Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ, өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші.

Әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын, Әдеп кодексін, осы Ережені, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерін басшылыққа алады.

 Әдеп жөніндегі уәкіл дербес лауазымы аумақтық бөлімшелері не ведомстволарының аумақтық бөлімшелері, шет елдегі мекемелері бар орталық мемлекеттік органдарда, сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің аппараттарында енгізіледі.

Аумақтық бөлімшелері не ведомстволарының аумақтық бөлімшелері жоқ мемлекеттік органдарда, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволарында және аумақтық бөлімшелерінде, орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде, шет елдегі мекемелерде, тексеру комиссияларында, облыстық маңызы бар қалалар, аудандар, қалалардағы аудандар әкімдерінің аппараттарында әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары әкімнің кеңесшісіне не мемлекеттік органның бірінші басшысының кеңесшісіне жүктеледі. Кеңесші лауазымы болмаған кезде әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары жоғарыда көрсетілген мемлекеттік органдардың өзге қызметшілеріне жүктеледі.

Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшіге жүктеледі.     

Әдеп жөніндегі уәкіл дербес лауазымын атқаратын адамдар мемлекеттік органның бірінші басшысына бағынады, осы мемлекеттік органдардың құрылымына кіретін ведомстволардың және аумақтық бөлімшелердің, шет елдегі мекемелердің, аудандық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың әдеп жөніндегі уәкілдерін үйлестіреді және оларға әдіснамалық басшылықты жүзеге асырады.

Әдеп жөніндегі уәкіл өз құзыреті шегінде мынадай функцияларды жүзеге асырады мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді, мемлекеттік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына ықпал етеді, мемлекеттік орган басшылығының тапсырмасы не мемлекеттік орган басшысы берген өкілеттіктер шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды, ұжымда жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес келетін өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдеседі, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады, мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері басшыларының қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша тиісті шаралар қабылдамау жағдайлары туралы мемлекеттік органның басшылығына хабарлайды, мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін бұзған жағдайларда құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларға талдау жасайды және мемлекеттік органның басшылығына оларды жою туралы ұсынымдар енгізеді, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін бұзудың профилактикасы және оған жол бермеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыру мақсатында азаматтық қоғам институттарымен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасын және Әдеп кодексін сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік қызметшілерге түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді, заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті лауазымды адамдарға қызметтік әдеп нормаларын бұзуға жол берген мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығын қарау туралы ұсыныммен жүгінеді, қызметтік әдеп нормаларын бұзудың профилактикасы мақсатында өзге де қызметті жүзеге асырады.

Асанова Мөлдір Әбдіғабпарқызы,

ҚР Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі уәкілі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған