Қылмыстық процестік заңнама дамуының бүгінгі таңдағы жай-күйі дәлелдемелерді зерттеу, оның заңға сай жүргізілу тәртібі, оны іске асыру барысында орын алуы ықтимал болатын құқық бұзушылықтардың мән-мағынасы және олардың алдын алу, бірінші сот инстанциясында қылмыстық істерді қарастыру барысында қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету сияқты мәселелерді әрдайым назарда ұстауды және оның ғылыми әрі практикалық қырларын заман талаптарына сай қайта қарап отыруды талап етеді.

Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу жымқыру нысандарының бірі болып табылады. Демек, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі-ҚР ҚК) 189-бабында көзделген қылмыс құрамы жымқырудың барлық белгілеріне ие болуға тиіс.

Қылмыстық заңнамада бұл қылмыс құрамының маңызды белгілері аталған. Осы бөлімде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражаға салу құрамының белгілерінің мазмұнын ашу және оның криминологиялық сипаттамасы қарастырылатын болады.

ҚР ҚК 189-бабының 1-бөлігінде біз қарастыратын қылмыс құрамы «Кiнәлiге сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу, яғни жымқыру» деп анықталған. Көріп отырғанымыздай, бұл қылмыс құрамы жымқыру нысандарының біріне жатқызылған. Демек, ол жымқырудың келесі белгілеріне ие болуға тиіс:

– объектісіне қатысты: 1) меншік қатынастары, 2) қылмыс заты – бөтеннің кінәліге сеніп тапсырылған мүлкі;

– объективтік жағының белгілеріне қатысты: құқыққа қарсы өтеусіз алып қою немесе айналдыру;

– субъектісіне қатысты: мұнда жалпы субъект белгілерімен қатар (есінің дұрыстығы мен он алты жасқа толғандығы) арнайы субъекттің белгілерінің де болатындығы қылмыстың негізгі құрамында көзделгендігін ескеру керек (бөтеннің мүлкі кінәлі адамға сеніп тапсырылған болуға тиіс). Сондай-ақ, субъектке қатысты бұл қылмыс құрамында екі дербес саралаушы белгі көрсетілгенін де атап өту керек. Атап айтқанда, ҚР ҚК 189-бабы 2-бөлігінің 3) тармағындағы «қызмет бабын пайдаланушы» адам және осы баптың 3-бөлігінің 2) тармағындағы «мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам»;

– субъективтік жағына қатысты: кінә нысаны қасақана (тікелей), сонымен бірге пайдакүнемдік мақсаттың болатындығы.

Қылмыс затының маңыздылығын оның дефинициясындағы «кінәліге сеніп тапсырылған бөтен мүлік» сөз тіркестерінен аңғаруға болады. «…заңсыз иелікке түсетін бөтеннің мүлкі қылмыстық құқықтық бұзушылық жасалған кезде… сеніп тапсырылған басқа тұлғалардың иелігінде немесе олардың иелігінде заңсыз тұруы мүмкін».

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты ҚР ҚК 189-бабында көзделген қылмыс құрамының объективтік жағындағы «иемденіп алу немесе талан-таражға салу» ұғымдарына да түсіндірме берген: «Иелену – егер кінәлі адам әлі жұмсамаса немесе мүлікті иеліктен өзге де түрде шығармаса, кінәлі адамға сеніп тапсырылған бөтен мүлікті осы мүліктің меншік иесіне немесе өзге иеленушісіне залал келтіре отырып, өз пайдасына немесе басқа адамдардың пайдасына пайдакүнемдік мақсатта құқыққа қарсы қайтарымсыз айналдырудан тұратын ұрлық (жымқыру) нысаны. Кінәлі адам ұрлаған (жымқырған) мүлікті жұмсаса не өзге де түрде иеліктен шығарса, онда оның әрекеті талан-таражға салу ретінде саралауға жатады».

Иемденіп алу заты кез келген экономикалық құндылыққа ие материалдық нәрселер бола алады, мысалы, ақша қаражаттары, бағалы қағаздар, бағалы металдар мен бағалы тастар және т.с.с.

Тәжірибе көрсеткеніндей, заңсыз иемденіп алынатын немесе талан-таражға салынатын ақша қаражаттары, әдетте, мемлекеттік немесе жеке меншіктегі кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың белгілі бір мақсатқа бөлінген қаражаттары, банктегі салымшылардың есеп-шоттарындағы қаражаттар, зейнеткерлік жинақ қорындағы салымдар, сақтандыру және басқа да осы тектес қорлардағы қаражаттар болады, сондай-ақ мұндай қаражат иелері мемлекеттің өзі де, қоғамдық немесе коммерциялық ұйымдар, басқа да заңды тұлғалар, қоғамдық бірлестіктер мен жеке тұлғалар болуы мүмкін.

Қарастырып отырған қылмыс құрамының заты ретіндегі өзге де материалдық кұндылықтар әртектес бола алады. Мысалы, жер учаскелері, өндірістік кешендер, кен орындары, мұнай ұңғылары, техникалық және компьютерлік жабдықтар, шикізаттар, материалдар, дайын өнімдер, сауда объектілері, ғимараттар, пәтерлер және т.б. болуы мүмкін.

Қылмыс құрамы затының мұндайда ерекше сипаттағы экономикалық және әлеуметтік қатынас заты болатындығын да ескеру керек. Олардың әрқайсысы белгілі бір қаржы-шаруашылық операциялардың жасалуына байланысты кінәлінің иелегіне бастапқыда заңды түрде берілгендігі маңызды, яғни иемденіп алу немесе талан-таражға салу уақытына қарай кінәлі адам осы заттарды өз иелігінде (уақытша, шектелген иелігінде) иеленуші болады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл қылмыстың жасалу саласының да ерекшеліктері бар, алайда қылмыстық жауаптылық орнатқанда заңнамашы осы салаларды басшылыққа алмаған, есесіне меншік қатынастарының үстемдігін көрсеткен. Іс жүзінде, бұл қылмыстың жиі орын алатын салаларының қатарында бюджеттік қатынастарды, корпоративтік қатынастар, зейнетақы қорларының қызметін, әралуан мақсаттарда құрылатын қорларды атауға болады.

2017 жылдың 4 тамызында Қызылорда облыстық жұмылдыру басқармасының бөлім басшысы қызметін атқарған Ж. ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті бірнеше рет иемденіп алу және талан-таражға салу айғағы бойынша сотталған. Істің мән-жайлары бойынша Ж. қызмет бабын пайдаланып, 2016 жылдың қаңтар-наурыз және сәуір айынан сол жылдың маусым айы аралықтарында мекеменің екі түрлі лауазымдарында қызмет атқара жүріп, бірнеше рет жалақы төлеу табельдері арқылы өзінің есеп-шотына артық ақша қаражаттарын аудару арқылы, барлығы 3 млн 150 мың теңге жымқырған.

Бұл қылмыстық істе сотталған адам мемлекеттік мекемеде ақша қаражаттарының айналымына (жұмсалуына) жауапты екендігі анықталған. Сондай-ақ іс бойынша дәлелденген жымқырылған ақша қаражаттарының мөлшері 3 млн 150 теңгені құраған, ал ҚР ҚК 189-бабы шарттары бойынша ірі мөлшер деп танылу үшін жымқырылған мүлік құны бес жүз еселенген айлық есептік көрсеткіштен төрт мың еселенген мөлшеріне дейінгі аралықта болуы керек (2016 жылы айлық есептік көрсеткіш 2121 теңге болғанын ескеретін болсақ, Ж-ның жымқырған сомасы 1485 айлық есептік көрсеткішке тең).

Дегенмен, бұл істің бірнеше реттілік белгісіне қатысты саралануында күмәніміз болғанын атап өткіміз келеді. Сот үкімінде кінәлінің әрбір істеген әрекеттерінің жаңадан туындаған қасақаналықтың негізінде жүзеге асырылғаны туралы дәлелдемелер келтірілмеген.

«Белгілі бір адамның бірыңғай пиғылмен және біріктірілген ортақ мақсатпен, материалдық құрамымен және келтірілген зардаптарының біркелкілігімен сипатталатын, қылмыстық құқық бұзушылық жасау тәсілі мен объектісі бойынша өзара ұқсас екі және одан да көп қылмыстық әрекеттерді жасауы қылмыстық құқық бұзушылықтың бірнеше рет жасалуын құрамайды. Мұндай жағдайларда барлық жасалған әрекеттерді тұтастай жалғаспалы қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танып, осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін жауаптылық көздейтін ҚК бір бабы немесе бабының бөлігі бойынша саралаған жөн». Жоғарғы Соттың осы түсіндірмесінің негізінде Ж-ның жалақы табельдері арқылы өзінің есеп-шотына артық ақша аударуды оның «әдетке айналдырғанын», яғни бастапқы аудару әрекеттерінің табысты болуына байланысты ол мерзімді түрде әрбір жалақы аудару күнінде (есептік айдың соңғы бес күндігінде) жүйелі түрде атқарып отырғандықтан, осы әрекеттерінің бірыңғай пиғылмен жасалғанын мойындау керек, әрі оған тағылған айыптан «бірнеше рет жасау» саралаушы белгісін алып тастаған жөн.

Дегенмен, бұл іс бойынша Ж. кәмелетке толмаған екі баланың анасы екендігін, кінәсін мойындағанын және келтірген материалдық шығындарды толық өтегенін ескере отырып, әрі жәбірленуші тараппен татуласудың орын алғанын ескере отырып, сот ҚР ҚК 68-бабының 2-бөлігінің негізінде оны қылмыстық жауаптылықтан босатқан.

Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу қылмысының жүзеге асырылу спецификасына қарай, сондай-ақ оның анықталуындағы объективті және субъективті себептерге байланысты іс жүзінде бұл қылмыстың тіркелу деңгейі айтарлықтай төмен деңгейде. Абсолюттік көрсеткіштеріне қарай ҚР ҚК 189-бабы бойынша тіркелетін қылмыстардың саны басқа көптеген құрамдармен салыстырғанда жоғары болғанымен, оның меншікке қарсы (пайдакүнемдік) қылмыстар арасында алатын үлесі мардымсыз деп айтуға болады.

Қарастырып отырған қылмыс түрінің криминологиялық тұрғыда өсімі мен кемуінің заңдылықтары жалпы қылмыстылықтың тіркелу заңдылықтарына сай келетінін атап өту керек. Статистикалық мәліметтер көрсеткеніндей, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салудың ең көп тіркелген кезеңі 2015 жылы болған (6112 іс), алайда ол бүгінгі таңға қарай (2020 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша) 1981-ге тең болған немесе 3,1 есе азайған [5].

Сонымен қатар, бұл қылмыс түрінің тіркелу динамикасы жоғары болған жылдары (2015-2017 жж.) оның сотқа жеткізілу деңгейінің көрсеткіштерінде кері динамика байқалады: 2015 жылы 21,3 % сотқа жеткізілген, 2016 жылы – 30,7%, ал 2017 жылы – 42,8%. Келесі 3 жылдық кезеңде (бұл қылмыстың тіркелуінің абсолюттік көрсеткіштері күрт төмендеген 2018-2020 жылдары) істің сотқа берілу динамикасының көрсеткіштері мынадай болған:

– 2018 жылы – 38,2 %,

– 2019 жылы – 59,5 %,

– 2020 жылдың 11 айында – 59,1 % іс сотқа дейін жеткізілген.

Статистикалық материалдар негізінде қысқартылған қылмыстық істердің де үлесінің елеулі екендігін атап өту керек. Дегенмен, осы баған бойынша ғылыми маңызды тұжырым айту қиын екендігін ескеру керек, өйткені ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің статистикалық нысанында осы бағанда есептік кезең істерімен қатар оған дейінгі кезеңнің де істері қоса есептелу ықтималдығы болған. Сондықтан осы қысқартылған істердің қатарында алдыңғы кезеңде тіркелген істердің де болу ықтималдығы жоғары болғандықтан, ол бойынша тұжырым жасай алмаймыз.

Дегенмен, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу істері бойынша процестік келісім негізінде қылмыстық жауаптылықтан босату орын алған істердің өте аз екендігін айта аламыз, атап айтқанда, 2015 жылы – 2,9%, 2016 – 5,0%, 2017 – 3,3%, 2018 – 2,0%, 2019 – 2,5%, 2020 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 2,1% жағдайда ғана айыпталушылар процестік келісімге барып, өз кінәларын мойындау арқылы қылмыстық жауаптылықтан босатылған.

Көріп отырғанымыздай, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу істері бойынша дәлелдемелік базаны жинау және оның зерттеп, бағалаудың күрделілігіне байланысты айыпталушылардың басым бөлігі істің әрі қарай тергеп-тексерілуін және сотта қарастырылуын «қалайды». Бәлкім, мұндайда олардың ойында осы арқылы не тергеу органдарын шатастыру немесе өздерінің кінәларын дәлелдейтін мәліметтердің тиісінше анықталмауына үміттену болуы мүмкін.

Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу қылмысынан келетін материалдық зардап мөлшеріне қатысты да бірнеше ерекшеліктердің анықталғанын атап өтуге болады.

Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар құрылымында тіркелу саны бойынша мардымсыз болғанына қарамастан (есептік кезеңдерде ол 2,0-3,3% болғаны анықталған), олардың қоғамдық қатынастарға келтіретін материалдық зардаптары едәуір екендігін анықтауға болады. Атап айтқанда:

– 2015 жылы барлық шығындардың 19,9 %-ын құраған, 2016 жылы – 33,9 %, 2017 жылы – 24,4 %, 2018 жылы – 11,6 %, 2019 жылы – 63,1 %, ал 2020 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша – 9,4 %.

Көріп отырғанымыздай, кей жылдары (2019) ҚР ҚК 189-бабы бойынша келген материалдық шығындар едәуір болған, басқа жылдар бойынша да бір ғана қылмыстан келген зардаптың мөлшерінің ауқымды болғанын мойындауға болады.

 Қызылорда қаласының

 №2 сотының судьясы

 Зейнулла Алиби Зейнуллаұлы                                                            

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған