Ауылдан гөрі қалаға тән көркімен, ауылдықтарға қолайлы орта қалыптастыруымен көпке үлгі болып жүрген Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылының құрылғанына 60 жыл толуына орай ауылдың тарихын, елді мекеннің тыныс-тіршілігін, еңбек адамдарының өнегелі жолын және рухани-мәдени құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Құтты мекеннің көрікті келбеті» атты көрме өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің кеңесшісі Руслан Рүстемов, аудан әкімі Берік Сәрменбаев, алыс-жақыннан келген зиялы қауым өкілдері мен құрметті меймандар, еңбек және тыл ардагерлері, ауыл ақсақалдары мен аудан тұрғындары қатысты.

Көрме барысында ауылдың өткені мен бүгінін сабақтастыратын фото-көрме арқылы елді мекеннің қалыптасу кезеңдері, әлеуметтік-экономикалық дамуы және ауыл өміріндегі айтулы сәттер фотосуреттер арқылы көпшілік назарына ұсынылды.

Сонымен қатар ауыл тұрғындарының еңбегін дәріптейтін ауыл шаруашылығы көрмесі ұйымдастырылып, туған жердің берекелі тіршілігі мен еңбек нәтижелері таныстырылды. Қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы бұйымдары да көрменің мазмұнын толықтырып, халқымыздың дәстүрлі өнері мен шеберлік мектебін көрсетті.

Ауылдан шыққан елге белгілі азаматтар мен еңбек адамдарының өмір жолы мен өнегесін насихаттау мақсатында кітап көрмесі қойылды. Көрме арқылы туған өлкенің тарихында өзіндік із қалдырған тұлғалардың есімі ұлықталып, олардың ел дамуына қосқан үлесі кеңінен таныстырылды.

Мерекелік шара аясында «Құрақтың Досжаны» атындағы халық-ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, ұлттық музыканың құдіретін дәріптеген тағылымды концерттік бағдарлама ұсынды.

* * *

Сондай-ақ ауылдың қалыптасу тарихын кеңінен насихаттау, елді мекеннің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан еңбек адамдарының өнегелі жолын дәріптеу және кейінгі ұрпаққа тағылымды тарихты жеткізу мақсатында «Еңбектің құдіреті – ер атандырар» атты ғылыми – танымдық конференция өтті.

Тағылымды басқосуда облыс әкімінің кеңесшісі Руслан Рүстемов мерекемен құттықтап, аймақ басшысының құттықтау жеделхатын жеткізді.

Басқосуда ауылдың тарихы, оның қалыптасуы мен әлеуметтік – экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері және ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен азаматтардың өмір жолы кеңінен сөз болды.

Конференция барысында Сырдария ауданының Құрметті Азаматы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Төребек Жұмабекұлы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Алма Нағиқызы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Сырдария ауданының Құрметті Азаматы Ибудулла Айғалиұлы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті Азаматы Абзал Ералиев сөз сөйлеп, елді мекеннің өткені мен бүгінін сабақтастырған пікірлерін ортаға салды.

Сондай-ақ тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжасов қорытынды сөз сөйлеп, басқосудың маңызына тоқталды. Жиын барысында бірқатар азаматтарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Басқарма төрағасы – Ректорының «Алғыс хаттары» табысталды.

Мерейтой аясында елді мекеннің қалыптасуы мен өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық өміріне елеулі еңбек сіңірген азаматтар Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталды.

* * *

Ауылдың 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерейтой соңы мерекелік гала – концертке ұласты.

Гала-концертте аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев жұртшылықты мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Салтанатты кеште ауылдың өткені мен бүгіні сабақтасып, елге еңбегі сіңген азаматтарға құрмет көрсетілді. Мерейтой аясында елді мекеннің қалыптасуы мен өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық өміріне елеулі еңбек сіңірген азаматтар мерекелік медальдармен марапатталды.

Сондай-ақ сахна төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Жеңіс Ысқақова, эстрада жұлдыздары Қуандық Рахым, Жандос Қаржаубай, Sadraddin, Raim және басқа да өнер иелері сахна көркін қыздырып, ауыл тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кеш барысында әсем әндер шырқалып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсер сыйлаған мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды.

***

Ауылдың 60 жылдық мерейтойы аясында «Адал еңбек, алтын дәннің ордасы» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Аламан айтыста облыс әкімінің орынбасары Данияр Жаналинов мерейтоймен көпшілікті құттықтап, айтыскерлерге сәттілік тіледі. Ұлттық өнердің ұлы додасына еліміздің түкпір-түкпірінен танымал айтыскер ақындар мен жас таланттар қатысып, суырыпсалып, ауыл тақырыбында айтысты. Ақындар ел тарихы, туған жер тағылымы, еңбек адамының өнегесі мен ауылдың әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін де арқау етті.

Айтыстың мәні мен мазмұнын бағалауға қазылар алқасының құрамында Қазақстанның Халық жазушысы, «Құрмет», «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері Жүрсін Молдашұлы Ерман арнайы келіп қазы болып қатысты.

Республикалық айтысқа Қарағанды облысынан Мақсат Ақанов пен Дидар Қамиев, Павлодар облысынан Аспанбек Шұғатаев, Ақтөбе қаласынан Аруана Кәрімбек, Астана қаласынан Рауан Қайдар, Түркістан облысынан Ахметрасул Байанбай, Қызылорда облысынан Мейірбек Сұлтанхан, Нұрмат Мансұр, Бексұлтан Орынбасар, Алматы қаласынан Нұрзат Қару қатысты.

Айтыс барысында ақындар ел бірлігі мен жер тұтастығын, туған өлкенің тарихы мен бүгінгі жетістіктерін жырлап, еңбекпен елге қызмет етудің маңызын көрерменге жеткізді. Өнерпаздардың ұтқыр ойы мен өткір сөзі, тапқырлығы мен шешендігі көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Қазылар алқасының шешімімен республикалық айтыстың Бас жүлдесі Қызылорда облысының ақыны Нұрмат Мансұрға бұйырды. І-ші орын Қарағанды облысының ақыны Мақсат Ақановқа, ІІ-ші орын Павлодар облысының ақыны Аспанбек Шұғатаевқа берілді. Ал ІІІ-ші орынды Қызылорда облысының ақыны Бексұлтан Орынбасар мен Алматы қаласының ақыны Нұрзат Қару иеленді. Сондай-ақ айтысқа қатысқан өзге де ақындардың барлығына арнайы жүлде табысталып, 500 мың теңгеден ақшалай сыйақылар табысталды.

Ұлттық өнердің ұлағатын ұлықтаған айтулы шара Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдық мерейтойының мазмұнын байытып, ел тарихы мен еңбек адамдарының өнегесін дәріптеуге айрықша үлес қосты.

***

Мерейтойы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ата дәстүрді ардақтауға бағытталған «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты этноауыл ұйымдастырылды.

Этноауылда қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетін дәріптейтін көріністер орын алып, көпшілікке халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасы таныстырылды.

Атап айтқанда, бесікке салу, айдар кесу секілді ұлттық салт-дәстүрлеріміз көпшілік назарына ұсынылып, олардың тәрбиелік мәні мен ұрпақ сабақтастығындағы маңызы кеңінен көрсетілді.

Сонымен қатар, этноауыл аумағында қазақтың ұлттық спорттық ойындары ұйымдастырылып, қатысушылар дәстүрлі ойындар арқылы ұлттық өнер мен салт-дәстүрге деген қызығушылықтарын арт­тырды.

P.S. “Той десе қу бас домалайдыдегендей аймақта ауылдар арасында қаладан кем емес нөмірі бірінші көрікті ауыл жасап, ауылдықтардың еңсесін көтеріп жүрген ауыл иесі, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев осы мерейтойменН.Ілиясовауылының мәртебесін де көтерді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған