Тағам – балаңыздың өсуі мен дамуына, денінің саулығына тікелей әсер ететін қажеттілік. Ата-аналардың басты мәселелерінің бірі балаларының пайдалы тағам жемеуінде. Алайда, ең маңыздысы балаға  құнарлы тағам түрлерін ұсынуды тоқтатпау қажет.Бала бірден қабылдамаса да, қайта-қайта ұсынған абзал. Ең бастысы өзіңіздің әрекеттеріңіз арқылы үлгі болыңыз. Мысалы, балықтан 5 рет бас тартса, бұл оның балықты ұнатпайтынын білдірмейді.  Жаңа, әрі таныс емес тағамнан бас тарту кез келген адамға тән табиғи реакция. Ал бала үшін жаңа тағам түрлері түрлі реакция тудыруы мүмкін.Сондықтан балаңыздың рационына әртүрлі пайдалы, табиғи өнімдерді аз-аздан және үздіксіз енгізіңіз.Балаға дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыру – бір күндік процесс емес, бұл уақыт пен шыдамдылықты қажет ететін жол.

Бұл балалар превентиві, нутрицолог және балалардың дұрыс тамақтануы жолында біршама мәліметпен таныстырып жүрген Айкөркем Жанболатқызының мәлімдемесі. Маманның мәліметіне зер салып, бала үшін пайдалы және пайдасыз тағам түрлері мен мәзірлерді ұсынамыз.

Балалар тамақтануының негізгі принциптері:

– Маңызды қоректік заттардың, энергияның, микроэлементтер мен вита­миндердің жеткілікті болуына бай­ланысты теңгерімді тамақтану;

– Су ішу режимін сақтау;

– Тамақтану режимін сақтау;

– Балалар үшін анық зиянды тағам­дарды отбасылық рационнан алып тастау;

-Тағамның сапасына мән беру.

Теңгерімді тамақтану рационында арнайы тәртіп болуы керек. Бұл принципті балаларға да, ересектерге де ұстануға болады. Стандартты порция мөлшері жасына қарай өзгереді және әр бала үшін әртүрлі.Өкінішке орай, балалар үшін дұрыс құрылмаған рацион организмде бірқатар бұзылуларға алып келеді. Мысалы:

– баланың кеш сөйлеуі,

– когнитивті функцияның бұзылуы,

– баланың өсуі мен дамуының баяу жүруі,

– баланың көп жылауы мен шаршауы,

– иммунитетінің төмен болуы,

– асқазан-ішек жолдары органының ауыруы,

– аллергия, дерматит, ринит, поллинозға әкеледі.

Балалар үшін дұрыс құрылған тамақтану рационы ықпал етеді:

– Организмнің иммундық жүйесін нығайтуға;

– Төзімділікті арттыруға;

– Организмде дефицит витаминдер мен минералдарды толықтыруға;

– Тамақтану режимін саналы түрде ұстануды дамытуға;

– Рационда әртүрлі тағамдарды тұтыну әдетін дамытуға;

– Дастарханда өзін ұстау мәдениетін және тамақтану әдеттерін дұрыс қалып­тастыруға ықпал етеді.

Баланың тәбеті төмен, иммунитеті әлсіз болса…

Баланың тәбеті төмен, иммуни-теті әлсіз болса:  Көп ата-ана білмейді, бірақ ашытылған капуста – балалардың ішегі үшін ең пайдалы тағам. Ішек-екінші ми, бала иммунитетінің 80%-ы ішекте орналасқан! Ашытылған капуста табиғи пробиотикке бай, яғни ішектегі пайдалы бактерияларды көбейтіп, ас қорыту жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне көмектеседі. Сонымен қатар құрамындағы С дәрумені иммунитетті күшейтіп, баланы жиі ауырып қалудан қорғайды. Ал аз мөлшерде беру тәбетті ашып, іш қатудың алдын алуға көмектеседі.

Балаларға беруге болмайтын 5 тағам:

1. Тәтті газдалған сусындар

Бір банка кола не лимонадтың құрамында 6–8 шай қасыққа дейін қант болуы мүмкін.Баланың ұйқы безі мұндай жүктемеге дайын емес. Газдалған сусындарды жиі ішу семіздікке, тіс жегісіне әкеліп, зат алмасуды бұзады.Сонымен қатар құрамындағы фосфор қышқылы сүйектен кальцийді «шайып» кетеді.Ең жақсы таңдаудың қатарында су, қантсыз морс немесе компот бар.

2. Сосиска мен шұжық өнімдері

Көп жағдайда олардың құрамындағы ет мөлшері небәрі 10–30%. Қалғаны — соя, крахмал, май, фосфаттар мен нитриттер. Нитриттер тіпті аз мөлшерде болса да бала ағзасына зиян болуы мүмкін, ал фосфаттар кальцийдің сіңуін нашарлатады.

3. Түрлі-түсті кәмпиттер, леденец­тер және мармеладтар

Жасанды бояғыштар балаларға гиперактивтілік пен зейіннің төмендеуіне әсер етуі мүмкін.Зерттеулер оларды СДВГ-мен байланыстырады.Сонымен қатар мұндай тәттілер қантқа өте бай және ерте тіс жегісінің басты себепшісі.

4. Чипсы мен дәмдеуіш қосылған сухариктер

Бұл – картоп, не нан емес, май, тұз, крахмал және дәм күшейткіштердің қоспасы.Артық тұз бүйрекке салмақ түсіреді, ал трансмайлар жүрек-қан тамыр жүйесіне зиян.

5. Дәмдеуіштер

Балада «тәуелділік» тудырады. Мықты иммунитет теңгерімді тамақ­танудан басталады. Дұрыс тамақтану — тек сорпа мен ботқа емес. Дұрыс рацион — барлық тағам топтарының теңгерімі. Әр тағам түріне түрлі дәмдеуіштерді ретсіз, әрі орынсыз қоспаған жөн.

Балаларға арналған күнделікті тағам мәзірінде қамтылуы тиіс:

Ақуыздар (белок) – ағзаның өсуіне қажет. Амин қышқылдары — баланың денесін құрайтын кірпіш деп те атауға болады. Нұсқаулыққа сәйкес, әр бала күніне 2 порциядан, вегетариандар  порциядан тұтынуы керек.

Көмірсулар – энергия көзі. Күніне 5 порция болуы қажет.

Көкөністер, жемістер, жидек­тер – витаминдерге, минералдарға бай. Күніне 5 порция қамтылуы қажет.

Сүт өнімдері – тіс пен сүйекті нығайтады.  Күніне 3, жасөспірімдерге 4 порциядан тұтыну қажет.

Пайдалы майлар – ең құнарлы өнім. Мөлшері — баланың саусақ өлше­міндей болуы керек.

ҚОСЫМША ТАМАҚТАНУ – сәби өміріндегі ең маңызды этап. Ол тек тамақтану емес, баланың сен­сорлық және когнитивті дамуы, моторикасының дамуы, координа­ция­сының дамуы қатар жүреді.

Бала тамақтануды бастағанда алдымен көкөністерден бастау міндетті емес.  Балаларға арналған дүкен сөрелеріндегі дайын кашаға қарағанда дәнді дақылдарды суда дайындаған дұрыс.  Ет өнімдерін 6  айдан бастап беруге болады. Бұл уақытта әсіресе тауық, күркетауық, қоян еттерін ұсынған абзал. Жеміс жидектердің басым көпшілігін 6 айдан бастап беруге болады. 7 айдан бастап ақ балықты, 8 айдан бастап майлы қызыл балықты енгізуге болады. Айта кету керек, бұл аллергенді өнім. Жұмыртқа да аллергенді өнім екенін ескеріп, 7 айдан бастап беруге болады. Жасымық, ноқат өнімдерін 8 айдан бастап ұсынған дұрыс. Майлардан ГХИ, зәйтүн, сары майды реттілікпен яғни тамақтануды бастаған кезден ұсыну керек. Сүт өнімдері аллергенді өнім ретінде белгілі. Сүт өнімдерін 8 айдан, жаңғақтарды 6 айдан бастап беруге болады.

Балаңыз көкөніс жемей ме?

Бұл – көп ата-ана да кездесетін қалыпты жағдай. Бірақ дұрыс тәсілмен үйретуге болады.

1. Кіші порциялардан бастаңыз

Көкөністер отбасы ас мәзірінің тұрақты рационының бір бөлігі болуы тиіс.Бірден толық бір тәрелке көкөніс ұсынбаңыз — жиіркеніш тудырмас үшін өте кішкентай бөліктерден бастаңыз.

2. Балаға таңдау жасауға мүмкіндік беріңіз

 «Брокколи қалайсың ба, әлде сәбіз бе?», деп таңдауына ерік беріңіз.

Осылайша ол өзін бақылауда сезінеді және көбірек ықыласпен байқап көреді.

3. Көптүрлілікті бірден ұсынбаңыз

Балаға тамақтану стиліне бірден барлық көкөніс түрлерін енгізбеңіз. Аз ғана тізім таңдаңыз да, жаңа түрлерін 1–2 апта сайын біртіндеп қосыңыз.

4. Көкөністерді әртүрлі түрде ұсыныңыз

Шикі сәбіз таяқша түрінде, қайнатылған сәбіз, сәбізден панкейктер, қуырылған сәбіз, сәбіз соусы — мұның бәрі сәбіздің әртүрлі түрлері. Тәжірибе жасаңыз!

5. Бірге дайындап, бірге таңдаңыз

Балаға дүкенде көкөніс таңдауға, жууға, қауіпсіз пышақпен турауға немесе тәрелкеге салуға көмектесуге мүмкіндік беріңіз. Ол нәтижесіне мақтанады!

6. Үлгі болыңыз

Егер бала ата-анасының көкөністерді рахаттанып жегенін көрсе, оның да оларды байқап көруге деген ықыласы артады.

7. Тұздықтармен ұсыныңыз

Балалар тамақты батырып жегенді жақсы көреді! Көкөністерді йогурт, ірімшік тұздығымен,ағарған өнімдерімен беріңіз.

8. «10 рет ережесін» қолданыңыз

Егер бала бас тартса — берілмеңіз!Кейде бала келісіп байқап көруі үшін тағамды 10–15 рет немесе одан да көп ұсыну қажет болады.

9. Көкөністерді қолжетімді етіңіз

Туралған көкөністерді тоңазытқышта контейнерде сақтаңыз немесе оларды тіскебасар ретінде ұсыныңыз.Көкөністер әрбір тамақтануда болсын.

10. Қысым жасамаңыз!

Қысым қаншалықты көп болса, қарсылық та соншалықты көп болады.Балаға таңдау еркіндігін беріңіз, бірақ ұсынуды ол келісіп байқап көргенге дейін жалғастырыңыз.

Ішек микрофлорасын қолдауға пайдалы өнімдер:

 Асқабақ дәні, Сарымсақ, Маринадталған капуста, Табиғи айран немесе қантсыз иогурт.

Мидың жұмысына пайдалы өнімдер:

 Табиғи какао, Бадам, Грек жаңғағы, Майлы балық, Авокадо.

Таза әрі сау тері үшін:

 Жидектер, Капуста, Зәйтүн майы.

Мықты иммунитет үшін:

Тәтті бұрыш, Киви, Брокколи, Майлы балық.

Анемияның алдын алуға көмектесетін өнімдер:

Қызыл ет, Сиыр еті, Бауыр, Жұмыртқа.

Ағзадағы ақуыз деңгейін қолдауға көмектесетін өнімдер:

 Қызыл ет, Сүйек сорпасы, Жұмыртқа, Балық, Тауық еті, Бұршақ, Асбұршақ, ноқат, жасымық.

ІРІМШІКТІ БӘЛІШ

Құрамы: 180 гр. ірімшік, 2 жұмыртқа, 6 ас қасық глютенсіз күріш ұны, 1/2 шай қасық қопсытқыш.

Қалауыңызша жидек немесе курага, мейіз, банан.

Дайындалуы:

Ыдысқа ірімшік, жұмыртқа, ұн мен қопсықышты салып, шаныш­қымен араластырамыз. Оған ұсақтап туралған жидекті немесе курага, мейіз, бананды қосып, араластырамыз.

Қолымызды сулап, қамырдан дөңгелек пішін жасап, пергамент төселген қалбырға саламыз. Үстін аздап басамыз. Бір жұмыртқаның сарысын үстіне жағып шығып, бетіне жаңғақ немесе тұқым, мак себеміз. 180 градуста 30 минут пісіреміз.

СӘБІЗДЕН ВАФЛИ

Құрамы: 1 үлкен сәбіз, 1 банан, 2 жұмыртқа, 8 ас қасық глютенсіз ұн, 1/2 шай қасық қопсытқыш, 60 мл. өсімдік майы.

Қалауыңызша сироп «топинам­бура» табиғи шәрбатын қосуға болады.

Дайындалуы:

Бананды шанышқымен езіп, сә­бізді үккіштен өткіземіз. Барлық ингре­диентті ыдыста араластырып, вафель­ницаны қыздырамыз. Екі ас қасықтан салып, 4-5 минут қызарғанша пісіреміз.

ІРІМШІКТІ ҚҰЙМАҚ

Құрамы:

200 грамм ірімшік, 2 жұмыртқа, 1 тәтті алма, 4 ас қасық глютенсіз күріш ұны, 1/2 шай қасық қопсытқыш.

Дайындалуы:

Ыдысқа ірімшікті, жұмыртқаны, үккіштен өткізілген алманы салып, шанышқымен араластырамыз. Оған ұн мен қопсытқышты салып, тағы да жақсылап араластырамыз. Қызып тұрған сковородкаға майсыз, баяу отта оладьилерді пісіріп аламыз! Қаймақ немесе йогуртпен, жилек джемімен ұсынсаңыз өте дәмді.

ФАРШ ҚОСЫЛҒАН БӘЛІШ

Құрамы:

300 мл.айран, 150 грамм жүгері ұны, 1/2 шай қасық қопсытқыш, 1/2 шай қасық тұз, 2 жұмыртқа.

Салмасы: 300 грамм сиыр етінен фарш, 1 кішкентай пияз.

Пісіруге 1 ас қасық ГХИ майы. Қалауыңызша тұз

Дайындалуы:

Ыдысқа айранды құйып, ұн мен қопсытқыш, тұзды, жұмыртқаны салып, венчикпен араластырамыз. Фор­маға пергамент төсеп, жарты масса­мызды құямыз. Оған пісірілген фаршты салып, қалған массаны бетіне құйып тегістейміз.180 градуста 55-60 минут пісіреміз!Астарыңыз дәмді болсын!

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған