Қала келбетіндегі оң өзгерістерге тұрғындар ғана емес, көп елдерде көрікті қалаларды көп көрген қала қонақтары да риза болуда. Облыс орталығында құрылыс қарқыны мен сәулеттің сәні артып,  архитектуралық кескін де алға жылжуда. Осы негізде Қызылорданың бас жоспарына, жаңа құрылыс аймақтарына, абаттандыру мен өркендету бағытындағы жоспарларға Қызылорда қаласы әкімдігінің «Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы» бөлімі тікелей жауапты. Аталмыш бөлім тарапынан жүргізілер жұмыс сан алуан. Бұл туралы «Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» КММ-нің басшысы Сырлыбаев Дінмұхамбет Мұратбекұлы баяндады.

– Қызылорданың архитектура­сын басқа қалалардан ерекшелен­діретін негізгі белгілер қандай?

– Жұрты әнімен, жері дәнімен танымал болған, Алаштың астанасы атанған Сыр шаһарының өзге қалалардан өзін ерекшелендіретін белгілері ең алдымен көне тарихи нысандары мен заманауи үлгідегі ғимараттары. «Әр елдің салты басқа»,- демекші біздің өңірдің орналасу ерекшелеріктеріне қарай сәулеттік жобалауда осы бағыттар міндетті түрде ескеріледі. Шежірелі шаһардың архитектуралық кескіні кеше немесе бүгін емес, көне жылдардан бастау алып, қаланғаны белгілі. Тереңнен тамыр тартқан тарихымызға көз жүгіртіп қарасаңыз қаланың архитектуралық келбеті бірнеше кезеңнен тұрғанын аңғарасыз. 1925–1929 жылдары қала астана болған кезеңдегі кеңестік сәулеті де, тәуелсіздік жылдарындағы заманауи нысандар да бір-бірімен үйлесім тапқан. Қаламыздың ерекшелігі салынған нысандардан бұрын, табиғаттың жаратылысынан бастау алады деуге негіз бар. Бұл ретте қаланың қақ ортасынан өтетін Сырдария өзенін айтуға болады. Шаһар дарияның бойында жайғасқандықтан, жағалау аймағы ерекше рөл атқарады. Сонымен қатар құрылыс нысандарының ұлттық нақыштардың құндылығын сақтаумен қатар бүгінгі заманауи әдістермен орайластырудың өзі қаламызға өзіндік сипат береді. Бүгінгі күнге дейін Қызылорда қаласын көбінде 5 қабатты үйлер ерекшелеп тұрса, бүгінгі күні 7,9,11 қабатты үйлер салынуда. Бұл да қаламызды ерекшелейтін болады.

– Қызылордадағы ең маңызды тарихи ғимараттар деп қай нысандарды атар едіңіз? Жалпы тарихи және сәулеттік маңызы бар ғимараттарды сақтау бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Қызылордадағы тарихи және сәулеттік маңызы бар нысандардың қатарында ең алдымен бұрынғы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі орналасқан ғимарат, Қорқыт ата мемориалдық кешені, сондай-ақ қаладағы ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басындағы тарихи ғимараттарды атауға болады. Ең көне нысандардың қатарында бүгінде республикалық маңызы бар 1878 жылы салынған Айтбай мешіті, 1884 жылғы бұрынғы казарма ғимараты, 1905 жылғы теміржол вокзалы және 1878 жылғы бұрынғы приход училищесі ғимараты бар.

Бұл нысандар мемлекеттің қор­ғауында. Соңғы жылдары Айтбай мешіті, теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тарихи ғимараттардың қасбеттері мен құры­лыс конструкциялары заманауи сипатқа ие болды.

Қазіргі Қызылорда – тарихи мұрасы сақталған, заманауи инфрақұрылымы дамып келе жатқан қала.

– Жаңа ғимараттар салынған­да қаланың тарихи келбетін сақтау қаншалықты ескеріледі?

–  Құрылыс нысаны ең алдымен еліміздің заң нормаларына сәйкес, жоғарыда атап өткенімдей өңірдің ерекшеліктеріне қарап жоспарланады. Иә, жаңа ғимараттар салынғанда Қызылорданың тарихи келбетін сақтау мәселесі ескеріледі. Әсіресе тарихи-мәдени мұра нысандары орналасқан аумақтарда жаңа құрылыстардың сәулеттік үйлесімділігі, ғимараттардың биіктігі, сыртқы көрінісіне және қорғалатын нысандарға оның әсеріне аса қатты мән берілген.Тарихи ғимараттарға жақын орналасқан нысандар үшін жобалар арнайы сараптамадан өтеді.

– Қызылорданың климаты мен Сырдарияның орналасуы ғима­рат­тарды жобалау­ға қалай әсер етеді?

– Ерлердің еліне деген ықыла­сын­дай, аналардың балаға деген махаббаты секілді жазда темпера­тура жоғары болғандықтан, ғимарат­тар­да көлеңке түсіретін элементтер, кеңірек шатырлар, желдету және күннен қорғайтын шешімдер қарасты­рылса, Сырдария маңындағы аумақ­тарда көгалдандыру, демалыс орындары мен жаяу жүргіншілер кеңістігін дамытуға мүмкіндік бар. Сонымен бірге суға жақын аумақтарды жоспарлағанда жағалаудың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне назар аударамыз. Біздің қаламыздың жазы ыстық, қысы қара салқын, желді күндер де жиі болады. Сондықтан ғимараттарды жобалау кезінде жылу оқшаулау, күн сәулесінен қорғау және тиімді желдету жүйелеріне, сондай-ақ энергия үнемдейтін материалдарды қолдануға басымдық беріледі.

– Қаланың бас сәулетшісі ретінде қала архитектурасына қандай өзгерістер еңгіздім деп айта аласыз? Қазіргі Қызылорданың архитектуралық келбетін қалай сипаттар едіңіз?

– Мен өзгерістер енгіздім деп айту әрине артық болар. Қандай ғимарат салынса да, өзгерістер жасалса да ең алдымен әріптестеріммен бірге жасалған жұмыстың жемісі деп есептеймін.

Өздеріңізге белгілі, Президенті­міздің «Таза Қазақстан» акциясы аясында біздің қаламызда соңғы жылдары қаланың сәулеттік келбетін жақсарту бағытында бірқатар жұмыс­тар атқарылды. Мысалы, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту, қоғамдық кеңістіктер мен аллеяларды абаттандыру, Сырдария жағалауын дамыту жобалары іске асырылуда.

Ең басты жаңалығымыз – елді мекеннің кешенді дамуын айқындайтын негізгі құжат – қаланың Бас жоспары. Әрбіріміздің жеке куәлігіміз секілді, бас жоспар да – қаланың басты құжаты. Алдағы дамуымыз осы құжатқа сәйкес нақтыланады. Сондықтан қаланы кеңейту мәселесі басты назарда тұр. Қаланың алғашқы Бас жоспары Кеңес Одағы кезінде 1984 жылы, одан кейін 2007 жылы әзірленіп, 2009 жылы Үкіметпен бекітілген. Оның қолданылу мерзімі 2025 жылға дейін белгіленген болатын.

Жаңа жоспарда қала аумағы кеңейтіліп, қаланың шекарасы 20 700 гектар болып мақұлданды. Жобаға «ПМК-66» «Эдельвейс», «Орбита», «Сабалақ», «Ягодка», «Еңбек», «Овбоднитель» саяжайларын қала аумағына кіргізу жоспары қамтылды.

Жоба мемлекеттік сараптаманың қарауына ұсынылды.

Әріптестерім абаттандыру жұмыс­тарымен де айналысып, бірқатар нысандардың эскиздік жобаларын әзірледі. Атап айтқанда 53 көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетін қаптау бойынша эскиздік жобалар дайын­далды. Назарбаев даңғылының бойын­дағы, Тағзым алаңы, Қорқыт ата мемориалдыаллеясына абаттандыру жұмыстары жасалып, Тәуелсіздік және Яссауи көшелерінің бойында жалғасын тапты.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аумағына тиесілі бота­никалық саябақты, қалалық сая­жай аумағында және Әуежай алды­нан бастап үлкен көшеге дейінгі аумақ­та жүргізілетін абаттандыру жұмыстарының эскиздік жобалары да бөлім мамандарының туындысы.

Қаланың бас жоспарынан бөлек Тасбөгет, Қызылжарма және Досан елді мекендеріне де бас жоспар әзірленіп жатыр. Қалаға қарасты кент пен ауылдық округтердің бас жоспарын әзірлеуге «МПК-Проект» ЖШС-і демеушілік ретінде ұсыныс білдіріп, жобалау жұмыстарын жүргізді. Тасбөгет кентінің жобасына Экология және табиғи ресурстар министрлігінің келісімі алынып, мемлекеттік сарап­тамаға жоба тапсырылуда. Қызылжарма ауылдық округі бас жоспары мен Досан ауылының даму сызбасы жобалары Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қаралуында.

– Сәйкесінше, Қызылорданың болашақтағы архитектуралық дамуына көз жүгіртіп көріңізші… Қалай елестетер едіңіз?

– Қызылорда басқа ірі қалаларға еліктейтін емес, өзінің Сыр бойына, тарихына және қазақы мәдениетіне негізделген бірегей архитектуралық келбеті бар қала болады деп елестетемін. Жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ипподромды көшіру жөнінде де басшылықтың бірнеше ұсыныстары бар. Себебі аталған аумақта тұрғындар саны артқан жағдайда мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандар қажет болады. Балалардың білім алуы мен әлеуметтік жағдайының қамтамасыз етілуі – басты міндет. Қосымша тұрғын үйлер салу жоспарланғандықтан, соған сәйкес әлеуметтік нысандарды да алдын ала жоспарлау қажет. Сонымен бірге инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі де қатар жүруі тиіс. Осы және өзге де көптеген ауқымды жоспарлар бар. Олардың барлығы қаланың болашақтағы дамуын жүйелі түрде қамтамасыз етуге бағытталған.

– Қалада жаңа ғимараттарды жобалау кезінде қандай сәулеттік талаптар ескерілуі тиіс?

– Қала аумағында жаңа нысандар салу кезінде ең алдымен олардың жалпы қалалық даму жоспарына сәй­кес келуіне назар аударылады. Әрбір жобаның қоршаған ортаға әсері, тұрғындарға қолайлылығы мен қауіпсіздігі, энергияны тиімді пайдалануы және сәулеттік келбеті ескеріледі.

– Жаңа тұрғын үйлердің сәулеті мен орналасуына қатысты ше?

– Жаңа тұрғын үйлерді жобалауда ыңғайлы аула кеңістіктері, жасыл желек, автотұрақтар мен әлеуметтік инфрақұрылым міндетті түрде қарас­тырылады. Сыртқы келбеті біркелкі әрі эстетикалық болуы тиіс. Тұрғын үйлерді салу кезінде жел бағыты, күн сәулесі және көлік инфрақұрылымына аса назар аударылады. Біз тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға басымдық береміз.

– Сіздің ойыңызша Қызылорда­ға ғана тән өзіндік архитектуралық стиль қалыптасуы мүмкін бе? Жаңадан салынып жатқан ғимараттар мен тұрғын үйлердің архитектуралық кескіндері қай стильмен толығуда? Неліктен?

– Қызылордаға ғана тән өзіндік архитектуралық стиль қалыптастыруға толық мүмкіндік бар. Тіпті бұл қала үшін өте маңызды бағыттардың бірі деп ойлаймын. Себебі басқа қалалардан ерекшеленетін бірнеше табиғи, тарихи және мәдени факторы бар. Менің ойымша, ол міндетті түрде тек ұлттық ою-өрнекпен безендірілген ғимараттардан тұрмауы керек. Қызылорданың өзіндік архитектуралық стилі – ұлттық мәдениет, Сыр бойының табиғаты, тарихи мұра және заманауи технологияның үйлесімі болуы тиіс.

Мысалы, ғимараттардың қасбетінде қазақы ою-өрнекті шамадан тыс қолданбай, оны ғимараттың геометриясына, терезе пішініне, көлеңкелейтін конструкцияларына немесе қоғамдық кеңістіктерге енгізуге болады. Сонда ұлттық элемент жай ғана декоративті безендіру емес, ғимараттың архитектурасының бір “тіліне” бөлігіне айналады.

– Қазіргі таңда Қызылорда­ның архитектурасы мен қала құры­лы­сындағы ең өзекті мәселе қандай?

– Ең өзекті мәселелердің бірі – қаланың Бас жоспарын жаңарту және аумақты тиімді пайдалану. Сонымен қатар заңсыз құрылыстарды болдырмау, тарихи ғимараттарды сақтау және жаңа құрылыс сапасын арттыру мәселелері тұрақты назарда. Қаланың сәулеттік келбетін біркелкі ету және қоғамдық кеңістіктерді дамыту да маңызды міндет.

– Қалада құрылыс қарқыны мен архитектуралық сапаның арасындағы тепе-теңдік қалай сақталады?

– Құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, сапа бақылауы күшейтілген. Барлық жобалар сәулет-жоспарлау тапсырмасынан өтеді, мемлекеттік сараптамадан өткізіледі. Сыртқы бейнесі мен абаттандыру бойынша талаптар қойылады. Арнайы жұмысшы топтар заңбұзушылықтарды анықтап, тиісті шаралар қабылдайды. Сапа мен қарқынның тепе-теңдігі сонда ғана сақталмақ.

– Егер қала архитектурасына қатысты бір мәселені түбегейлі өзгерту мүмкіндігі берілсе, ең алдымен нені өзгертер едіңіз?

– “Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас” демекші өзгертер едім дегеннен өзгертер едік десем дұрыс болар. Ең алдымен, қаланың тарихи орталығы мен Сырдария жағалауын біртұтас, тұрғындарға қолайлы кеңістікке айналдырар едік. Жаяу жүргіншілер аймақтарын кеңейтіп, жасыл желек пен қоғамдық кеңістіктерді дамыту арқылы қаланың сәулеттік келбетін түбегейлі жақсартуға болады. Алдағы он жылдықта қаланы көркейтуге бағытталатын кезекті Бас жоспарға  Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округін қала аумағына ендіру бойынша жобаны да кірістірген жөн секілді.

– Сіздің ойыңызша Қызылор­даның ең көрікті сәулеттік нысан­дары, атап өтесіз бе? Мәселен, соңғы салынған ғимараттар және олардың жобасының өзіндік құнды­лығы мен мағыналары қандай?

– Соңғы жылдары өңірімізде 200 – ден астам түрлі әлеуметтік нысандар бой көтерді.Ол нысандардың 80 пайызға жуығы Қызылорда төрінде орналасқан. Салынған ғимараттар еліміздің экономикалық, мәдени дамуына үлкен септігін тигізетіні белгілі. Әлбетте, ең көрікті сәулеттік ғимараттарға құндылығы жоғары, қабырғасы сыр бермеген тарихи нысандар мен жаңа ғимараттарды айтуға болады. 11 000 орындық Қызылорда Арена стадионы, 1000 орындық “Өнер” орталығы, Достық үйі, Неке сарайы, Сыр жұлдыздары академиясы және бұдан да өзге біршама орталықтар қала көркіне көрік, сәулетіне сән беріп тұр.

– Бұрынғы Қызылорда мен қазіргі қаланың сәулет кескініне қатысты қандай айырмашылық байқайсыз?

– Заманына қарай адамы. Жасанды интеллект, әлемдік түрлі платформалар дамып жатқанда әрине айырмашылық байқалады. Тіпті құрылыс материалдырының өзінен-ақ көп нәрсе аңғару қиын емес. Мысалыға алсақ кеңестік кезеңдегі үйлер мен қазіргі үйлерді салыстыруға мүлде келмейді.

Бұрынғы Қызылорда негізінен бір-екі қабатты ғимараттар мен кеңестік кезеңнің типтік құрылыстарынан тұрса, қазіргі қала көпқабатты тұрғын үйлер, заманауи қоғамдық нысандар мен абаттандырылған кеңістіктермен ерекшеленеді. Қала аумағы кеңейді, инфрақұрылым жаңарды. Алайда тарихи ғимараттар әлі де қаланың ерекше белгісі болып қала береді.

– Қала келбетін өзгертуде нені сақтап, нені жаңарту керек деп ойлайсыз?

– Ең маңыздысы — «ескіні бұзып, жаңасын салу» емес, құнды тарихи мұраны сақтап, оны жаңа өмірмен ұштастыру. Сонда Қызылорда заманауи, әрі жайлы қала бола отырып, өзінің тарихи және ұлттық келбетін де жоғалтпайды.

Бастысы тазалықты сақтау қажет. Қоғамдық кеңістіктер, көшелердің абаттандырылуы, тұрғын үйлердің қасбеттерін әлі де қолға алып, тарихи мұраны сақтай отырып, заманауи талаптарға сай ілгерілеуі қажет.

 Айта кету керек, қаланың кескіні мен келбеті келісті болу үшін тек әкімшілік тарапынан жасалатын жұмыстар ғана сеп болмайды. Қала тұрғындары тарапынан да жауапкершілік болуы тиіс. Қарапайым ғана тазалықтан бастап, жұмыстарға да жауапкершілік алған артық етпейді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.Әлиарыстан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған