Осы сайлаудағы қызықтың бірі – бәріне қарсы болғандар. Бұл – биылғы сайлау жаңалығы. Президент айтпақшы, қоғамда, елде болып жатқан рефомаларды, саяси өзгерістерді елдің бәрі құптап отырған жоқ. Алаңға шығып айқай салмағаныменен, үндемей “әліптің артын бағып отырғандар” да аз емес. Қалай болғанда да олардың да үнін, дауысын билік естуі, тыңдауы керек. Қоғамды жаңғыртуда қисық кеткен тұсты түзету үшін де олардың аз көптігі аса маңызды. Сол үшін де сайлау бюллетеніне бәріне қарсымын деген бағана енді. Оларды да есептеп көрдік, аймақ бойынша 291 мыңнан астам сайлаушы дауыс берді десек, солардың 7260-тан астамы солар екен.

Аралда 37510 сайлаушының 471-і, Қазалыда 37681 сайлаушының 1314-і, Қармақшыда 26217 сайлаушының 480-і, Жаңақорғанда 15111 сайлаушының 116-сы, Сырдарияда 18611 сайлаушының 199-ы, Шиеліде 42468 сайлаушының 189-ы, Жаңақорғанда 33699 сайлаушының 365-і, Қызылордада 79885 сайлаушының 4129-ы бәріне қарсы. Неге? Елде жүріп жатқан саяси өзгерістерге көңіл толмаушылық та, үміткерлерге қарсылықта осы бағанада тұрғаны анық. Сондай-ақ Қазалы, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласында олардың көбірек көрінуі де кездейсоқтық еместігі белгілі.

Қазалыдағы №6 округте мандатқа таласқан үш үміткер 2725 дауыс жинаған. Ең көбі 1915, азы 360, алайда бәріне қарсы болғандар 320. Демек, округ орналасқан Әйтеке би кентінің осы округінде шешілмеген проблемалар жетерлік, болмаса ұсынылған үміткерлер көңілден шықпай отыр. Қызылорда қаласында №10, №5 мектептері айналасын қамтитын 13-ші округте 2968 сайлаушы үміткерлерге дауыс берген, алайда 416 адам бәріне қарсы. Мәселе қайда? Біз осы сайлау қорытындыларынан сабақ алуымыз керек. Бүгінгі мәселе, кімнің мандатты иеленіп депутат болғанымен қатар, кімдердің қалып қойғанын да анықтау қажет. Қоғам неге бірыңғай басшыларды таңдады? Бәлкім, қосалқы үміткер әсерінен де сайлауда бәсекелестік болмады. Сайлау жүйесін жетілдіріп, партияларға да жеңілдіктер жасап, партияда жоқтар да үміткер болсын дегенімізбен, ел әлде де саяси үдерістерге сенбейді. Содан да нағыз бәсекелестерден гөрі қолдан жасалған, қосалқы үміткерлер сайлау көрігін қыздырмады?!

Ел додасына түсер танымал тұлғалар бұл сайлауда неге қызығушылық танытпады деген сұрақ та бар. Танымалдылыққа қатысты бүгінгі жас кәсіпкер, жас өндірісші, жас ғалым, жас дәрігер дегендей әр саланың мықтыларын жұрт біле бермейді. Қарапайым мұғалімнен гөрі мектеп директорларының, жас өндірісшілерден гөрі өндіріс бастығының, жәй дәрігерден гөрі емдеу орындары бас дәрігерлерінің танымалдылығының басымдығы бұл сайлауда оларға мандат берді. Бұл да – біздің қоғамның осал тұсы.

Қордаланып қалған әлеуметтік мәселелердің көптігі, халықтың тұрмыс жағдайының, табысының төмендігі де “бәріне қарсыларды” көбейтті. Сондай-ақ басшыларға тән жемқорлық мәселесі де осы жолғы үміткерлерге үміт етпейтіндердің бағанасын бекітті.

Жалпы сайлауға қатысты әр саннан бір мәселе, бір түйін шығары анық. Содан да сайлауға қатысушылар жағынан еліміз бойынша көш бастағанымызды мақтан ете отырып, сайлау қорытындысында байқалған осал тұстарды да мықтылау керек.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған