Қызылорда облысы бойынша тізімде 450 мыңнан сәл астам сайлаушы тізілсе кешегі сайлауда соның 291 мыңнан астамы дауыс беруге қатысып, өз таңдауын жасаған. Ал, 159 мыңнан астам тізімдегі сайлаушы сайлау учаскелеріне келмеді.

Сайлауға келгендердің 7260-тан астамы “Бәріне қарсылар”. Сайлауда сайлауға қатысқаннан гөрі қатыспағаны, бәріне қарсы дауыс бергендердің көптігі жағынан Қызылорда қаласы бірінші орында тұр. Сайлаушылар тізімінде 191 мыңнан астам сайлаушы бар болса, соның 79885-і ғана сайлау учаскесіне келген, ал 111 мыңнан астамы “ұйықтап” қалған, немесе басқа шаруасы болған, әйтеуір келмеген.

Жаңақорған ауданында да сайлаушылар тізімінде 33 мыңнан астам адам болғанымен 10 мыңнан астамы келмеген. Арал, Қазалы аудандарында да қатыспағандар пайызы қалған аудандардан көптеу болып тұр.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өткен жылғы наурыздың 16-дағы халыққа Жолдауында “Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Бұл жұмысты сайлау үдерісі арқылы да жүзеге асырамыз. Біз осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда, оның жағымсыз тұстары да байқалды.

Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі” деген еді.

Осы сайлауда саяси жүйеге аралас сайлау жүйесі енгізілгенімен біз сайлауда қызығып дауыс беретіндер қатарын көбейте алдық па деген заңды сұрақ туындайды. Қала, аудан округтерін зерделегенде соншалықты бәсекелестік те байқалмайды. Сол үйренгендей “осы депутат болады-ау” дегеннің дауыс саны қасындағы қосалқы үміткерлерден анағұрлым көп. Бір кандидат 2 мыңның үстінде дауыс алып жатқанда қасындағылардың жинаған дауысы 200-ге де жетпейтіндігі көңілге күмән ұялататыны сөзсіз.

Үміткерлер арасында 10-ға жетпейтін дауыс алған үміткерлердің бұл сайлауда неден үміттенгенін ұға алмайтының сияқты, Қызылорда қаласындағы №12-ші сайлау округі бойынша бір мандатқа таласқан 4 үміткер арасындағы жеңімпаздың бар болғаны артық 4 дауыспен мандатқа ие болғаны бәсекелестіктің нағыз көрінісі екендігіне сенесің. Мәселен, жеңімпаз үміткер 514 дауыс жинаса, одан кейінгі үміткер 510, үшінші үміткер 437, ал төртіншісі 201 ғана дауыс жинаған.

Сондай-ақ осы округте дауыс берген 214 адам бәріне қарсы болған. Өкініштісі, бәсекені қоздырған мұндай талас-тартысты округтер саусақпен санарлықтай ғана.

Тағы да Қызылорда қаласының №20-шы сайлау округі бойынша мандатқа таласқан 5 үміткер арасында нағыз бәсеке болғаны байқалады. Мәселен, мандатқа ие болған үміткер 394 дауысқа ие болса, одан кейінгі үміткер 384, үшіншісі 182, төртіншісі 167, тағы бірі 81 дауысқа ие болып отыр. Бір қызығы осы округтен 434 сайлаушы бәріне қарсы дауыс берген.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған