Сыр өңірінде соңғы жылдары ауылдардың әлеуметтік-экономикалық тынысына жаңаша серпін беретін тың бастамалар қарқын алып тұр. Соның нәтижесінде бұрын тек аграрлық бағытпен ғана танылған әрбір ауыл бүгінде инфрақұрылымы жаңарып, кәсіпкерлігі жанданған берекелі мекенге айналып келеді. Соның айқын айғағы ретінде Қызылорда қаласына қарасты Қызылөзек ауылдық округі жоғары маңызға ие.
Соңғы жылдары Сыр өңірінде Мемлекет тарапынан қолға алынған бағдарламалар елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, ауылдардың ажарын ашуға мүмкіндік жасауда. Соның нәтижесінде кешегі қарапайым ауылдардың бүгінгі келбеті мүлде өзгеріп, инфрақұрылымы жаңарған, кәсіпкерлігі дамыған, рухани тынысы кеңейген жаңа мекендер қалыптасып келеді. Соның бірі де бірегейі қызылөзектіктердің даму қарқыны көз қуантады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
БІЗ АУЫЛДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТЫП, ЖҰМЫСТЫ КҮШЕЙТУІМІЗ КЕРЕК
Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Ауылды өркендету – баршаға ортақ парыз. Мемлекет бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы халыққа ұсынған сайлау алдындағы бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аудардым. Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр.
Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. 2022 жылы халықтың табысын арттыруға арналған кешенді жоспар қабылданды. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ауылға қомақты инвестиция тартылды. 2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді.
Жыл өткен сайын ауылдың әлеуеті артып келеді. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдардың саны көбейе түсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 еседен астам өсіп, 8,3 триллион теңгеге жетті. Биыл ауылдағы шаруаларға 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсеттік. Дәл осындай мемлекеттік қолдау көрсеткен елдер көп емес, тіпті, бұл көптеген ел қол жеткізе алмайтын қаржылай көмек деуге болады.
Алайда алдымызда биік мақсаттар тұр: біз ауылдағы жағдайды жақсартып, жұмысты күшейтуіміз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөйлеген сөзінен
Жалпы аталмыш ауылдық округтің құрамына Қараөзек, Айнакөл және Қараөзек теміржол бекеті кіреді. Құт дарыған қасиетті мекеннің бүгінгі келбеті өткен кезеңмен салыстырғанда көш ілгері. Бір кездері өзге ауылдар секілді электр желісінің әлсіздігі, жолдың тозуы, жарықтың жеткіліксіздігі бұл елді мекен тұрғындарының да басты мәселесіне айналған еді. Қазіргі таңда ауылды өркендету жолында атқарылған қыруар шаруаның нәтижесінде қордаланған түйткілдер кезең-кезеңімен шешімін тапқан. Бұл бірінші кезекте ауыл халқының жарқын болашаққа деген сеніміне серпін бергенін байқауға болады.
Бүгінгі Қызылөзектің келбеті мүлде басқа. Соңғы жылдары жүзеге асқан ауқымды жобалардың нәтижесінде ауыл өмірі жаңа сапалық деңгейге көтерілді.
Қызылөзектің қазіргі тынысын тек статистикалық деректермен бағамдау жеткіліксіз. Ауылда қарқын алған әрбір жарқын жобаның нәтижесі тұрғылықты халықтың туған жерін өркендетуге деген нақты ұмтылысынан, елдің ертеңіне деген жауапкершілігінен айқын сезіледі. Ауылдың жаңарған келбеті – мемлекеттің ауылды дамыту бағытындағы саясатының нақты нәтижесі десек қателеспейміз.
АУЫЛДЫҢ ДАМУЫ – ЕЛДІҢ ДАМУЫ
Қазақ үшін ауыл қашан да қасиетті ұғым. Себебі, ауыл – ұлттық құндылықтардың қайнар көзі, салт-дәстүрдің алтын діңгегі, ұлт руханиятының күретамыры. Сондықтан ауылды дамыту мәселесі қашанда мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі болып келеді. Қызылөзек ауылдық округінде жүзеге асып жатқан жұмыстар да мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.
Бүгінде округте 3497 халық тұрады. Бір қарағанда бұл көп емес секілді көрінуі мүмкін. Бірақ дәл осы халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы шағын бір ауданның деңгейіндегі жобалармен пара-пар.
Соңғы жылдары ауылдық округтің бюджет көлемі артып, инфрақұрылымдық жобаларға қомақты қаржы бағыттала бастаған. Бұл – мемлекеттің ауылды дамытуға деген нақты көзқарасының жарқын үлгісі іспетті.
Цифрларды сөйлетсек, 2025 жылы ауылдық округтің бюджеті 713 миллион теңгеден асса, 2026 жылға 334 миллион теңгеден астам қаржы қаралған. Мұның өзі ауыл өміріне жаңа леп беретін маңызды бастамалардың жалғасатынын көрсетеді.
Экономикалық тұрғыдан қарағанда, Қызылөзек бүгінде тұтынушы ауыл емес, өзіндік кірісін қалыптастырған әлеуетті елді мекендердің қатарына қосылған. Салық түсімдерінің жоспардан артық орындалуы – соның айқын дәлелі.
Кез келген ауылдың даму деңгейі ең алдымен оның инфрақұрылымынан байқалады. Яғни, жолы жөнделген, жарығы тұрақты, инженерлік желісі жаңарған ауылдың өмір сүру сапасы да арта түсетіні мәлім. Бұл тұрғыда кейінгі жылдары Қызылөзекте атқарылған әрбір ауқымды жұмыстардың нәтижесі көңіл қуантады.
Негізі аталмыш ауылда ұзақ жылдар бойы тұрғындарды толғандырған басты мәселенің бірі – электр желілерінің тозуымен байланысты болды. Әсіресе, қыс мезгілінде жарықтың жиі өшуі, кернеудің төмендігі тұрғындардың тұрмысына қолайсыздық туғызатын. Бүгінде бұл мәселе жүйелі түрде шешіліп жатыр.
– Негізінен «Ауыл–Ел бесігі» бағдарламасымен қолға алынған жоба аясында үш елді мекендегі электр желілері толық жаңғыртылуда. Соның негізінде жаңадан электр желілері тартылып, электр бағаналары орнатылуда. Бұл – ауыл тұрғындарының күнделікті өмір сапасын өзгертуге бағытталған әлеуметтік жоба саналады. Яғни, электр жүйесінің жаңаруы арқылы кәсіпкерліктің дамуына, халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруына, жаңа өндіріс орындарының ашылуына мүмкіндік артады. Бүгінде тиісті жұмыстар халық сұранысын толық қанағаттандырып тұр», – дейді ауылдық округ әкімі Сәкен Әбдіжаппар.
Қай кезде де ауылдың өркендеуі жол мәселесімен тікелей байланысты болып келеді. Бұл бағытта Қызылөзекте соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстар атқарылғанын аңғаруға болады.
Бүгінде ауылдағы бірнеше көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа асфальт төселді. Нәтижесінде бұрын шаңы бұрқырап жататын сұрықсыз көшелер айнадай теп-тегіс жолға айналыпты. Әсіресе ауыл ішіндегі көшелердің жаңаруы тұрғындардың күнделікті тұрмысына оң әсерін тигізіп отыр.
Ал «Қожақ» көпірінің күрделі жөндеуден өтуі – тек Қызылөзек үшін ғана емес, сол аумақтың көлік қатынасы үшін маңызды оқиға болды. Бұрыннан бұл көпірдің өңір үшін стратегиялық маңызы зор. Өйткені ол тек көлік қозғалысын қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдың әлеуметтік және экономикалық байланысын нығайтады.
Жол жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында жол белгілерінің орнатылуы да жоғары маңызға ие. Бұл тұрғыда қызылөзектіктерді толғандырған мәселе жоқ.
ГАЗДАНДЫРУ – АУЫЛ ӨМІРІНДЕГІ ЖАҢА КЕЗЕҢ
Қызылөзек тұрғындары көптен күткен жобаның тағы бірі – газдандыру мәселесіне байланысты. Мұны ауыл өмірінің тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық қадам деп бағалауға болады.
Ауыл әкімінің айтуынша, қазірдің өзінде игі бастаманың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Егер жоба толық жүзеге асырылған жағдайда ауыл тұрғындарының шығыны азайып, экологиялық ахуалының артуына қолайлы жағдай жасалады деп күтілуде. Яғни, көмір мен қатты отынға тәуелді елді мекенге газдың келуі халықтың тұрмыс мәдениетін көтеретініне сенім зор.
Сонымен қатар ауылдарды жарықтандыру мәселесі халық сұранысын толық қанағаттандырып тұр деп айтуға болады. Бұл ретте Қызылөзектегі көшелердің басым бөлігі түнгі жарықпен қамтылған. Көп жағдайда көшенің жарық болуы қоғам сұранысына сай, тұрғындар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады. Әсіресе ауылдық жерлерде түнгі көшенің жарық болуы әлеуметтік сұранысқа ие. Бұл ретте қызылөзектіктерді толғандырған мәселе жоқ.
Қай кезде де ауыл экономикасының негізгі тірегі кәсіпкерлік саласымен тығыз байланысты болып келеді. Бұл тұрғыда Қызылөзек халқының негізгі кәсібі –ауылшаруашылығы саласымен тығыз байланысты екені мәлім.
Дей тұрғанмен, соңғы жылдары ауылдағы ағайынның кәсіпкерлікке бетбұрысы байқалады. Соның негізінде бүгінде ауылда екі жүзден астам кәсіпкерлік нысаны жұмыс жасайды екен. Бұл алақандай ауыл үшін үлкен көрсеткіш болып саналады.
Ең бастысы, тұрғылықты халықтың кәсіпкерлікке деген көзқарасы өзгеріп жеке кәсіп ашуға ынта білдірушілер қатары артқанын аңғартады.
«АУЫЛ АМАНАТЫА» – НАҚТЫ ҚОЛДАУ АЛАҢЫ
Жалпы ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуда «Ауыл аманаты» жобасының рөлі ерекше. Аталмыш бағдарлама шеңберінде ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, шағын кәсіпті дамытуға, мал шаруашылығын өркендетуге баса мән беріліп отыр.
Қазіргі таңда Қызылөзекте осы бағдарлама арқылы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жобалар қаржыландырылуда екен.
Соның негізінде ауыл тұрғындарының мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдалана бастауы көз қуантады.
Ежелгі ата кәсіптің желкенін керіп, егін және мал шаруашылығымен айналысуда қызылөзектіктердің ықпалы зор. Соның негізінде бүгінде бұл сала ауыл экономикасының негізгі тірегіне айналып отыр.
Негізінен ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін егістік көлемінің сақталуы, өнім көлемінің артуы маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, мал басының көбеюі де саладағы оң динамиканы аңғартады.
Сала мамандарының пікіріне сүйенсек, ауылшаруашылығын дамыту үшін алдымен су мәселесін шешу, инфрақұрылымды жақсарту, кооперацияны күшейту маңызды саналады. Бұл бағытта Қызылөзекте атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең.
Осы орайда айта кеткен абзал, қазіргі таңда Қызылөзек үшін ең өзекті мәселелердің бірі – аяқ су тапшылығына байланысты болып тұр. Осы ретте Сырдария өзенінен жоғары орналасқан аумақта жаз мезгілінде су жетіспеушілігі айқын сезіледі. Бұл мәселе әсіресе ауыл халқы үшін егін шаруашылығына, бау-бақша өсіруге, мал азығын дайындауға айтарлықтай кері әсерін тигізетіні белгілі.
Соған орай бүгінде ауылға насос қондырғыларын орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде екен. Бұл мәселені еңсеруде ауыл әкімдігі тарапынан нақты әрекет жасалып отырғанын айрықша атап өтуге болады.
Жалпы ауылды өркендету жолында атқарылып жатқан әрбір маңызды бастамалар халықтың әлеуметтік жағдайын жоғары деңгейге көтере түскені байқалады. Бұл тұрғыда Қызылөзектегі жұмыссыздық деңгейінің төмен болуы осы қыруар жұмыстардың нақты көрсеткіші ретінде жоғары бағаға лайық. Осы ретте ауылда қоғамдық жұмыстар, жастар тәжірибесі, тұрақты жұмысқа орналастыру бағытында берекелі тірліктің лебі еседі. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мәселесі де назардан тыс қалған емес.
Бір ерекшелігі – бұл іске жергілікті кәсіпкерлердің де белсенді араласуы көңілге қуаныш ұялатады. Бұл ауылдағы әрбір азаматтың жауапкершілікті сезіне білуін көрсетсе керек.
БІЛІМ – БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ
Қызылөзектегі мектептердің жұмысы да назар аударуға тұрарлық. Олай дейтініміз, ауыл оқушыларының білім деңгейінің жылдан-жылға артуы елең еткізеді. Қызылөзектік қарадомалақтардың қатарында «Алтын белгіге» үміткер түлектер санының көбеюі осы сөзімізге толық дәлел.
Кейінгі жылдары ауыл балаларының сапалы білімге сусындап, үлкен мақсаттарға ұмтылуына толық мүмкіндік қарастырылған. Білікті маман, заманауи жайлы мектеп өскелең ұрпақты саналы да саламатты азамат болып қалыптасуына оң ықпалын тигізіп тұр.
Мұнымен қоса ауылдың мәдени өмірінде де өркендеу үдерісі байқалады. Атап айтқанда, ауыл клубындағы үйірмелер жастардың шығармашылығын дамытуға, ұлттық өнерді насихаттауға, ең бастысы, жас ұрпақтың бос уақытты тиімді өткізуіне зор ықпал етіп жатқанын байқайсыз. Соның ішінде домбыра, би, көркемсөз үйірмелері ауыл руханиятын жоғары деңгейге көтеріп келеді.
Сонымен қатар ауылда ардагерлер кеңесі, әйелдер кеңесі, мешіт, жергілікті қоғамдастық ұйымдарының жұмысы бір жолға түскен. Бұл өз кезегінде қоғамдық тұрақтылықтың сақталуына ықпал етіп жатқанын айта кету керек. Өйткені аталмыш қоғамдық ұйымдар арқылы бірлікті нығайту, жастар тәрбиесіне ықпал ету мен қоғамдық мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік артып отыр. Қазақы ауыл үшін қай кезде де мұндай қоғамдық институттардың орны ерекше екені көпке мәлім.
Жалпы бүгінгі Қызылөзек тоқырау тұйығында қалған ауыл емес, керісінше өркендеу өткелегінен өткен, жаңаруға ұмтылған, болашағына сеніммен қарайтын берекелі елді мекенге айналған. Әрине, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Жоғарыда айтып өткеніміздей, газдандыру, су тапшылығы, жаңа жұмыс орындарын көбейту, жастарды ауылда тұрақтандыру мәселелері кезең-кезеңімен реттеліп жатқаны байқалады.
Ең маңыздысы ауыл халқының туған мекенін түлетсем деген талпынысы жоғары. Ауылдың деңгейін көтеру мақсатында тұрақты даму мен ізденіс бар. Қызылөзекте қызу қарқында жүргізіліп жатқан әрбір жұмыстар ауылды жаңа деңгейге көтерудің нақты көрінісін аңғартады.
Бір сөзбен айтқанда, Қызылөзек – даму мен жаңарудың даңғыл жолына түскен, жауапкершілік жүгін сезініп, еңбек пен елдік мүддені бәрінен биік қоя білетін берекелі мекенге айналды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ