Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке еліміздің экономикалық әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, өнеркәсіпті дамыту және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер қойылды. Осы орайда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров инфрақұрылымды жаңғырту, көлік әлеуетін, энергетикалық кешенді және еліміздің өнеркәсіптік секторын дамыту туралы жасалатын жұмыстарды баяндады.
Баспасөз конференциясында Нұрлыбек Нәлібаев аталған салалар бойынша жыл басынан атқарылған жұмыстарды пысықтап, Жолдау негізінде жасалатын жұмыстарды тиянақты жеткізді. Одан бөлек брифинг барысында жрунлаистердің сауалдарына да жауап берді.
Журналист: Қазақстанда сирек металдарды игеру саласына шетелдік компаниялар, соның ішінде Қытай инвесторлары көптеп келіп жатыр. Олардың қызметі елдің ұлттық мүддесіне қаншалықты сай келеді?
Нұрлыбек Нәлібаев: Үкімет бұл мәселелердің барлығын қарап жатыр. Ең алдымен мемлекеттің мүддесі ескеріледі. Шетелдің озық технологияларын елімізге енгізуіміз қажет. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, салық түсімдері көбейеді. Қытайдың технологиялық мүмкіндіктері қазіргі уақытта өте жоғары. Оның технологиялары еліміздің өңірлерінде де қолданылып жатыр. Алайда барлық жағдайда Қазақстанның ұлттық мүддесі бірінші кезекте тұрады.
Мұндай мәселелерді заңгерлер мен арнайы комиссиялар қарайды. Шешімді бір адам, немесе бір министрлік қабылдамайды. Ең алдымен жобаның мемлекет үшін тиімділігі бағаланады.
Журналист: Арал – Каспий автожолының құрылысы қандай мақсатта жүргізіліп жатыр? Жоба қашан аяқталады? Қызылорда мен Ақтөбені байланыстыратын жолдың ерекшелігі қандай?
Нұрлыбек Нәлібаев: Қазір бірнеше ірі жол жобасы жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Арал – Каспий, Сексеуіл – Ұлғайсын, Ұлғайсын – Ақтөбе және Сексеуіл – Қызылорда бағыттары бар.
Жобалардың құрылысын өз көзіммен көріп қайттым. Қазір құрылыс алаңдарында 500-ден астам техника мен 1 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр.
Арал – Каспий автожолының басты ерекшелігі – бұл бұрыннан бар жолды қайта жаңғырту емес, құмды дала арқылы салынатын жаңа бағыт. Жол Арал ауданының Сексеуіл кентінен басталып, Бейнеу арқылы Ақтауға дейін жалғасады. Нәтижесінде Аралдан таңертең шыққан жолаушылар кешке Ақтауға жету мүмкіндігіне ие болады. Ал Қызылорда – Ақтөбе бағыты бойынша жалпы ұзындығы шамамен 1 200 шақырым болатын жол салынады. Жобаның жалпы құны 2,2 трлн. теңгеден асады.
Барлық құрылыс жұмыстарын 2026–2029 жылдары аяқтау жоспарланған.
Журналист: Қазақстанның шекаралық өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары қашан аяқталады?
Нұрлыбек Нәлібаев: Қазіргі уақытта еліміздегі 37 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен бірге мемлекеттік шекарадан бастап халықаралық автомобиль дәліздерінің бойында жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қолға алынған. Бұл жүк тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасауға және шекарадан өту мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Журналист: Қазақстанда мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне не себеп болды және өндіріс көлемін қалпына келтіру үшін қандай шаралар қабылданады?
Нұрлыбек Нәлібаев: Жыл басынан бүгінге дейін елімізде 69,4 млн. тонна мұнай және 47,4 млрд. текше метр газ өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда өндіріс көлемінің төмендеуі байқалады. Бұған сыртқы факторлар, атап айтқанда, Каспий құбыр консорциумына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасалған шабуылдар және Теңіз кен орнындағы өрт себеп болды. Өндірістегі шығындардың орнын толтыру мақсатында Теңіз және Қашаған кен орындарында жоспарланған жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Журналист: Қазақстанда мұнай өңдеу көлемін арттыру үшін қандай жобалар жүзеге асырылады? Жаңа мұнай өңдеу зауыты салына ма?
Нұрлыбек Нәлібаев: Қолданыстағы үш мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын арттыру жоспарланып отыр.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6 млн. тоннадан 12 млн. тоннаға, Павлодар мұнай-химия зауытын 5,5 млн. тоннадан 9 млн. тоннаға, Атырау мұнай өңдеу зауытын 5,5 млн. тоннадан 6,7 млн. тоннаға дейін жеткізу көзделген. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жылына 10 млн. тонна мұнай өңдейтін жаңа зауыт салу мәселесі қарастырылып жатыр.
Журналист: Қазақстанда жаңа әуежайлар қай өңірлерде салынады? Халықаралық әуе қатынасы қалай кеңейеді?
Нұрлыбек Нәлібаев: Қазір Алматы және Үржар әуежайлары жаңғыртылып, Шымкентте екінші ұшу-қону жолағы салынып жатыр. Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағы қайта жаңғыртылып, Арқалық әуежайы ашылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде үш жаңа әуежай салынуда. 30 қарашада Алматы – Токио бағытында алғашқы тікелей рейс ашылады. Ал, келесі жылы Вена, Нью-Йорк, Милан және басқа да бағыттар бойынша әуе қатынасын жолға қою жоспарланған.
Инфрақұрылымды дамыту және «Халықтық құрылыс». Президенттің тапсырмасына сәйкес 2029 жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн. теңге бағыттау көзделген.
Бұл бағыттағы жұмыстар Инфрақұрылымды дамыту қоры аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда жалпы құны 1,5 трлн. теңгені құрайтын 262 жоба мақұлданған. Оның ішінде 122 жобаны іске асыруға 497 млрд. теңге бөлінген.
Қаражаттың басым бөлігі халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін әлеуметтік және инженерлік нысандардың құрылысына жұмсалады.
Атап айтқанда денсаулық сақтау саласында 344 млрд. теңгеге 41 жоба іске асырылады. Оның аясында жаңа ауруханалар, емханалар, перинаталдық орталықтар мен перзентханалар салу жоспарланған.
Мәдениет, туризм және спорт саласына 266 млрд. теңге бөлініп, 23 нысанның құрылысы жүргізіледі. Білім беру саласында 101 млрд. теңгеге 28 жоба жүзеге асады. Олардың қатарында мектептер мен көпфункционалды кешендер бар.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға 369 млрд. теңге қарастырылып, 48 жоба іске асырылады. Ал сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға 284 млрд. теңге бағытталып, 55 нысан қамтылады. Жылумен және газбен жабдықтау саласында 136 млрд. теңгеге 67 жобаны жүзеге асыру көзделген.
Үкіметтің мәліметінше инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған қаражаттың тиімді жұмсалуы ерекше бақылауда болады. Осы мақсатта арнайы мемлекеттік комиссия құру мәселесі де қарастырылған.
Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты.
Сондықтан басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз.
Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ.
Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет.
Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек.
Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз.
(Жолдаудан)
Көлік-логистика әлеуеті артады. Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту экономиканы дамытудың маңызды бағыттарының бірі болып отыр.
Баспасөз конференциясында келтірілген мәліметтерге сәйкес биыл еліміздегі транзит көлемі 15 пайызға өскен. Жыл соңына дейін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесін 95 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар көлік саласындағы басқару мен қызмет көрсету жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Туризм мен өңірлік байланысты дамыту мақсатында Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі бағыттарында үш жаңа әуежай салу жұмыстары қолға алынған. Бұған қоса ұлттық жүк әуе тасымалдаушысы «Air Cargo» құрылды. Көлік қызметтерін бір жүйеге біріктіру үшін «Е-Көлік» бірыңғай зияткерлік платформасы іске қосылуда. Бұл бастамалар жүк тасымалын үйлестіруге, транзиттік операцияларды жеңілдетуге және саланың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Энергетикалық қуаттарды ұлғайтуға басымдық беріледі. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың мәлімдеуінше 2029 жылды қоса алғанда елімізде жалпы қуаты 13,3 ГВт болатын жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу жоспарланған. Оның 7,4 ГВт-ы базалық генерацияға, 5,9 ГВт-ы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Жоспарланған жобалардың толық жүзеге асуы электр энергиясының тапшылығын жоюға және елде 20 пайыздық профицит қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте дәстүрлі энергетикалық қуаттарды дамыту мен жаңартылатын энергия көздерін кеңейту қатар жүргізілмек. Негізгі мақсат – экономиканың өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етіп, энергетикалық тәуелсіздікті нығайту.
Өңдеу өнеркәсібінде өсім байқалады. Отандық өндірісті дамыту, импортқа тәуелділікті азайту және қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру – Үкіметке тиесілі негізгі бағыттарының бірі.
Биылғы тоғыз айда өңдеу өнеркәсібінің өсімі 8,6 пайызды құрап, өндіріс көлемі 24,2 трлн. теңгеге жеткен. Саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асты. Биылғы жылы құны шамамен 1,7 трлн. теңге болатын 200-ге жуық жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Өсімнің негізгі бөлігі машина жасау, химия, тамақ өнеркәсібі және фармацевтика салаларына тиесілі.
Өндірістік жобаларды іріктеу мен бағалаудың жаңа әдістемесі де бекітілген. Енді әрбір жоба нарықтағы нақты сұранысқа, қолданыстағы кәсіпорындардың өндірістік қуатына және қажетті ресурстардың қолжетімділігіне қарай қаралады.
Қазіргі жағдайда қуат көзінің жеткілікті деңгейде болуы әр мемлекеттің бәсекеге қабілетін, тіпті экономикалық дербестігін айқындайтын шешуші факторға айналды.
Осы кезеңді шын мәнінде «электр дәуірі» деп айтуға болады. Қазақстан өзінің шикізаттық артықшылығын энергетикалық және технологиялық тұрғыдан өрлеу үшін пайдалануға тиіс. Бұл – айрықша маңызды міндет.
Ашығын айтсақ, бұл тұста қордаланған мәселе өте көп.
(Жолдаудан)
Сонымен қатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес арасындағы байланысты нығайту мақсатында өндірісті дамытудың жаңа әдісі енгізілуде. Бұл бастамалар отандық кәсіпорындардың өндірістегі үлесін арттырып, ішкі нарықтағы қазақстандық өнімнің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Мұнай-газ өндірісіндегі көрсеткіштер және жаңа жобалар. Мұнай-газ саласында өндіріс көлемін сақтау, мұнай өңдеу қуатын арттыру және газды терең өңдеу бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылуда.
Биылғы тоғыз айда елімізде 69,4 млн. тонна мұнай және 47,4 млрд. текше метр газ өндірілген. Алайда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемінің төмендегені байқалады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың мәлімдеуінше өндірістегі шығындардың орнын толтыру мақсатында Теңіз және Қашаған кен орындарында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар мұнай өндіру көлемін арттыруға бағытталған жобалар жалғасуда. Атап айтқанда 2025 жылы Теңіз кен орнында іске қосылған Келешек кеңейту жобасы жылына қосымша 12 млн. тонна мұнай өндіруге мүмкіндік береді. Ал ағымдағы жылдың соңына дейін Қарашығанақ кен орнында газды кері айдауға арналған алтыншы компрессорды іске қосу жоспарланған. Бұл мұнай өндіру көлемін жылына 10–11 млн. тонна деңгейінде ұстап тұруға жағдай жасайды.
Мұнай өңдеу саласында да ауқымды жоспарлар бар. Биылғы тоғыз айда 14,1 млн. тонна мұнай өңделіп, 11,9 млн. тонна мұнай өнімі өндірілген.
Қазақстан – минералдар мен шикізатқа бай мемлекет. Бұл – біз үшін стратегиялық жетістік.
Сондықтан геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орындарын бұрынғы заманнан қалған әдістермен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық. Қазіргі таңда геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындауымыз керек.
Бізге озық технологиялардың көмегімен еліміздің жер қойнауын толыққанды зерттеп, деректердің ашықтығын және қолжетімді болуын қамтамасыз ету өте маңызды. Жаңа кен орындарын іздеу және барлау үдерісіне жеке қаражатты белсенді тартқан жөн.
(Жолдаудан)
Қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру көзделіп отыр. Атап айтар болсақ, Шымкент мұнай өңдеу зауытының жылдық қуатын 6 млн. тоннадан 12 млн. тоннаға дейін, Павлодар мұнай-химия зауытын 5,5 млн. тоннадан 9 млн. тоннаға дейін, ал Атырау мұнай өңдеу зауытын 5,5 млн. тоннадан 6,7 млн. тоннаға дейін кеңейту жоспарланған. Бұдан бөлек жылына 10 млн. тонна мұнай өңдейтін жаңа зауыт салу мәселесі қарастырылуда. Бұл жобалар еліміздің мұнай өнімдеріне деген ішкі сұранысын қамтамасыз етуге және өңдеу саласының мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Газдандыру деңгейі 80 пайызға жеткізіледі. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының мәлімдеуінше 2035 жылға қарай елімізді газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу көзделген. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 64,3 пайызға жетіп, 13,2 млн. адамның табиғи газды пайдалануына мүмкіндік жасалады деп күтілуде.
Газ өңдеу инфрақұрылымын дамыту аясында 2027 жылы Қашаған кен орнында жылына 1 млрд. текше метр, ал Жаңаөзен қаласында 0,9 млрд. текше метр газ өңдейтін зауыттарды іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар 2029–2030 жылдары Қашаған кен орнында қуаты жылына 2,5 млрд. текше метр және Қарашығанақ кен орнында 5 млрд. текше метр болатын газ өңдеу зауыттары пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән берген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта табысты жобалар бар.
Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Ал Түркістан облысында қытай компаниясы суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр.
Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақтылы қолдау көрсетуі керек.
(Жолдаудан)
Аса маңызды материалдар және геологиялық барлау. Еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту мақсатында аса маңызды материалдар саласына ерекше назар аударылуда. Осы бағытта Астана қаласында аккумуляторлар, жартылай өткізгіштер мен магниттер өндірісін дамытуға арналған Ұлттық зертхана құрылады. Зертхананың негізгі міндеті – аса маңызды материалдарды зерттеу, оларды өңдеу технологияларын жетілдіру және отандық өндірістің ғылыми-технологиялық базасын қалыптастыру. Сонымен қатар геологиялық барлау жұмыстарына жасанды интеллект технологиялары енгізілуде.
Дайындаған А.Әлиарыстан