Оңтүстіктегі іргелі аудандардың бірі Жаңақорған десе бірден шипажайын айтамыз. Сондай-ақ жыл сайын аймақта өнім өндіретін өндіріс орындарының саны көбейіп келе жатқанын да ақпараттандырып келеміз. Мәселен ауданда 2022 жылға қарағанда өткен жылы өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 124,2 пайызға артық орындалған. Яғни ауданның экономикалық дамуы бойынша 140 млрд теңге игерілген. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тлеуімбетов аудан тұрғындарының әлеуметтік және экономикалық жағдайының жақсарғанын мәлімдеді.

Өткен жылдың қорытындысы түгел баяндалған брифингте ауданда атқарылған жұмыстың аз емес екенін білдік. Онымен қоймай, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2022 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 2023 жылы 105,4 пайызға артып, 60,5 млрд теңгені құраған.

– Тұрғын үйлерді пайдалануға берудің жалпы ауданы 58 265 шаршы метр болып, 2022 жылмен салыстырғанда 101,2 пайызды құрады. Бөлшек сауда көлемі 8,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,2 пайызға артты. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы көлемі 34,5 млрд. теңгеге жетіп, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,7 пайызды құрап отыр. Ал өндірілген мал өнімдерінің көлемі бойынша 2024 жылдың 1 қаңтарына статистикалық мәлімет бойынша ет  8 533 тонна, сүт, 14 264 тонна, жұмыртқа 2 млн 152 мың өндірілді, – деді аудан әкімі.

Бүгінде аудан бойынша 35 елді мекен орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ауданда суды жинау, өңдеу және бөлу бойынша қызмет көрсететін 2 кәсіпорын бар, оның екеуі де мемлекеттік меншікте.

– Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мақсатында 2023 жылға республикалық бюджеттен 2,6 млрд. теңге қаржы қаралып, Тақыркөл су қоймасының магистральды су өткізгішінің екінші желісі Талап топтық су құбырын кеңейту. Қожамберді, Сүттіқұдық, Жайылма ауылдарының ауыз су жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр,- деді Мұрат Тлеуімбетов.

Ауданда электр тарату жүйелерінің тозу көрсеткіші 80 пайызға жеткен болатын. Осы туралы да аудан әкімі айтып өтті.

– Жаңақорған кентіндегі электржелілік жүейні жаңғырту жобасы 2022 жылы бастау алған болатын. Жобаның жалпы сметалық құны 3,4 млрд. теңге. Бүгінгі таңда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы жоба іске асырылуда. Жобаны іске асыру үшін 2022 жылы республикалық бюджеттен 900 млн. теңгеге жуық, 2023 жылы 1 млрд. 176 млн. теңге бөлінді. Ал осы жылға қалған 849 млн. теңге қаржысы бөлінді. Жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады,-деді аудан басшысы.

Брифинг соңында аудан әкімі БАҚ өкілдері қойған бірнеше сұраққа жауап берді.

Күзде әлеуметтік желіде Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкілі Бақтияр Ахметовтың қол астындағы қызметкерлеріне боқтық сөз айтқаны туралы аудиожазба тараған еді. Біз өз тарапымыздан осы ақпараттың рас немесе өтірік екеніне қатысты сауал қойдық.

– Бұл ешқандай дәлелденбеген. Қай жылы болғаны да белгісіз. Оны әлеужеліге шығарған адамның өзі аппарат бастығы деген. Бірақ, ол еш жерде дәлелденген жоқ. Құжат бойынша дәлелденген болса, оған тиісті шаралар қабылданатын еді, – деп, әкім жауап берді.

Бейресми ақпараттарға сәйкес, аудандағы Жастар орталығына көлік берілген. Бірақ оны Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының басшысы өзіне алып, қызмет бабына пайдаланып жатыр деген де ақпарат бар. Брифингте мұның да анық-қанығын Тлеуімбітовтен сұрадық.

– Иә, ол ақпарат рас. Қызмет бабында көлік қажеттігіне байланысты ол көлік аппарат басшысына берілді. Жастар орталығы өзіне қажет кезде көлікті алып, пайдалана алады, қалған уақытта аппарат басшысының пайдалануына келісімін берген, – деп, аудан әкімі шындықты жасырмады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған