Еліміздің Конституциясының 76-бабында «сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды» – деп көрсетілген. Яғни адамның басты байлығы оның өмірі болса, сол өмірінің қорғалуын соттар жүзеге асырады. Ал осындай жауапкершілікті мойнына арқалаған сот төрелігін іске асырушы судьяларға қойылар талап та тым жоғары болатындығы заңдылық.
Осы бағытта уақыт талабына сай еліміздің сот жүйесінде мінсіз сот корпусын қалыптастыру бойынша бірқатар шаралар атқарылып, түрлі реформалар жүзеге асырылып келеді.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, судьялар Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын бұлжытпай сақтауға, судьяның антына адал болуға; сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi өзiнiң конституциялық мiндетiн орындаған кезде, сондай-ақ қызметтен тыс қарым-қатынаста судья әдебi талаптарын сақтауға және судьяның беделi мен қадiр-қасиетiн түсiретiн немесе оның адалдығына, әдiлдiгiне, объективтiлiгi мен алаламаушылығына күмән туғызатын барлық нәрседен аулақ болуға; сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрiнiстерiне және сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi қызметке заңсыз араласу әрекеттерiне қарсы тұруға; судьялар кеңесiнiң құпиясын сақтауға мiндеттi деп бірнеше қатаң талаптар қойылған
Судьялық лауазымға өту кезінде де талаптар біршама қатаңдатылған. Судьялық лауазымға алғаш қабылданатын тұлға отыз жасқа толған, жоғары заң бiлiмi, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері, мiнсiз беделі және заңгерлік кәсібі бойынша кемiнде бес жыл жұмыс өтілі бар, біліктіліктілік емтиханын тапсырған Қазақстан Республикасының азаматы болуы шарт.
Демек судьялық қызметке кез-келген адамның келмейтінін, өзінің жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттерін дамытқан үміткер қана келе алатынын аңғаруға болады.
Соттар қандай да сот істерін қарау барысында тәуелсіз әрі нақты істер бойынша ешкімге есеп бермейді. Судьяның актісін жоғарғы тұрған сот органының ғана өзгертуге, күшін жоюға құғығы бар.
Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов 2018 жылы берген сұқбатында «көп жағдайда соттың шешімдерімен, үкімдерімен көбісі келіспей жатады. Өздерінің наразылықтарын Жоғарғы сот сатыларына білдіреді. Әрине, оның бірнеше себебі бар. Басты себептің бірі — сот шешімдерін, үкімдерін түсінбеу. Біз осы жөнінде бір ай бұрын үлкен талқылау жүргіздік. Азаматтық істер бойынша қабылданған сот шешімдері қандай болуы керек? Сол жөнінде бірнеше нормативтік талаптар туралы қаулы қабылдадық» – деген болатын
Бұл жағдайда, соттар тек қана сот төрелігін іске асырып, әділ шешім қабылдаушы ғана емес, әрбір қабылдаған шешім-қарарларын халыққа жеңіл әрі түсінікті жазуы қажет екенін, судьяға қойылатын басты талаптардың бірі де осы екен аңғаруға болады.
Көп жағдайда судьяларға тек қана заңгер ретінде қарайды. Бұл қате ұғым. Сөзімнің басында айтып кеткендей, судьялар жоғарғы мораль иесі, жан-жақты дамыған, «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» екі жаққа да тиімді шешім қабылдайтын, ақиқатты қарадан қараңғыда шам ұстағандай етіп ажырата білетін көреген, дауласқанды бітімге шақыратын татуластырушы тұлға.
Осындай судьялар ғана сот төрелігін іске асырады, осындай талапты бойына сіңдіре алған судья ғана сот жүйесіне кімнің де болсын күмәнмен қарауына жол бермейді.
Судьяларға қойылған талаптар қатаңдаған сайын жауапкершілік те арта түспек. Сондықтан еліміздегі адам бостандығының басты құндылығын іске асырушы тұлғалардың жауапкершілігін көтеру арқылы, сот билігін одан әрі дамытамыз.
Н.Еламанов
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы.