Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық кездесу өткізілді
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Әли Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейінде жоғары сынып оқушыларымен «Өмір – баға жетпес құндылық» тақырыбында профилактикалық кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараға Қызылорда қаласы Полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімінің өкілі, полиция майоры Мерей Тишбаев қатысып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында жасөспірімдердің психологиялық саулығын сақтау, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, құқықтық жауапкершілік, өмірлік қиындықтарды еңсере білу және қиын жағдайға тап болған кезде дер кезінде көмек сұраудың маңыздылығы кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар оқушыларға әрбір адамның өмірі баға жетпес құндылық екені, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау және айналасындағы адамдарға құрметпен қарау қажеттігі түсіндірілді.
Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, өмірге деген жауапкершілігін қалыптастыру, психологиялық қолдау мәдениетін дамыту және қауіпсіз орта құруға ықпал ету.
Өмір – адамға берілген ең қымбат сый! Әрбір баланың өмірі мен қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Балаға қолдау көрсету, оны тыңдау және түсіну – жарқын болашақтың кепілі.