ЖАҢА ЖОБАНЫҢ МОБИЛЬДІК ТОБЫ ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНДА

«AMANAT» партиясының ҚР Үкіметімен бірлесіп жүзеге асыруды бастаған жаңа «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауқымды ақпараттық марафонның Сыр өңіріндегі жұмысы Қазалы ауданында жалғасын тапты.
Жобаның мақсат-міндеттерін түсіндіруге арналған мобильді топ ауданның Жалаңтөс және Қ.Пірімов елді мекендерінде тұрғындармен арнайы кездесті. Мұнан бөлек жаңа жобаның жүзеге асырылуына қызығушылық танытып, оның жаңалықтарымен танысу үшін келген көршілес ауылдардың тұрғындары да қойылған сұрақтарына жауап алды.
Ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға берілетін қолдау туралы ақпараттарды Қазалылықтар жылы қабылдап, ой-пікірлерін ортаға салып, ақпараттық топқа ұсыныстарын жеткізді. Пікір алмасу барысында мұндағы тұрғындарды да кепілге қойылатын мүлік пен несие төлеудің шарттары, бизнес жоспарлар жасау жайы мен басқа да сұрақтар алаңдататыны белгілі болды. Өз кезегінде топ мүшелері тұрғындар сұрақтарына толық және нақты жауаптар беріп, түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізді.
Халық тарапынан түскен талап-тілектер бойынша қанағаттанарлық жауап алған ауыл ақсақалдары аманаттықтарға батасын беріп, алғыстарын айтты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған