Қызылорда облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері студент жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бірқатар жатақханада профилактикалық кездесулер өткізді.
Атап айтқанда, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледжінің, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің және «Дильмаш» жатақханаларында студенттермен кездесулер ұйымдастырылды.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері жастарға буллинг пен кибербуллинг, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы құқық бұзушылықтар, топтық төбелес, бұзақылық, суық қаруды заңсыз алып жүру, есірткі қылмыстары, лудомания, вандализм және интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, заң талаптарын орындау, құқық бұзушылықтарға жол бермеу және әрбір азаматтың заң алдындағы жауапкершілігі туралы кеңінен ақпарат берілді.
Жиын соңында студенттердің сұрақтарына жауап беріліп, құқықтық кеңестер ұсынылды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіз қоғам құруға бағытталған.