Салауатты өмір салтын кеңінен насихаттап, қала тұрғындарын денсаулыққа шақырып жүрген Жандаулет Ондрей көпшілікке әуесқой спортшы ретінде таныс. Ол әр күні таңда тұрақты түрде жүгірумен, велосипед тебумен, гір көтерумен ғана шектелмей, облыс көлемінде спорт саласының алға ілгерілеуіне де үлес қосып келеді. Оның айтуынша, бүгінде спортпен айналысамын деген тұрғындарға қаражаттың қажеті шамалы. Өйткені, соңғы жылдары Қызылорда қаласында бұл бағытта барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
– Өзіңізді ең алдымен қалай таныстырар едіңіз? Кәсіби спорт маманысыз ба?
– Мамандығым бойынша құтқарушылық қызметтемін, азаматтық қорғау полковнигімін. Қазіргі таңда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің цифрландыру, ақпараттандыру және байланыс бөлімінің бастығы қызметін атқарамын. ТЖМ қызметі мені тәртіпке, жауапкершілікке, төзімділікке және кез келген жағдайда шұғыл әрі дұрыс шешім қабылдауға үйретті. Бұл қасиеттердің барлығы спортта да аса маңызды деп есептеймін.
Өзімді ең алдымен спорт саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар спортсүйер адам ретінде таныстырар едім. Мен үшін спорт — тек жарыс пен жүлде емес. Спорт адамды тәртіпке, еңбекқорлыққа, сабырлылыққа және қиындыққа мойымай, алға ұмтылуға тәрбиелейді. ТЖМ-дегі қызметім мен спорттағы тәжірибем бір-бірін толықтырып келеді. Сондықтан спортты мен өмірімнің ажырамас бөлігі деп қабылдаймын және алдағы уақытта жинаған тәжірибемді жастарға үлгі етіп, салауатты өмір салтын насихаттауға өз үлесімді қосқым келеді.
Сонымен қатар гір спортынан ардагерлер арасында әлем чемпионатында жеңімпаз атандым. Бұл жетістік мен үшін өте маңызды, өйткені ол ұзақ жылдар бойы еңбектенудің, тұрақты жаттығудың және спортқа деген адалдықтың нәтижесі деп білемін.
Спортпен айналысып келе жатқаныма 20 жылдан астам уақыт болды. Осы жылдар ішінде гір спорты, жүгіру және велоспортпен тұрақты түрде айналысып келемін. Жүгіруден 42 шақырым 195 метрлік толық марафон қашықтығын 11 рет бағындырдым. Бұл әдіс физикалық дайындықпен қатар үлкен төзімділік пен мықты ерік-жігерді талап етеді.
– Салауатты өмір салтын ұстану денсаулыққа қамқорлықтан туындаған ойдан бастау алды ма, әлде спортқа деген әуесқойлық па?
– Менде екеуі де бар. Бастапқыда спортқа деген қызығушылық болса, кейін оның денсаулыққа қаншалықты әсер ететінін түсіндім. Өзім үшін салауатты өмір салты белгілі бір кезеңге арналған жоба емес. Ол – күнделікті әдет. Бір күн жүгірдім деп денсаулық өзгермейді. Нәтиже тұрақтылықтан келеді.
– Спортты серік еткен бір топ қызылордалықтар болып, күнделікті басқосу ұйымдастырасыздар. Бұл тансық емес, бірақ біздің аймақ үшін алған жаңа бағыт деуге болады. Кімнің бастамасы және бұл қалай ұйымдастырылды? Арнайы қаржыландырылатын жоба ма?
– Басты идея – адамдарды таңертең ерте тұрып, денсаулықтың алғышарты ретінде қозғалыс жасауға ынталандыру. Арнайы жоспармен басталмады, бастапқыда жүгіргісі келетін адамдар жиналдық, кейін қатарымыз көбейді.
Бұл жерде ең маңыздысы — қаржы емес, адамдардың өз еркі мен қызығушылығы. Әркім өз уақытын бөліп келеді. Біріміз жүгірсек, біріміз жүреміз, біріміз жаттығу жасаймыз. Ең бастысы — бірге қозғалу, бірге салауатты өмір салтын ұстану.
2016 жылы «Оян, Қызылорда!» челленджімді жүзеге асырдым. Арада он жыл өткен соң бастаманы әрі қарай жетілдіріп, «Тән саулығы» атты жаңа жобаны қолға алдым. Оның шарты бойынша қатысушылар бір ай бойы күн сайын таңғы сағат 9:00-ге дейін үш тапсырманы орындауы тиіс. Белгіленген 6 жаттығуды жасау, 2 шақырым жүгіру және 5000 қадам жүру. «Тән саулығы» челленджі қатысушылардың біреуге бір нәрсені дәлелдеуі үшін емес, ең алдымен өз бойындағы теріс әдеттерді жеңуі үшін жасалды. Жаттығулар кез келген жастағы адамға орай ойластырылған. Ең бастысы – шешім қабылдап, бізбен бірге бастау. Қатысушыларды ынталандыру мақсатында әр адам ортақ есепшотқа үш мың теңге жарна енгізеді. Тапсырмалардың дұрыс орындалуы, уақыты, орны және басқа да талаптар бақыланады. Барлығы бейнежазбаға түсіріліп, жабық ортақ чатқа жіберіледі. Қатысушылардың жаттығулары Strava бағдарламасы арқылы қадағаланады. Ол GPS-трек, қарқын, биіктік айырмасы, жүрек соғу жиілігінің графигі және басқа да көрсеткіштер туралы толық мәлімет жинайды. Есепті ұйымдастырушылар жүргізіп, үздіктерді анықтайды. Шарт бұзылған жағдайда қатысушының жарнасы қайтарылмайды.
– Таңғы спорт түрін таңдаған адамдардың қатарында түрлі сала өкілдері де бар секілді?…
– Иә, ең қызығы да осында. Бір жерде әртүрлі саладағы адамдар жиналады. Мемлекеттік қызметкер де, кәсіпкер де, мұғалім де, спортқа енді келген адам да бірге жаттыға алады.
Спорт адамның қызметіне, жасына немесе әлеуметтік жағдайына қарамайды. Күнделікті таңертен бәріміздің жиналудағы мақсатымыз – денсаулыққа көңіл бөлу. Ай сайын челленджге әртүрлі орындар мен топтарда жаттықтырушылармен бірге айналысатын 100 адам қатысады.
– Әр аптаға түрлі жоспар қоясыздар ма?
– Әрине. Бір күні жүгіру, бір күні күш жаттығулары, кейде ұзақ қашықтық, кейде жеңіл қалпына келу жаттығулары болады.Біздің мақсат — күн сайын өзімізді қинау емес, ағзаны жәймендеп үйрету. Сондықтан жаттығудың түрін де, қарқынын да өзгертіп отырамыз. Әлеуметтік желілердің арқасында «Тән саулығы» челленджіне онлайн режимде Атырау, Орал, Алматы, Астана және еліміздің басқа да елді мекендеріндегі салауатты өмір салтын ұстанушылар күтпеген жерден қосылды. Ал Қызылордада жыл басынан бері қатысушылар саны, оның ішінде негізінен әйелдер, жеті жүзден асты.
– Қалай ойлайсыз, бұны көше спортына жатқызуға болады ма?
– Өзімнің ойымша болады. Себебі біз арнайы спорт залда жаттықпаймыз. Саябақта, жағалауда, көшеде, стадионда жаттығуға мүмкіндік қарастырылған. Спорт залға баруға мүмкіндігі жоқ адам да қозғалысты дәл қазір, өз ауласынан бастай алады.
– Бүгінде қаламызда арнайы жаттығуға, жүгіруге жалпы еркін спорт түрімен айналысуға барлық жағдай жасалған секілді… Сіздің пікіріңіз қандай?
– Келісемін. Біздің қала жүгіруге арналған алаңдармен толық қамтамасыз етілді. Президент саябағында, Ботаникалық бақта, Қорқыт ата және Тағзым алаңындағы скверлерде, Сыр Ана монументі маңындағы алаңда, Сырдарияның жаңа жағалауында таңғы таза ауамен салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалған. Қуантарлығы, осындай келбетті қалада жаңа ортақ мәдениеттің қалыптасуына өз үлесімізді қосып келеміз. Оның үстіне қаланың шырайын тек сәулеті ғана емес, тұрғындары да аша түсетіні белгілі. Таңғы самалмен салауатты өмір салтын ұстанып жүрген тұрғындар да бұл қаланың бір көркі деуге негіз бар.
– Біздің қала тұрғындары арасында осы немесе өзге де спортқа қатысты әдеттерді қалыптастырып, дәрі-дәрмекке тәуелділікке дейін жеткізбей, денсаулығын қолға алушылардың қатары артып жатқан секілді?
– Мен дәрігер емеспін, сондықтан дәрі-дәрмек мәселесіне медициналық кеңес бере алмаймын. Бірақ өз тәжірибемнен бір нәрсені анық айта аламын, денсаулыққа алдын ала көңіл бөлу өте маңызды. Қозғалыс, дұрыс тамақтану, ұйқы және тәртіп — адамның күнделікті әдетіне айналса, бұл өмір сапасына әсер етеді. Ең бастысы — ауруды күтпей, денсаулықты бүгіннен бастап күту.
– Жігерлендіру үшін қандай да бір сыйлық, не марапат та ұсынылады екен…
– Иә, бізде марапаттың мақсаты — біреуді жарыстыру емес, адамның өз нәтижесін бағалау. Кейде адамға үлкен сыйлықтан гөрі «сенің қолыңнан келеді» деген қолдау маңыздырақ. Сондықтан біз нәтижеге жеткен адамдарды атап өтіп, бір-бірімізге мотивация береміз.
Ай қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталады. Оларға жарналары қайтарылады, сонымен қатар демеушілер тарапынан 20 мың теңгеден сыйақы беріледі. Демеушілер қатарында белгілі кәсіпкерлер Асхат Шаукенбаев, Рауан Есбергенов және тағы басқалар бар. Жобаға қатысушылар денсаулығы үшін жаттығу залына немесе тренажерге ақша төлемейді, керісінше, талпынысы үшін сыйақы алады.
– Сіздер алған бағыттың басқа спорт түрінен өзгешелігі неде деп ойлайсыз?
– Меніңше, ерекшелігі — қолжетімділігінде. Арнайы қымбат құрал-жабдық немесе кәсіби дайындық қажет емес. Ең керегі — ниет, ыңғайлы аяқ киім және тұрақтылық. Бір адам бастағанда, екіншісіне мотивация болады. Осылайша жеке әдет командалық рухқа айналады.
– Денсаулығыңыздан да жақсы өзгерістер байқалатын болар?
– Әрине. Ең алдымен, күнделікті қозғалыс адамның өзін жақсы сезінуіне әсер етеді. Энергия көбейеді, тәртіп қалыптасады, көңіл-күй өзгереді.
Бірақ мен үшін ең үлкен нәтиже — жүгіру жылдамдығы емес. Ең үлкен нәтиже — спортты күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыра алғаным. Салауатты өмір салтымен тұрақты айналысуыма денсаулығыма қатысты жағдай себеп болды деуге де болады. Осыдан 18 жыл бұрын маған «ревматоидты артрит» диагнозы қойылды. Денемде, белімде, аяқтарымда түрлі ауырсынулар болды, ағзада өзгерістер байқалды. Дәрігер болмасам да, осы белгілермен ауырған адамдарға кеңес беріп, өзіме көмектескен тәжірибеммен бөлісе аламын. Әр адам өз ағзасын тыңдап, өзін тәртіпке салып және нәтижеге жұмыс жасау керек.
– Күн сайын таңғы 5-те жүгіруге сізге қандай мотивация күш береді?
– Менің мотивациям — өзіме берген уәдем. Таңғы 5-те жылы төсектен тұру оңай емес. Бірақ тұрып кеткеннен кейін: «Бүгін де өзім үшін бір нәрсе жасадым» деген сезім пайда болады. Ал адамдардың күтіп тұрғанын білу — одан да үлкен мотивация.
– Ерте тұрып жүгіру өміріңізді қалай өзгертті?
– Ең бастысы тәртіп қалыптасты. Таңертеңгі бір сағатты өзіңе арнаған кезде, қалған күнге де көзқарасың өзгереді. Жүгіру тек денені емес, мінезді де шыңдайды. Кейде жүгіргің келмейді. Сонда да шығасың. Өмірде де дәл сондай жағдайлар көп.
-Таңғы 5-те жүгіруді әдетке айналдыру үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Бірден 10 шақырымнан бастамау керек. Ең алдымен аздан бастаңыз. Мысалы, 15–20 минут жаяу жүріңіз, кейін жеңіл жүгіріңіз. Ең бастысы — күн сайын жасау. Кешкі уақытта киіміңізді, аяқ киіміңізді дайындап қойыңыз. Таңертең шешім қабылдауға уақыт қалдырмаңыз, ояныңыз да шығыңыз.
– Жүгіру кезінде ең қиын болған кез және оны қалай жеңдіңіз?
– Ең қиын нәрсе — аяқтың шаршауы емес, кейде адамның өз ойы. «Бүгін жүгірмей-ақ қояйын» деген ой келеді. Оны мен тәртіппен жеңдім. Мотивация күн сайын бола бермейді. Ал тәртіп болса, сізді бәрібір орныңыздан тұрғызады.
– Жүру мен жүгірудің айырмашылығы неде деп ойлайсыз?
– Екеуінің де пайдасы бар. Міндетті түрде жүгіру керек деген сөз жоқ. Кейбір адамға жылдам жүрудің өзі — үлкен бастама. Бастысы, қозғалыссыз отырмау. Бүгін жүрсеңіз, ертең бірнеше минут жүгіріп көруіңіз мүмкін.
– Дерек те, пікір де әртүрлі. Бірі күніне 10 мын қадам дұрыс десе, енді бірі қарсы пікірді құптайды. Бұған не дейсіз? Жалпы, қай кезде дұрыс немесе қай уақытта болмайды?
– 10 мың қадамды міндетті норма деп қабылдаудың қажеті жоқ. Адамның жасы, денсаулығы, дайындығы әртүрлі. Менің ойымша, ең дұрыс тәсіл — өз деңгейіңнен бастап, біртіндеп көбейту. Бір адамға 5 мың қадамның өзі жақсы бастама болуы мүмкін, ал дайын адам үшін одан да көп қозғалыс қажет болуы мүмкін. Ең бастысы — күн бойы қозғалыста болу және ағзаның жағдайын ескеру.
– Тамақтану тәртібінде шектеу бар ма? Тән саулығы тек жүгірумен шектелмейді…
– Мен үшін салауатты өмір салты тек жүгірумен ғана байланысты емес. Тамақтану, ұйқы, демалыс — бәрі маңызды. Өзімді қатты шектеп, «мынаны мүлдем жеуге болмайды» деген қағида ұстанбаймын. Ең бастысы — мөлшер мен тәртіп. Спортпен айналысамын деп тамақтануды бақылаусыз жіберуге де болмайды.
– Салауатты өмір салтын ұстануды бастағысы келетін адам алдымен не істеу керек?
– Менің кеңесім өте қарапайым: бүгін бастаңыз. Ертеңді, дүйсенбіні, немесе жаңа жылды күтудің қажеті жоқ. Бүгін 20–30 минут жаяу жүріңіз. Ертең тағы қайталаңыз. Бірте-бірте жүгіруді, жаттығуды қосасыз. Ең бастысы өзіңізді ешкіммен салыстырмаңыз. Өзіңіз кеше қандай болдыңыз, бүгін қандайсыз айырмашылық сол жерде. Денсаулық – бір күндік нәтиже емес. Ол күн сайын жасалған кішкентай таңдаулардың нәтижесі.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан А.Әлиарыстан