуі заңдылық. Себебі 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Декларацияға сәйкес, Республика маңызды мәселелерде – әлеуметтік, экономикалық, мәдени, ұлттық құрылыста шексіз егемендікке ие болды. Республиканың барлық байлығы, оның ішінде жер асты байлығы Қазақ КСР-нің айрықша меншігі болып жарияланды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді.
Тарихи кезеңдегі Декларация Қазақстанның әлемнің басқа мемлекеттерімен экономикалық, саяси және мәдени қатынастарды дербес дамытуға құқығы бар екенін жариялады. Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларация мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы нақты, ірі қадам деп толық негіздемемен есептеуге болады. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Бұл – бүкіл халқымыздың, ата-бабамыздың жерінің, тілінің өзінше тәуелсіздігі болуы, өзінше мемлекет болуы аңсаған арманы еді.
Қорыта айтқанда Республика күні – еліміздің тәуелсіздік жариялауына негіз болған айтулы күн екенің білеміз. Сондықтан Тәуелсіздігіміздің кірпішін қалап берген бұл күнді Ұлттық мереке етіп өткізу – Қазақстан халқының қуанышы әрі тарихи маңызды оқиғаға берілген әділ баға деп айтуға болады.
Қалалық №2 сотының судьясы
Жакеева Жұлдыз Жақсыбайқызы