Қазақ тілі — қазақ халқының  басты рухани байлығы. Қазақ тілі — мемлекеттік тіл. Біздің ата-бабамыздан қалған баға жетпес  мұра. Әр халық үшін тіл ең басты  құндылық болып табылады. Тіл-әрбір ұлттың мақтанышы, жан  дүниесінің  айнасы.

         Тіл – халықтың  сан  ғасырлық тарихы. Әлемдегі кез келген халық  тәуелсіздікке  ұлттық  қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, әрбір мемлекет өзінің тілін әрқашан да қастерлеп, қорғап жүру қажет.

Тілге деген құрмет-халыққа деген құрмет.Тілсіз халықтың,елдің өмір сүруі мүмкін емес.Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын жарқыратуымыз керек.Тіл-қастерлі де, қасиетті ұғым.Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп,қалыптасады.Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер-ана тілі.

Мемлекеттік тіл- әрбір елдің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және  іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру- Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.

     Мемлекеттік тіл дегеніміз- қоғамның барлық саласында  қолданылуға тиіс міндетті тіл. Халықтың сақталуы тіліне байланысты. Тіл-әрбір  елдің қуатты күші, сонымен бірге мәдениеті, байлығы.Ал мәдени, рухани  байлық  деген  халықтың  ақыл-ойының көрінісі.Қазақ тілі-дүниежүзіндегі ең бай көркем тілдердің бірі.

    Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеретін жан-жақты ұйымдық-насихаттық жұмыс аса қажет. Қоғамда мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілік пен  құрметтеу  отаншылдық  қасиеттің  бөлінбес  компоненті  деген  ұғымды қалыптастыру, мемлекеттік тілді білгісі келгендердің ықыласын бағалап, көтермелеп отыру да маңызды.

Сот саласында да мемлекеттік тілдің қолдану аясын арттыра түсуге қазіргі таңда айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Іс қағаздарының бәрі тегіс мемлекеттік тілде жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту жолында еліміздің әрбір азаматы, әрбір мемлекеттік мекеме мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қолданыс аясын кеңейту жолында атсалысуға міндетті. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды  жүзеге  асыруды  жалғастыру  керек.

    Сондықтан тіліміздің шұбарламай, оның көркемдігін сақтау-әрбір азаматтың  міндеті  деп  білемін.

    Мемлекеттік тілімізде сөйлеу- баршамыздың басты парызымыз.

Қалдыбаев Бақытжан

Жаңақорған аудандық сотының

бас маманы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған