Бүгінгі таңда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ішкі істер органдарының рөлі айрықша. Ал халықпен етене жұмыс істеп, әр отбасының тыныштығын күзететін негізгі мамандардың бірі – учаскелік полиция инспекторы. Қазіргі заманғы полиция қызметкері тек құқық бұзушылықтарды анықтап, олардың жолын кесумен шектелмейді. Ол ең алдымен азаматтардың сенімді тірегі, құқықтық мәселелер бойынша кеңесшісі әрі тұрғындармен полиция арасындағы байланысты нығайтатын маңызды тұлға.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу – учаскелік полиция инспекторы қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Өзінің функционалдық міндеттеріне сәйкес учаскелік инспектор халықпен тікелей байланыста болып құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған профилактикалық шараларға қатысады. Бұл ретте оның қызметі «жұртқа жақын полицей» қағидатын жүзеге асыруда ерекше маңызға ие.

Осы қағиданы берік ұстанған Қызылорда облысы Полиция департаменті Арал ауданы полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Тұрсынов Жанбота Байболатұлы қызметтік міндеттерін атқарумен ғана шектелмей қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін де жоғары қойып келеді.

Ол қызметтен тыс уақытта Жақсықылыш кентінің жастарын ұлттық спортқа баулып, олардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне өз үлесін қосуда. Жастарға атқа міну мәдениетін үйретіп, атбегілік өнерінің қыр-сырын меңгертуге баса мән беріп келеді. Осы арқылы өскелең ұрпақтың ұлттық спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай атадан балаға жалғасқан салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге, оны жас ұрпақтың бойына сіңіруге атсалысуда.

Жанбота Байболатұлының бұл игі бастамасы жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасап қана қоймай, олардың рухани-адамгершілік тұрғыдан қалыптасуына да оң ықпал етуде. Полиция қызметкерінің жасөспірімдермен осындай бағытта жұмыс жүргізуі құқық бұзушылықтың алдын алу ісімен де сабақтас. Себебі бос уақытын пайдалы іске арнаған, спортпен айналысып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жас қоғамның белсенді әрі жауапты мүшесі болуға ұмтылады.

Оның бұл еңбегі – қызметтік міндеттен тыс атқарылып жатқан қарапайым іс емес, ел болашағына салынған үлес. Жастарға уақыт бөліп, ұлттық спортты насихаттау арқылы Жанбота Тұрсынов кейінгі буынға өз үлгісін көрсетіп, олардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік, еңбекқорлық және ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Оның әрбір ісі – жас ұрпаққа берілген тағылым, әрбір бастамасы – ұлттық мұраны дәріптеуге қосылған үлес.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған