Жалағаш қай кезде де болсын ауқымды жұмыс, жарқын жобаларды іске асыруда алда келе жатқан аудан. Тоқсан жылдан астам тарихында дамудың түрлі сатысынан өтті. Бүгінде қай салада болсын, ілгерілеушілік байқалады. Халықтың көкейінде жүрген мәселелер ескеріліп, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму динамикасын көтеру, автомобиль жолдары, елдімекен аралық жолдарды жөндеу сынды жұмыстар жүруде. Жалағашта бұған дейін де кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан түрлі жобалар биыл да жалғасын табуда.

Тағайындалғанына 4 айға жуықтаған аудан әкімі Ардақ Ибраимов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен жылдың қорытындысы мен алдағы атқарылатын жұмыстарды БАҚ өкілдеріне баяндады. Әр жылдары мұнай және құрылыс компанияларында басшылық қызметтер атқарып, облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, аудан әкіміне дейін жеткен Ардақ Ибраимовтың басқарып отырған ауданның бүгінде әлеуеті артқан. А.Ибраимовтың қызмет баянында бір жылдары Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінің әкімі болғанын да айта кеткеніміз жөн. Бірақ та 5000-ға жуық тұрғыны бар кентті басқарумен 35000-нан аса халқы бар ауданды басқару айырмашылығы арасы жер мен көктей десек артық айтпаймыз. Айта кету керек облысымыздағы әкімдердің арасындағы ең жас әкім Ардақ Ибраимов.

– Аудан бюджеті өткен жылы 10,8 млрд. теңгені құрап, 99,9 пайызға атқарылды. Өз кірістеріміз 1,9 млрд. теңгеге орындалды. 2024 жылға бекітілген аудан бюджеті 10,2 млрд. теңге көлемінде қалыптасты. Оның ішінде жергілікті кірістер болжамы 2,2 млрд. теңге, субвенция 4,1 млрд. теңге, трансферттер 3,5 млрд. теңге, бюджеттік кредиттер 0,4 млрд. теңге,-деді аудан әкімі.

Ауданда есепті кезеңге кәсіпкерлік саласында қаржы институттары арқылы 4,8 млрд. теңге тартылып, 206 жоба қаржыландырылды. Қолдау шараларының негізінде 207 жаңа жұмыс орны ашылды.

Соңғы жылдары жол құрылысы қарқын алып, сапасы сын көтермейтін елді мекендердің ішкі көшелері күрделі және орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ елді мекендерді ауданмен байланыстыратын жол да назардан тыс қалмаған екенін атап өтті.

– Өткен жылы жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құрайтын 10 жобаны іске асырдық. Оның 984,9 млн. теңгесіне Есет батыр-Жаңадария бағыты, Жаңаталап-Аққыр бағытындағы және Ақсу ауылына кіреберіс аудандық маңыздағы автомобиль жолдары­на жөндеу жұмыстары жүргізілді. 1,6 млрд. теңге Жалағаш кенті және 5 елді мекеннің 20 көшесіне жөндеу жұмыстарына жұмсалды,- деді Ардақ Ибраимов.

Бүгінде аудан халқының 45,1 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ақсу, М. Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын да атап өтті.

– 2023 жылы Жалағаш кентіне қарасты “Ақтерек” уческесіндегі жаңа тұрғын ауданын газбен жабдықтау жүйесінің құрылысына республикалық бюджеттен 603 млн теңге қаржы бөлініп, газ құбырын тарту жұмыстары толығымен аяқталды. Ал, бүгінгі таңда Ақсу, М.Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы жобалар жүзеге асқан уақытта аудан тұрғындарының 50 пайызы газбен қамтылатын болады. Біз елді мекендерді газдандыру жұмыстарын кезең-кезеңмен іске асыратын боламыз. Сонымен қатар, 2024 жылы Қаракеткен, Далдабай және Бұқарбай батыр елді мекендерін газ­дандыруға жоба-сметалық құжаттар әзірленетін болады,- деді аудан басшысы.

Сондай-ақ аудан әкімі елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша нақты нәтижеге жұмыс жасағанын айтты.

– Аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. 2023 жылы Аққұм, Мәдениет елді мекендерінің ауыз су жүйесін кеңейту және «Ақтерек» учаскесінің су ұңғымалары, су жинау-тарату кешенінің құрылысы мен сумен жабдықтау жүейсенің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы Аламесек ауылдық округінде ауыз су жүйесін кеңейту және Жалағаш кентіне тозығы жеткен құбырларды ауыстыруға жоба-сметалық құжаттама әзірленетін болады,-деді аудан әкімі.

Сонымен қатар ауданның экономикалық өсуін қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар да жүйелі жүруде. Жергілікті бюджет есебінен ауданды абаттандыру бағытындағы жұмыстар іске асырылуда. Өткен жылы аудан бойынша абаттандыру жұмыстарына 119,6 млн теңге қаржы қаралып, 10 жоба сәтті жүзеге асты. Осының нәтижесінде, аудандағы 4 елді мекеннің көшелері жөнделді. Сонымен қатар, 5 елді мекенде балалар ойын алаңының құрылысы жүргізілді. Ал, осы жылы аудандық бюджет есебінен 3 елді мекенде жаңадан балалар ойын алаңы салынса, 2 әлеуметтік нысан газ отынына қосылмақ.

МҰХАММЕДШАХ КАЮП

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған