Еліміз бойынша 29 қарашада өтетін жергілікті мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында Қызылорда аймағында облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттығына 455 үміткер бақ сынайды. Олардың арасында билік өкілдері, кәсіпкерлер мен өндіріс басшылары, мемлекеттік қызметшілер, дәрігерлер мен мұғалімдер, ауыл шаруашылығы мамандары мен қоғамдық ұйым жетекшілері, БАҚ өкілдері бар. Бұл сайлаудағы үміткерлердің кәсіби құрамы мен саяси партиялардың бағдарламаларына назар аударсақ, өңірдің дамуында қандай салаларға басымдық беріліп отырғанын аңғаруға болады.

БІР МАНДАТҚА ҮШ ҮМІТКЕР

Бұл жолғы мәслихат сайлауының басты ерекшелігі – облыстық мәслихатқа депутат болуға аралас сайлау жүйесінің қолданылуы. Яғни депутаттық мандаттардың бір бөлігі партиялық тізім арқылы, екінші бөлігі бірмандатты сайлау округтері арқылы дауысқа түседі.

Қызылорда облыстық мәслихатына 16 округ бойынша бір мандаттық округіне 48, қалалық мәслихатқа 23 округ бойынша 69 кандидат және аудандық мәслихаттарға 97 округ бойынша 292 кандидат тіркелді. Осылайша, сайлау округтері бойынша 409 кандидат тіркеліп, әрбір депутаттық орынға үш адамнан үмітті.

Ал партиялық тізім бойынша «Әділет», «Ақ жол» және «Ауыл» партиялары облыстық мәслихатқа барлығы 46 кандидат ұсынған. «Әділет» партиясының тізімінде 40 үміткер болса, «Ақ жол» мен «Ауыл» партияларының әрқайсысы үш кандидаттан ұсынған.

Яғни бірмандатты округтерде 409 кандидат болса, партиялық тізімдерге 46 кандидат тиесілі. Жалпы саны – 455 үміткерді құрайды.

Биылғы мәслихатқа депутаттыққа үміткерлер­дің 314-і ер адам, 95-і әйел адам. Ал партиялық тізім бойынша кандидаттардың құрамын 36 ер адам және 10 әйел адам құрайды. Бұл мәліметтер үміткерлердің құрамында ер азаматтар басым екенін аңғартады.

Сайлаудың тағы бір ерекшелігі – облыстық мәслихатқа партиялық тізіммен ұсынылған азаматтардың арасында билік өкілдерінің, кәсіп­керлердің және әлеуметтік салалардың басшы­лары бар. Мәселен, «Әділет» партиясының тізіміне Қызылорда қаласының әкімі, облыс әкімі­нің орынбасары, аудан әкімі, денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары, кәсіпкерлер мен өндіріс орындарының жетекшілері енгізілген. Ал «Ақ жол» және «Ауыл» партияларының тізім­дерінде қоғамдық ұйым, кәсіпкерлік және аграрлық сала өкілдері бар.

КАНДИДАТТАРДЫҢ КӘСІПТЕРІ ҚАНДАЙ?

Үміткерлердің қызмет саласына көз жүгірт­кенде, олардың кәсіби құрамы әртүрлі бағытты қамтитынын байқауға болады. Облыстық мәсли­хат депутаттығына ұсынылған кандидаттар ара­сында мұнай-газ, құрылыс, банк-қаржы, ауыл шаруа­шылығы және коммуналдық шаруашылық салаларының басшылары мен кәсіпкерлер бар. Сонымен қатар облыстық және қалалық ауруханалардың, емханалардың бас дәрігерлері, білім беру ұйымдарының жетекшілері, мәдениет мекемелерінің басшылары да, журналистер де депутаттыққа үміткер ретінде тіркелген.

Қалалық мәслихатқа ұсынылған кандидат­тардың кәсіби құрамына қарағанда, кәсіпкерлік пен бизнес саласының өкілдері едәуір орын алады. Сонымен қатар мемлекеттік басқару, білім беру, мәдениет, спорт, банк және қаржы, құрылыс пен коммуналдық шаруашылық салаларында еңбек ететін азаматтар да бар. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де депутаттыққа үміткер ретінде тіркелген. Осы құрам қалалық мәслихатқа әртүрлі кәсіби ортадан шыққан азаматтардың қатысып отырғанын көрсетеді.

Аудандық мәслихатқа ауыл шаруашылығы бас­шылары, су шаруашылығы мекемелерінің маман­дары, коммуналдық кәсіпорын директорлары, білім беру ұйымдарының жетекшілері мен мемле­кеттік қызметшілердің болуы ауыл аймақтардағы күнделікті мәселелердің шешілуіне де ықпал болары сөзсіз.

Әрине, бұл мәліметтер барлық кандидаттардың кәсіби бағыттары бойынша толық статистикалық көрсеткішті білдірмейді. Дегенмен тізімдерді тал­дағанда бизнес пен өндіріс өкілдерінің, басқару тәжірибесі бар тұлғалардың көптеу екенін аңғаруға болады.

ӘР ПАРТИЯДА ӘРТҮРЛІ БАСЫМДЫҚ

Кандидаттар құрамымен қатар сайлау науқа­нының негізгі мазмұнын партиялардың бағдар­ламалары айқындайды. Қызылорда облысында «Әділет», «Ақ жол», «Ауыл» және «Республика» партияларының облыстық деңгейдегі ұсыныстары мен республикалық саяси бағдарламалары әртүрлі бағытты қамтиды.

Оларды салыстырғанда «Әділет» партиясы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, «Ақ жол» кәсіпкерлік пен экономикалық еркіндікке, ал «Ауыл» аграрлық сектор мен ауыл­дық аумақтардың әлеуетін арттыруға басымдық беріп отырғанын көреміз. Одан бөлек «Respublica» кәсіпкерлік пен экономиканы алға жылжытуды негізге алған.

«ӘДІЛЕТ»: ТҰРҒЫН ҮЙ, ЖОЛ ЖӘНЕ ӨНДІРІС

«Әділет» партиясының Қызылорда облысын 2031 жылға дейін дамытуға арналған өңірлік бағдарламасында нақты сандық көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, алдағы бес жылда облыста 4,7 млн. шаршы метр тұрғын үй салу, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 98 пайызға жеткізу, өңдеу өнеркәсібінің көлемін 440 млрд. теңгеге дейін арттыру және негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 2,182 трлн. теңгеге жеткізу міндеттері көрсетілген.

Сонымен қатар инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, су құбыры желілерін жаңарту, Талдыарал елді мекенінде қосымша ұңғыма орнату, биологиялық тазарту станциясын жаңғырту, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерін жақсарту мәселелері қамтылған.

Бұл бағыттар Қызылорда облысының бүгінгі қажеттіліктерімен тығыз байланысты. Әсіресе тұрғын үйге сұраныстың артуы, ауылдардағы жол сапасы, ауызсу мен электр желілерінің жағдайы халықты толғандыратын мәселелер қатарында.

 «АҚ ЖОЛ»: КӘСІПКЕРЛІК ПЕН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЕРКІНДІК

«Ақ жол» демократиялық партиясының «Өзгерістер қажет» атты саяси бағдарламасында жеке кәсіпкерлікті дамыту, шағын және орта биз­несті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту, отандық өндірісті өркендету және мемлекеттік органдардың бизнеске араласуын шектеу мәсе­лелері негізгі орын алады.

Партия экономиканы әртараптандыру, адал бәсекелестікті қалыптастыру, жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарын ашуды ұсынуда. Сонымен қатар жастар, әйелдер мәселесі және әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға назар аударады. Экономиканың тұрақтылығы үшін шикізат өндірумен ғана шектелмей, дайын өнім шығаратын кәсіпорындарды көбейту маңызды. Мәселен, күрішті терең өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайын тауарға айналдыру, құрылыс материалдарын өндіру және шағын өндіріс орын­дарын ашу жаңа жұмыс орындарын қалыптас­тыруға мүмкіндік береді.

«Ақ жол» бағдарламасының тағы бір маңыз­ды тұсы – өңірлерді дамытуда жергілікті мәслихат­тардағы депутаттық фракциялардың рөлін күшей­туге мән беруі. Бұл жергілікті бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын бақылау және кәсіпкерлердің мүддесін қорғау тұрғысынан маңызды.

 «АУЫЛ»: АГРАРЛЫҚ СЕКТОР МЕН СУ МӘСЕЛЕСІ

 «Ауыл» партиясы аграрлық секторды қаржыландыруды жетілдіруді, фермерлерге қолжетімді несие беруді, ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамытуды және өнімді өңдеу мен өткізу жүйесін жақсартуды ұсынады. Аграрлық секторға мамандандырылған Агробанк құру бастамасы да осы бағыттағы ұсыныстардың бірі.

Сонымен бірге партия ауылдық инфрақұ­рылымға ерекше көңіл бөледі. Алдағы үш жылда өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларға жалпы сипаттағы трансферттер арқылы 9 трлн. теңгеден астам қаражат бағытталуына ықпал ету, ауылдық жерлерде жоғары жылдамдықты интернеттің қолжетімділігін кеңейту және шалғай аумақтарды дамыту көзделген.

Соңғы жылдары су тапшылығы мәселесі аграрлық саланың ең күрделі проблемаларының біріне айналды. Сондықтан каналдарды жаң­ғырту, су үнемдеу технологияларын енгізу, егіс құрылымын әртараптандыру және фермер­лерді қолдау мәселелері аталмыш партия бағдарлама­сының басым бағыттарының бірі болуда.

«RESPUBLICA»: ҚҰРЫЛЫС ПЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

«Respublica» партиясының «Қуатты эконо­мика мен лайықты өмір» атты сайлауалды бағдар­ла­масында кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, тұрғын үй құрылысы, құрылыс сапасы, инфрқұрылым және жеке сектордың экономика­дағы үлесін арттыру мәселелері қамтылған.

Бұдан бөлек білім беру мен ғылымның сапасын арттыру, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау, инновацияны дамыту мәселелері көте­рілген. Денсаулық сақтау бағытында медициналық қызмет сапасын жақсарту, медициналық сақтан­дыру жүйесін жетілдіру және азаматтардың меди­циналық қызметтерге қолжетімділігін кеңейту ұсынылады.

Әлеуметтік саясатта көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау, жұмыспен қамту­ды ынталандыру және халықтың табыс табу мүмкіндіктерін арттыру мәселелері қамтылған. Сонымен бірге мемлекеттік басқаруды оңтайлан­дыру, қызметтерді цифрландыру және олардың халыққа қолжетімділігін арттыру да бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі.

БАҒДАРЛАМАЛАР МЕН КАНДИДАТТАРДЫҢ ҮЙЛЕСІМІ ҚАЛАЙ?

Төрт партияның бағдарламаларын олардың атынан ұсынылған кандидаттардың кәсіби құра­мы­мен салыстыру да маңызды.

Мәселен, «Әділет» партиясының облыстық тізіміндегі үміткерлер партия бағдарламасындағы өндіріс, инвестиция, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағыттарымен белгілі бір деңгейде үйлеседі.

«Ақ жол» партиясы кәсіпкерлік пен эконо­микалық еркіндікті негізгі басымдық етуде. Сон­­дық­тан оның кандидаттары арасында кәсіп­керлік тәжірибесі бар азаматтардың болуы бағдарламаның мазмұнымен сәйкес келеді.

Ал «Ауыл» партиясы аграрлық бағытты алға тартқандықтан, ауыл шаруашылығы, жер пайдалану, су ресурстары мен ауылдық инфрақұ­рылымды білетін мамандардың ұсынылуы ерекше маңызды.

Одан бөлек «Respublica» партиясының бағ­дарламасында көтерілген тұрғын үй құрылысы, құрылыс сапасы, инженерлік желілерге тиесілі мәселелерімен осы салаларға қатысы бар жауап­ты кандидаттардың үйлесімін аңғаруға болады.  

ҚАЛА МЕН АУЫЛ БІРДЕЙ ЕМЕС…

Сайлауалды бағдарламаларға зер салғанда, облыс орталығы мен аудандардың қажеттіліктері бірдей емес екенін де ескерген жөн.

Қызылорда қаласы үшін тұрғын үй құрылысы, қоғамдық көлік, жол сапасы, жылу, электр және су жүйелері, жаңа жұмыс орындары мен әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі өзекті.

Ал аудандарда жағдай өзгеше. Арал мен Қазалы үшін су тапшылығы, балық шаруашылығы, мал шаруашылығы және экологиялық мәселелер маңызды болса, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі мен Жаңақорған аудандарында суармалы егіншілік, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жол, ауызсу және ауылдық әлеуметтік инфрақұ­рылым мәселелері ерекше назар аударуды қажет етеді.

Мысалы, Қазалы ауданындағы су шаруашы­лығы мен аграрлық өндірісті дамыту мәселесі күріш шаруашылығының болашағымен байланысты. Арал ауданында экологиялық ахуал мен балық шаруашылығын дамыту маңызды. Ал Шиелі мен Жаңақорған аудандарында өндіріс орындарының әлеуетін пайдалану, ауыл шаруашылығы өнім­дерін өңдеу және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі өзекті.

Демек, облыстық деңгейдегі ортақ бағдарлама қалалар мен аудандардың ерекшеліктеріне қарай нақты жобалармен толықтырылуы тиіс. Әйтпесе барлық елді мекенге ортақ бірдей ұсыныс жасау жергілікті проблемалардың шешімін табуына жеткіліксіз болуы мүмкін.

САЙЛАУАЛДЫ УӘДЕ МЕН ДЕПУТАТТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК НЕМЕСЕ  САЙЛАУШЫ НЕНІ ЕСКЕРУІ КЕРЕК?

Мәслихат депутаттарын сайлаудағы ең маңыз­ды мәселе – бағдарламалардың орындалуы. Нақтырағы, сөз бен істің теңдігі.

Мәслихат жергілікті бюджетті бекітуге, оның орындалуын бақылауға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын қарауға және жергілікті биліктің есебін тыңдауға қатысады. Сондықтан депутаттық қызметтің тиімділігі тек сайлау кезінде берілген уәдемен емес, кейінгі нақты нәтижемен бағалануы керек.

Әлбетте, сайлауалды бағдарламалардың Сыр өңірі үшін маңызы жоғары. Неге десеңіз, облыстың тұрақты дамуы бір ғана саланың өркендеуімен шек­телмейді. Өндіріс дамымай жаңа жұмыс орын­дары көбеймейді, ауыл шаруашылығы қолдау таппай ауылдардың әлеуеті артпайды, ал инфра­құрылым жаңғырмай халықтың өмір сапасы жақсармайды.

Сондықтан сайлаушы партияның атауына, немесе кандидаттың лауазымына ғана бсымдық бермеуі керек. Оның орнына үміткердің аймақта қордаланған күрделі мәселелерді қаншалықты білетініне, қандай нақты ұсыныс жасайтынына, бұрынғы қызметінде қандай нәтиже көрсеткеніне және сайланған жағдайда халық алдында есеп беруге қаншалықты дайын екеніне назар аударған жөн.

Өйткені мәслихаттағы орын – мәртебе емес, қоғамдық жауапкершілік. Ал сайлауалды бағдар­лама – сайлаушыға берілген уәде ғана емес, оны орындауға бағытталған міндет.

А.Әлиарыстан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған