Қызылорда десе, көпшіліктің ойына аптап ыстық, құрғақшылық, тұзды топырақ пен су тапшылығы келеді. Мұндай табиғи ерекшеліктер өңірдегі ауыл шаруашылығына өзіндік қиындықтар туғызатыны белгілі. Дегенмен осындай жағдайда да өзгелер мүмкін емес деп санаған істі қолға алып, жақсы нәтижеге жетіп жүрген жандар бар. Соның бірі –жылыжай шаруашылығымен айналысып, Қызылордада лимон, банан, папайя, мандарин, кумкват секілді экзотикалық жемістер өсіріп отырған Ақерке Тәжекеева. Ол Қызылордада тропикалық жеміс өсіру мүмкін емес деген түсінікті тәжірибемен өзгертті.

– Жылыжай шаруашылығына қанша жылдан бері ден қойып келесіз?

– Өзім қазіргі уақытта «Болашақ» университетінде аға оқытушымын. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрімін. Биолог-эколог мамандығында білім алып жатқан студенттерге сабақ беремін. Сонымен қатар университеттің жылыжайын басқарамын, меңгерушісімін. Жалпы жылыжай шаруашылығымен айналысқаныма 27 жыл болды. Ал университеттегі жылыжай жұмысын қолға алғаныма 10 жылға жуықтады.

– Қызылорда жағдайында экзотикалық жемістер өсіруге алғаш рет қашан қызығушылық таныттыңыз? Бұл істі бастауға не түрткі болды?

– Біздің алғашқы тәжірибеміз топырақсыз гидропоника әдісінен басталды. Алғашында жолдасым екеуіміздің шағын ғана жылыжайымыз болды. Көлемі шамамен үш метрге дейін жететін. Үйдің алдына шағын парник жасап, көшет өсіруден бастадық. Бастапқыда көшеттерді өзіміз тұқымнан өсірдік. Базардан дайын көшет сатып алмайтынбыз. Үйдің алдындағы шағын жылыжайда тұқым егіп, оны күтіп-баптап, әдемі көшеттер алатынбыз. Кейін жылыжайдың көлемін біртіндеп ұлғайттық. Алғашында қияр, қызанақ сияқты күнделікті тұтынатын көкөністерді өсірдік. Кейін бұрыш, баклажан және басқа да дақылдарды қолға алдық. Көктем мезгілінде көшет өсіріп, базарға апарып сататынбыз. Жылыжайдағы бос орындарды да тиімді пайдалануға тырыстық. Негізі Қызылорда облысының табиғи жағдайын ескерсек, жылыжай шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар. Біздің климатымыз Шымкент, Сарыағаш, Түркістан өңірлерінің ауа райына біршама ұқсас. Тіпті Талдықорған, Петропавл, Павлодар сияқты өңірлермен салыстырғанда күн сәулесі мол түседі. Бірақ соған қарамастан, Қызылордада жылыжай шаруашылығы әлі де кең көлемде дамымаған. Көпшілік жеріміз тұзды, суымыз ащы, желіміз қатты болғандықтан жылыжайда өнім алу қиын деп ойлайды. Әрине, мұның бәрін ескеру керек. Біз де алғашқы кезде түрлі қиындықтарға кездестік. Әсіресе, жылыжайдың құрылысын дұрыс жасау маңызды. Шымкенттік  мамандар салған жылыжайлардың құрылымы біздің өңірдің қатты желіне төтеп бере алмайтын жағдайлар болды. Себебі әр аймақтың табиғи ерекшелігі әртүрлі. Сондықтан жолдасым екеуміз осы жұмысты тереңірек қолға алдық. Отбасымызбен жылыжай шаруашылығымен айналысамыз. Жылыжай салғысы келетін адамдарға да көмектесеміз. Құрылысын жүргізіп қана қоймай, кейін оны қалай пайдалану керектігін, қандай дақыл егуге болатынын, қалай күтіп-баптау қажеттігін үйретеміз.

Ал тропикалық жемістерді өсіру идеясы өзіміздің алғашқы тәжірибелерімізден кейін пайда болды. Шағын жылыжайда жұмыс істесек те, жақсы өнім алдық. Бұл бізде жаңа қызығушылық тудырды. Осыдан бес-алты жыл бұрын Шымкент пен Сарыағашта лимон өсіріп жатқан шаруалар туралы естідім. «Оларда өсіп жатса, бізде неге өспейді?» деген ой келді. Сөйтіп, Шымкент пен Сарыағашқа арнайы барып, лимон өсіріп жатқан адамдармен сөйлестім. Сонда олар Қызылордада лимон өсіру қиын екенін айтты. «Сіздер жақта су ащы, жер тұзды, сондықтан лимон өспейді» деді. Мен оған «Сіздерде өсіп жатса, бізде неге өспеуі керек?» деген ойымды жеткіздім. Содан кейін он шақты лимон көшетін алдырып, өз жылыжайыма отырғыздым. Бұл менің алғашқы тәжірибем болды. Нәтижесінде лимондарымыз жақсы өсіп, жеміс берді. Сол кезде қатты қуандым. Өйткені көпшілік мүмкін емес деп жүрген нәрсенің біздің өңірде де жүзеге асатынын көрдік. Осыдан кейін лимон өссе, басқа жемістер де өсетін шығар деген ой келді.

– Алғашқы отырғызған өсім­дігіңіз лимон болды. Одан кейін банан өсіруге көш­тіңіз. Бананның Қызылорда жағ­дайын­да жеміс бергені де таңға­ларлық және жақсы…

– Иә, алғашқы тропикалық жеміс ағашымыз – лимон. Одан кейін банан өсіруге кірістік. Шымкент пен Сарыағаштағы диқандар банан өсіріп жатқанын көрген соң, біз де бірнеше түрін алдырып, тәжірибе жасадық. Банан да жақсы өсті. Ең қызығы, келесі жылы жеміс берді. Бананның ерекшелігі дұрыс күтім жасалса, өсіп-жетіліп, шамамен тоғыз айда жемісі піседі. Алғаш отырғызғаннан бастап есептегенде, келесі жылы өнім алуға мүмкіндік болды. Мысалы, лимон басында қанша өнім берсе, кейіннен одан артып көбейе береді. Бананымыз жеміс берген кезде қатты қуандым. Сол сәтте «Қызылордада банан пісіп жатыр» әлеуметтік желіге жарияладым. Содан кейін қызы­ғу­шылық тіпті арта түсті. Қызылордалықтар ғана емес, Шымкенттегі таныста­рым да таңғалды. Көп адам келіп көруге рұқсат сұрады. Әсі­ресе, банан ағашының үлкен жапырағын көргенде таңғала­тындар көп. Кейбіреулер оны гүл деп ойлайды. Банан екенін айтқанда, жемісінің қалай өсетінін өз көздерімен көргісі келеді. Сол кезде адамдардың жылыжайға деген қызығушылығы маған да ерекше әсер етті. Қара­пайым тұрғындар үшін бұл таңғаларлық жаңалық болғанымен, біз үшін ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі.

– Қазіргі уақытта жылы­жайыңызда жемістердің қандай түрлері өсіп жатыр?

– Қызығушылығым артып, тропикалық басқа да жемістерді өсіруді қолға алдым. Қазір жылыжайымызда лимон, банан, папайя, мандарин, кумкват, апельсин, пандероза, ананас сияқты өсімдіктер бар. Біздің жылыжайдағы өсімдіктер біртіндеп қалыптасқан ортаға бейімделді. Қазір олар бірдей температураға үйренді, суару мен қоректендіру жүйесін де соған қарай реттейміз. Сонымен қатар жылыжайда құлпынай, көкөністер және түрлі көшеттер өседі. Біз бос орын қалдырмауға тырысамыз. Жылыжайдың сөрелеріне дейін тиімді пайдаланамыз. Құлпынайдың да бірнеше түрін ектік. Қызым да осы жұмыстарға қызығушылық танытып, шоколадты құлпынай әзірледі.

– Алғашқы  жемістің сапасы мен көлемі көңіліңізден шықты ма?

– Алғашқы лимон ағашымыз бізді қатты таңғалдырды. Біз өсірген лимонның ерекшелігі көлемі үлкен әрі дәмі өзгеше болды. Бұл кәдімгі лимоннан бөлек, мейер лимонына ұқсас, апельсинмен будандасқан түрі. Жемісі базардағы лимондардан екі есе үлкен болды. Ең бастысы, дәмі қышқыл болғанымен, қабығымен бірге жеуге болады. Кәдімгі лимонның ащылығына байланысты кейбір адамдар оны қабығымен жей алмайды. Ал біздің өсірген жемісіміздің дәмі өзгеше. Бір қызығы, жылыжайға келген адамдар лимон ағашын көріп, жемісін сатып алғысы келетін. Біз бастапқыда оны сатуды ойлаған жоқпыз. Әдемілік үшін қалдырдық. Бірақ келушілер қоймай сұраған соң, аздап сатуға тура келді. Мысалы, дүкенде лимонның бағасы 200-250 теңге болса, біз өз өнімімізді шамамен 500 теңгеден ұсындық. Сонда да адамдар бес-он түйірден сатып алуға өтініш білдірді. Өйткені көлемі де, дәмі де ерекше еді.

– Қызылорданың жазы ыстық, қысы суық климатында тропикалық өсімдіктерді өсіру қаншалықты қиын? Жылыжайда қажетті температура мен ылғалдылықты қалай сақтайсыздар?

– Біз ең алдымен жылыжайдың құрылысын жергілікті ауа райына бейімдеп салуға мән бердік. Қатты желге төтеп беруі керек. Қыста жылу жүйесі жұмыс істейді. Өсімдік­тердің жағдайын үнемі бақылап отыра­мыз. Бір жақсысы, уақыт өте келе өсімдіктеріміз жылыжайдың ішкі жағдайына бейімделді. Қазір олардың барлығы бір температураға үйрен­ген. Суару мен қоректендіру жұмыс­тарын да жүйелі жүргіземіз. Жылы­жай шаруашылығында ең бастысы – өсімдікке қажетті жағдайды қалып­тастыру және оны үздіксіз бақылау.

– Банан, папайя, лимон және кумкваттың қайсысын өсіру оңай, қайсысы көбірек күтімді қажет етеді?

– Жалпы бұлардың барлығын өсіруге болады. Менің тәжірибемде әрқайсысы жақсы нәтиже беріп келеді. Бастапқыда әр өсімдіктің ерекшелігін зерттеп, қажетті жағдайын жасадық. Мысалы, банан тез өседі. Папайя да – жылдам өсетін өсімдіктердің бірі. Лимонның жеміс беруі үшін көбі­рек уақыт қажет. Бірақ бұлардың ешқай­сысы біз ойлағандай қол жетпейтін, аса қиын өсімдік емес екен. Бастысы – қорықпау, зерттеу, тәжірибе жасау және өсімдікке дұрыс күтім көрсету.

– Өсімдіктерді отырғызғаннан кейін алғашқы өнімді қанша уақытта алуға болады?

– Бұл әр жеміс ағашының ерекше­лігіне байланысты. Мысалы, лимон отырғызғаннан кейін шамамен екі жылдан соң жеміс бере бастайды. Ал банан келесі жылы өнім беруі мүмкін. Бананның жемісі шамамен тоғыз айда піседі. Папайя да тез өседі. Біз оны отырғызғаннан кейін бір жыл ішінде жақсы өсіп, келесі жылы гүлдеп, түйнек сала бастады. Яғни, дұрыс жағдай жасалса, жемісі көп күттірмейтін өсімдіктер бар. Бірақ мұның бәрі көшеттің сапасына, күтімге, температураға және басқа да жағдайларға байланысты.

– Бір жеміс түрін өсіру үшін қан­ша қаражат қажет болуы мүмкін? Мұн­дай жұмыстың шығыны ақтала ма?

– Бірден үлкен қаржы жұмсаудың қажеті жоқ. Мысалы, банан көшетін шамамен 15 мың теңгеге сатып алуға болады. Бір банан ағашынан 40 келіге дейін өнім алуға мүмкіндік бар. Бананның тағы бір ерекшелігі жеміс бергеннен кейін негізгі сабағы қурай бастайды. Оны кесіп тастаймыз. Ал түбінен жаңа өскіндері, яғни балалары шығады. Сол өскіндер келесі жылы жеміс береді. Демек, бір көшеттен бірнеше жыл бойы жаңа өнім алуға мүмкіндік бар. Лимонның көшетін шамамен 10 мың теңгеге сатып алуға болады. Жыл сайын ағаш өсіп, өнім көлемі де артады. Папайя көшетін де шамамен 15 мың теңгеге сатып алуға болады. Оның да өсу қарқыны жақсы. Дұрыс күтім жасалса, екі жыл ішінде жұмсалған қаражатты бірнеше есе қайтаруға мүмкіндік бар деп есептеймін. Әрине, мұның бәрі шағын жылыжайдағы тәжірибемізге негізделген. Біз әзірге үлкен көлемде сауда жасауды мақсат етіп отырған жоқпыз. Өзіміз тұтынамыз, артылғанын үйден сатамыз. Көп адам маған «Қыста жылу қосасыздар, сонда бұл шығынды ақтай ма?» деп сұрайды. Бес-алты банан, бірнеше лимон өсіргеннен бірден үлкен табыс түспейді. Бірақ жылыжайдың артықшылығы бір ғана жеміс ағашымен шектелмейсіз. Бір жерде көкөніс те, көшет те, жеміс те өсіруге болады. Біз көктемде қызанақ, бұрыш, баклажан көшеттерін дайындап, базарға шығарамыз. Жылыжайдың сөрелеріне құлпынай отырғызамыз. Аскөк, көк шөп сияқты өнімдер де өседі. Осылайша, әр маусымды тиімді пайдалануға болады. Менің ойымша, адам еңбектеніп, ізденсе, жылыжайдың шығынын ақтауға болады.

– Өзіңіз күткен нәтижеге жету үшін қандай тәжірибелер жасады­ңыз? Шетелдік тәжірибені зерттеп, өз жұмысыңызға енгізген кезіңіз болды ма?

– Әрине, тәжірибе жасау арқылы көп нәрсеге қол жеткіздік. Мыса­лы, лимон өсіруді қолға алған­да, ең алдымен Шымкент пен Сары­ағаш­тағы диқандардың тәжіри­бесін зерттедім. Олардың қандай көшет пайдаланатынын, қалай күтім жасайты­нын, қандай жағдайда өнім алатынын бақыладым. Бірақ бір өңірде жақсы нәтиже берген әдіс екінші өңірде дәл солай жұмыс істей бермейді. Сон­дықтан өзіміздің климатқа бейімдеуіміз керек болды. Бізде папайя жақсы өсті. Бір жылдан кейін гүлдеп, түйнек сала бастады. Жемісі қауынға ұқсайды екен. Папайяның жапырағы, жемі­сі және көк түйнегі туралы да көп мәлімет жинадық. Оның тағы бір ерекшелігі – көк түйнегінен сүт тәрізді сұйықтық бөлінеді. Папайяның осы бөлігіне шетелде ерекше мән берілетінін зерттеу барысында білдік. Себебі піскен жемісте мұндай сүт бөлінбейді. Папайяның жапырағын да зерттеп, оның емдік қасиеттері барын біл­дік. Біз жапырағын кептіріп, шай ретінде пайдаланып көрдік. Сосын папайяның піскен бір түйірі 10 мың теңге тұрса, үзілмей тұрған көк түйнегі одан он есе қымбат тұрады. Жолдасым екеуміз осы өсімдіктің ерекшеліктерін зерттеп, тәжірибе жинақтадық.

– Өнімнің дәмі мен сапасы сырттан әкелінетін жемістерден ерекшелене ме?

– Әрине, ерекшелігі бар. Ең бастысы, жергілікті жерде өсі­ріл­ген жеміс ағашында толық пісіп-жетіледі. Мысалы, сырттан әке­лінетін банандар көбіне көк күйінде үзіледі. Оларды тасы­малдау барысында пісіріп, дүкен сөрелеріне шығарады. Ал біздегі банан ағашта тұрып піседі. Сар­ғайып, иісі аңқып, піскен кезде өзі үзіліп түсетін жағдайлар да болды. Алғаш рет сондай сәтті көргенде қатты таңғалдым. Өйткені Қызылордада банан өсіріп қана қоймай, оның ағашта толық пісуіне қол жеткіздік. Лимонның да дәмі өзгеше. Өзіміз өсірген лимонның кө­лемі үлкен, қабығы жұқа, дәмі кәдім­гі лимоннан жұмсақтау. Оны қабы­ғымен жеуге де болады. Жергілікті жерде өсі­рілген өнімнің тағы бір артықшы­лығы оны өз уақытында жинауға болады.

–Бұған дейін Қызылордада үлкен ботаникалық бақ ашу жөнінде ұсыныс білдірген екенсіз. Бұл бастама қалай пайда болды?

– Өз жылыжайымызға адамдар жиі келіп, лимон мен бананды көргенде таңғалып жататын. Үлкен кісілердің өзі қызығушылық танытса, балалардың әсерін елестетіп көріңіз. Сонда менде неге Қызылордада үлкен ботаникалық бақ салмасқа деген ой туды. Оның ішінде әртүрлі цитрус ағаштары, тропи­калық өсімдіктер өсіп тұрса, мектеп оқушылары, балабақша тәрбиеленушілері, жалпы облыстың барлық ауданынан келген тұрғындар көріп, танысса деген арман болды. Өйткені банан ағашын көру үшін міндетті түрде Шымкентке немесе басқа қалаға барудың қажеті жоқ қой. Осындай мүмкіндікті өзіміздің Қызылордада жасауға болады.

Осы ұсыныспен шамамен екі жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі  Нұрлыбек Нәлібаевтың қабылдауына кірдім. Ол кезде қабылдауға кіретін адамдар көп болатын. Бірі жер сұрайды, бірі үй мәселесін көтереді, енді бірі басқа да өтініштерін айтады. Ал мен ешқандай жеке мәселе көтер­мей, Қызылордада үлкен ботани­калық бақ болса екен деген ұсыны­сымды жеткіздім. Оның ішінде лимон, банан, мандарин сияқты цитрус және тропикалық ағаштар өссе дедім. Мен өз жылыжайымда өсіп жат­қа­нын, бірақ оның көлемі шағын еке­нін жеткіздім. Ал ботаникалық бақ мем­лекет­тік деңгейде, үлкен көлемде жасал­са деген ұсынысымды айттым. Облыс әкімі бұл бастаманы бірден қолдады. Қалаға келген қонақтар да осындай ерекше орынды аралап көрсе жақсы болатынын айтты.  Қазір сол ұсыныстың желісімен Президент саябағында ботаникалық бақ ашылды. Ботаникалық бақтың құрылысы бас­тал­ғаннан бері оның жұмысына қызығу­шылықпен қарап жүрдік. Тіпті іргетасы құйылғаннан бастап бақы­ладық. Қандай топырақ төселіп жатыр, қандай өсімдіктер әкелінеді, қалай отырғызылады – бәріне мән бердік. Өсімдіктерді егу жұмыстарына да қатыстық, мамандармен бірге жүр­дік. Қазір де сол ботаникалық бақ­тың айналасындағы жұмыстарға арала­сып, өсімдіктерді күтіп-баптау, өсіру мәселелері бойынша көмектесіп жүр­міз. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Өйт­кені бір кезде айтқан ұсынысымның нақты іске айналғанын көрудің өзі ерекше сезім.

– Сіздің ойыңызша, ауыл шаруашылығында әйелдердің орны қандай? Өзіңіз бұл салаға неліктен қызығушылық таныттыңыз?

– Менің ойымша, ауыл шаруашылығында әйелдердің орны ерекше. Бұл салада еңбекқорлық, төзімділік, жауапкершілік және ұқыптылық қажет. Әйел адам бір істі қолға алса, оны аяғына дейін жеткізуге тырысады. Жылыжай шаруашылығында да күнделікті күтім, бақылау, өсімдіктің жағдайын түсіну маңызды. Мен бұл салаға қызығушылықпен келдім. Қазір осы жұмыстың өзіме ұнайтынын, көп нәрсені үйренгенімді түсінемін. Ең бастысы, өз еңбегіңнің нәтижесін көресің. Бір көшетті отырғызып, оның өсіп, гүлдеп, жеміс бергенін көру – үлкен қуаныш.

– Бір жеміс ағашынан жылына орта есеппен қанша өнім алуға болады?

– Бұл жеміс ағашының түріне және жасына байланысты. Мысалы, бананның бір түбінен 40 келіге дейін өнім алуға болады. Лимонның бір түбінен шамамен 20-30 түйір жеміс алуға мүмкіндік бар және ол әрі қарай көбейе береді. Ағаш үлкейген сайын өнім көлемі де артады.

– Тәжірибеңізді ғылыми жобаға немесе зерттеу жұмысына айналдыру ойыңызда бар ма?

– Әрине. Өзімнің негізгі мамандығым да осы салаға жақын болғандықтан, тәжірибемді ғылыми тұрғыдан жүйелеуге қызығушылығым бар. Қызылорда жағдайында лимон, банан, папайя және басқа да тропикалық жемістерді өсірудің өзіндік ерекшеліктері бар. Осы бағытта жинақталған тәжірибемізді әдістемелік нұсқаулықтарға енгізіп жүрміз. Лимон өсіру бойынша авторлық куәлік алдым. Енді банан мен папайяға қатыс­ты да материалдар дайындап жатыр­мын. Бүгінде 4 авторлық куәлік, 4 әдіс­темелік нұсқаулығым бар.

– Тропикалық жемістерді жергілікті жерде өсірудің қандай артықшылықтары бар?

– Біріншіден, өз өніміңіз болады. Екіншіден, өнімді толық пісіп-жетілген кезінде жинайсыз. Үшіншіден, көшетін де өзіңіз өсіріп, көбейте аласыз. Жергілікті жерде өсірілген өнімнің тағы бір артықшылығы – оның қандай жағдайда күтілгенін білесіз. Өзіміздің өнімімізді тұтынамыз, табиғи жолмен өсіруге тырысамыз. Сонымен қатар жылыжайдың пайдасы тек жеміс алумен шектелмейді. Оның ішінде гүл де, көкөніс те, көшет те өсіруге болады. Отбасы мүшелерінің барлығы осы іске араласады. Балалар да еңбекке үйренеді. Менің ойымша, әр үйдің ауласында шағын болса да жылыжай болғаны жақсы. Оның ішінде бірнеше жеміс ағашы, көкөніс, гүл өсіп тұрса, отбасы үшін де пайдалы.

– Жеміс өсіру әдісін мектеп оқушылары мен жастар арасында насихаттаудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

– Менің ұсынысым – әр мектепте шағын болса да жылыжай болуы керек. Бұл балаларды еңбекке баулудың, табиғатты танытудың және ғылыми жобаларға қызықтырудың тиімді жолы. Бізге де мектеп оқушылары келіп, жылыжайдағы өсімдіктерді зерттеуге қызығушылық танытады. Кейбірі ғылыми жобасына материал жинағысы келеді. Осындай балаларға мүмкіндік берген дұрыс. Жастарға айтарым: ауыл шаруашылығын тек ауыр еңбек деп қабылдамау керек. Қазір технология дамыды. Жылыжай шаруашылығын да заманауи тәсілдер­мен жүргізуге болады. Ең бастысы, қызығушылық пен ізденіс болса, жақсы нәтиже де, табыс та болады.

– Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңіз жемісті болып, Қызылордада тропи­калық жеміс өсіру бағытындағы бастамаларыңыз жүзеге аса берсін!

Сұхбаттасқан А.Әлиарыстан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған