Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында ғылым елдің бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін өндірістің жаңа технологияларына бағытталатыны айтылды. Өндірісті құр дамытпай оны инновацияға бағыттау – бұл бүгінгі күн талабы. Ғылым өз-өзін қаржыландыра отырып, ғылыми жаңалықтар ашумен қатар, оны өндіріске енгізіп, халықтың әл-ауқатын арттырудағы басты тұс импортты алмастырып, нарықтағы сұранысқа ие тауар мен өнім шығаруға бейім болуға тиіс. Осы бағытта айағымызда қандай жұмыстар жүргізілуде, ғылымды дамытудың қандай жолы бар, жергілікті өндіріске жергілікті ғылымның үлесі, осы мәселелерге орай жергілікті ғалымдар пікірін білгенді жөн көрдік. Әрі 12-ші сәуір – Ғылым күніне орай Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Ғылым әлемді құтқарады» айлығын өткізуде. Осы шара аясында «Болашақ» бағдарламасымен шетелдік ірі жоғарғы оқу орындарында тағылымдамадан өтіп келген университет ғалымдарымен редакцияда басқосу ұйымдастырылды.

Әңгімеге өзек болған сауалдар:

1. Сіздің ғылыммен айналысуыңызға себеп? Жалпы ғылымға қалай келдіңіз?

2. Ғылыми жобаларыңыздың қаржыландырылғандары болды ма?

3. Өзіңіздің зерттеулеріңіздің нәтижелерінен адамдар қандай пайда көре алады?

4. Бүгінгі таңда мектептерде бастауыш сы[1]нып оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуы жайындағы пікірлеріңіз…

5. Қазақ ғылымының негізгі артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

6. Алдағы 10 жылда ғылымнан қандай серпінді жаңалықтар күтуге болады?

7. Шет мемлекеттердің ғылымға деген ынтасы қандай, ғылыми жобаларды қаржыландыру мәселесі ол жақта қалай шешілген, қандай талаптар қойылады?

8. Университетте ғылыммен айналысуға қандай жағдай жасалған?

9. Қоғамда ғылым жаһандық мәселелерді шешуші құрал ретінде таныс. Қазіргі жаһандық мәселе сіздер үшін қандай? Және оны шешу тұрғысындағы ойларыңыз?

10. Ғылым мен өндірістің ықпалдастығы жөніндегі ойларыңыз… Сіздер барған елдерде бұл мәселе қалай шешіліп жатыр екен?.

Ғылымға қадам қызығушылықтан басталады

Сөз басы ғылымға қызықпайтын заманда ғылымға қалай келдіңіздер деген сауал бойынша өрбіді.

А.Шәкірбекқызы: 1995 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтын экономист-шығыстанушы мамандығы бойынша ең алғашқы бітірушілер болдық, әрі ең алғашқы қазақша оқу тобы едік. Мақаланы қазақша жазу, конференцияларда қазақша сөйлеу деген мәселелер сол кезеңдерден басталды. Ол уақыттарда флешка, интернет деген жоқ. Бәрін қолмен жазамыз, машинкамен тереміз. Қазіргі жастарға айтсаң «соғыс кезін» айтып отырғандай боласың ғой. 40 теңге шәкіртақы алатынбыз. Жарық жиі өшіп, шамның жарығымен оқыған жастардың бірі болдым. Конференцияларға қатысуды ұнататынмын. Кафедраның оқытушылары сол қасиетімді сыртымнан байқап жүреді екен. Диплом жұмысын нақты қолданбалы мақсатта жазғым келді. Құмкөлдің акциясы сатылып, «Оңтүстікмұнайгаз» акционерлік қоғамы құрылып, қарапайым халық үшін заман түсініксіз болып жатқан тұс еді. «Акция деген не? Неден басталады, оның бізге не керегі бар? – екендігіне қызығушылық танытып, зерттеп көрейін деген мақсатта өз ұсынысыммен кафедра меңгерушісі Азаматова Алма Баймаханқызына айтып, ректордың атынан қатынас хат жаздырттық, нәтижесінде 2 қызды қазіргі Құмкөлге жіберді. Сол жерден біз зерттеу жұмыстарын жасауды, экономикалық талдауды үйрендік. Компанияның жарғысы, оның бөлінуі деген мәселелерге қанықтық. Оларға да студенттермен жұмыс жасау жаңалық болды ма, жатырқамай білгендерін үйретіп, қажет ақпараттармен қамтамасыз етіп жақсы қабылдады. Сонымен, диплом жұмысын жоғары деңгейде орындап, үздікке қорғап шықтық.

Өндірістік тәжірибеден өткен 2 қызды ректорға алып кіріп, жақсы мінездемемен кафедраға алып қалды. Бірақ, мен көп ұзамай отбасы жағдайыммен университеттен кетіп қалдым да, 5 жылдан кейін қайтып келіп, конкурстық негізде жұмысқа қабылдандым. Негізгі мамандығым – экономист-шығыстанушы. 1999 жылдар Араб елдерімен қарым-қатынас, мұсылмандыққа бет бұру, исламдық экономика деген мәселелер күн тәртібіне шығып жатқан кез. Содан Араб елдері мен Қазақстанның қарым-қатынасын зерттеуге ден қойып, тақырып бойынша «Тұран» университетінен ғылыми жетекші тауып, ғылымға қайта бетбұрыс жасадым. Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде (Нархоз) «Қазақстан мен Араб елдері арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың қалыптасуы мен дамуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациямды сәтті қорғадым.

С.Бихожа: Елімізде осы тақырып бойынша қорғаған ғалымдар бар ма екен?

А.Шәкірбекқызы: Қазақстанның өзге елдермен қарым-қатынасын зерттеген мамандар бар. Дәл Араб елдерімен қарым-қатынасты зерттеген ғалымдарды кездестірген жоқпын. Ғылыми зерттеулерімде елші, әрі экономист ғалым Болатхан Тайжанның көп еңбектеріне сүйендім. Дінтанушы болғанмен Әбсаттар Дербісәлінің еңбектерін қызығып оқып, деректеріне тоқталдым. Ғылымның даму бағытының өзгеруіне байланысты бұл тақырып қазіргі кезде исламдық экономика деген мәселеге қарай ойысты. Соған сәйкес қазір макроэкономикалық, халықаралық экономикалық байланыстар, әлемдік экономикадағы тенденциялар бағытына қарай бет түзедік.

Әбдімомынова Алма Шәкірбекқызы –
М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік
университетінде тағылымдамадан өтіп келген,
экономика ғылымдарының доценті

Өлкеңнің тарихын зерттеу – бір бақыт

Ә.Тәжекеев: Археология – сирек кездесетін ғылымдардың бірі. Қорқыт Ата университеті «археолог-этнолог» мамандарын 1995 жылдан бастап дайын[1]дайды. Бұл сала Қазақстан бойынша бар-жоғы 6 оқу орнында ғана бар. Талапкерлердің аз болуы себепті оның өзі кейде 5, кейде 4 оқу орны болып қалады. Біздің университетте жыл сайын үзілмей талапкерлер қабылданып келеді. Менің бұл мамандыққа келуімнің өзі бір қызық болды. 2002 жылы Қорқыт Ата университетіне қабылданған кезде бұл мамандық бойынша ақпарат көп білмейтінбіз. Тарих – география мамандығына құжат тапсырдым. Бірақ грантқа 1 балл жетпей қалды. Ақылы оқудың бағасы жоғары болды. Басқа мамандықтарды қарастырған кезде сол кездегі кафедра меңгерушісі Оразбақов Айтжан деген кісі жаңа топ құрылып жатқандығын, археология да тарихпен ұштасып жатқандығын айтып, 50/50 көңіл-күймен оқуға түстім. Оқу тобында 10 студент болдық. Соның ішінде 2 студент ақылы негізде оқимыз. Қалғандары мемлекеттік грант бойынша оқыды. Қасымдағы ақылы негізде оқитын студент басқа жаққа ауысып кетті де, жалғыз өзім 5 жыл бойы ақылы негізде оқып, бітіріп шықтым. Бір қызығы, оқу тобының ішінде ғылымда қалып, нақты қазба жұмыстарымен айналысып жүрген мен ғана.

2003 жылы Сығанақ қалашығындағы қазба жұмыстарына практикаға бардық. Жалпы, археологияға далалық зерттеулерге қатысқаннан бастап қызығушылық оянады екен. 2004 жылы Қармақшыдағы «сақтардың астанасы» деп жүрген Шірік Рабат қалашығына Алматыдағы археология институтынан арнайы экспедиция келді. Сол жерде Жолдасбек Құрманқұловпен танысып, ғылымға қалыптасуыма, археологиямен айналысуыма оның көп әсері болды. Ұстазымнан алған алғашқы тақырыбымды 2004 жылдан бері зерттеп келемін. Меніңше, өз өлкеңнің тарихын зерттеу – бір бақыт. Өзіңнің тұрған жеріңді зерттеу екінің біріне бұйыра бермейтін нәрсе екендігін студенттерге де айтып жүреміз.

Жалпы кез-келген адам зерттеуші ғой. Адам баласы үнемі ізденісте жүреді. Бірақ оны өзі сезінбейді. Мысалы, шетелге шығып келген адам сол жердің артықшылықтары туралы ақпарат жинап келеді, ол жайында таныстарына айтады.

Археологияға байланысты тағы бір айта кететін жайт, жұмыс орнымен қамту мәселесі. Бізде археология институты жоқ. Мұражайдың «археология» бөлімінде адам жеткілікті.

2011 жылы университетте археология-этнография орталығы ашылды. Сол жерде жұмыс жасап жүрміз. Шыны керек, бастапқыда жалақымыз күлкілі болды. Осыдан он шақты жыл бұрын 40 мың теңгеге жуық айлыққа жұмыс жасадық.

А.Шәкірбекқызы: Біз 2 жарым мың теңге жалақы алатын кездерді де көрдік.

Ә.Тәжекеев: 2011 жылы Мәскеуден аспирантураны бітіріп, кандидаттық диссертациямды қорғап келген кезде мұнайшылар 200 мыңдап айлық алатын уақыттарда біз 30 мың теңге алып, оны қайда жеткізеріңді білмей дағдарсақ та, тастап кетпей, мамандықты құрметтегеннен шығар, қазір мамандық өзімізге жұмыс жасайтындай жағдайға келіппіз.

Тәжекеев Әзілхан Әуезханұлы –
Германияның Тюбинген университетінде
тағылымдамадан өткен тарих ғылымдарының
кандидаты

Ғылымға қылыш іздеп келдім

Кезегі келгенде әріптестері жас болса да қауымдастырылған профессор (доцент), ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент – мүшесі Нұрғали Ақылбековпен мақтанатынын айтып қойды.

 Н.Ақылбеков: Жаңақорған ауданы, Қожамберді ауылында туып өстім. №162 орта мектепте білім алдым. Ғылымға қызығушылығым мектеп кезден басталды. Бірақ, химияға қызыққан жоқпын. Тарих пәнінен археология бойынша қызығушылық болды. Ауылдың қасында Сығанақ қаласынан 11 шақырым жерде, «Көккесене» деген тарихи ескерткіш бар. Қаланған жылы 11 ғасыр. Былтыр сол жерге ғалымдар қазба жұмыстарын жүргізіп, 5 адамның сүйегін тапқан болатын.

Әжем кішкентайымнан «сол жерлерде Әбілхайыр ханның қылышы, кітабы бар, балам сен соны зертте» деп айтып отыратын. Деректер бойынша сол жерге Әбілхайыр хан жерленген деп айтылады. Және ауылдың түбінде ашаршылық кезінде қайтыс болған адамдардың сүйегі бар. Ашаршылық кездері елдің қайтыс болған адамдарды жерлеуге шамасы келмей адамдар тұрған жеркепелерді мәйіттердің үстіне құлатып кете берген екен.

Мектеп қабырғасында жүргенде «Көккесененің тарихы жөнінде» ғылыми жобаларға қатысып, тарих пәнінен олимпиадаларға бардым. ҰБТ-дан тарих пәнін таңдап келіп, 3 ай қалғанда ойландым. Өйткені, тарихтан грант саны аз болатын. Бұл шешіміме мектептегі ұстаздарымның қарсылығына қарамастан таңдауымды химия пәніне өзгертіп, тест тапсырып грантқа түстім. Дегенмен, 1-ші курста «тарих» пәнінен «Көккесене» ескерткіші туралы баяндама жасап, біразға дейін қол үзе алмай жүрдім. Кейіннен негізгі бағытты химияға бұру керектігін түсіндім. Ғылымға келуіме әсер еткен 4-ші курста өткен өндірістік практика болды. 2009 жылы президенттің қолдауымен Қазақстанның әр өңірлерінде 15 зертхана ашылған болатын. Солардың бірі біздің Қорқыт Ата университетіндегі «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейінді зертхана. Осы зертханада ғылыми практикадан өттік. Химия ғылымдарының кандидаты Нұрбол Аппазовтың Алматыдан қорғап келген кезі. Химияға алғаш қадам жасауыма ықпал еткен ұстазым сол кісі болды.

Оқу бітіргеннен кейін жұмыс іздедік. Жұмысқа барған жерде еңбек өтілін сұрайды. Жұмыстың ыңғайы келмеген соң, әскерге кетіп қалдым. Оған себеп, военкоматтың тізіміне тіркелмегенің үшін 5 мың теңге айыппұл дейді. Құжаттарымды жинап, аяқ астынан әскерге кетіп қалдым. 2011 жылы әскери борышымды өтеп келіп тағы жұмыс іздедік. Тағы стаж мәселесі алдымыздан шығады. 2012 жылы университетке түйіндеме қалдырдым. Шақырды. Қылышбай Алдабергенұлы жеке қабылдап, жұмысқа алды. Зертханаға лаборант болып орналастым. Сонымен 2012 жылдан бастап Аппазов Нұрбол Орынбасарұлының жетекшілігімен ғылымға нақты ден қоя бастадым. Магистратураға түстім. 2014 жылы Қорқыт Ата университетінде магистранттар мен аспиранттарды Казан қаласына жіберетін жақсы бағдарлама болды. Сол жылы Казан қаласындағы Казан Ұлттық зерттеу технологиялық университетіне аспирантураға түстім. Төрт жыл аспирантураны оқып, зерттеулер жүргізіп, кандидаттық диссертация қорғап 2019 жылы елге оралып, Қорқыт Ата университетінде жұмыс жасап жатырмыз.

Путиннің грантын ұту мүмкіндігімді молайтты

А.Шәкірбекқызы: Ауылдың қара баласы Казанда жүріп, бәрінің аузын аңқитып Путиннің грантын ұтып алған. Сол жөнінде айтып өтсеңізші…

Н.Ақылбеков: Иә, аспирантурада білім алып жүргенде жетекшіміз екеуміз Ресей президентінің жас ғалымдарға арналған жобасын ұтып алдық. Оны 2016-2017 жылдары орындадық. Сол грант мен үшін жақсы мүмкіндік болды. Жобаны орындау барысында Новосибирск, Санкт-Петербург, Чебоксары, Нижный Новгород қысқасы, Ресейдің бүкіл қаласын араладым. Жас ғалымдардың конференцияларына бардым. 2017 жылы Италияда өткен жас ғалымдардың симпозиумына қатыстым. Көптеген ғалымдармен таныстық. Ғалымдармен бірлесіп мақалалар шығардық, зерттеулер жүргіздік. Аспирантура маған ғылымға жол ашты.

Ақылбеков Нұрғали Икрамұлы –
А.Е.Арбузов атындағы органикалық және физикалық химия институтында
(Казан қаласы, Татарстан Республикасы, Ресей) тағылымдамадан өткен

«Мәдени мұра» бағдарламасының жемісіміз

Ә.Тәжекеев: Айта кету керек, 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Қазіргі мен қатарлы, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жаңа буын археологтардың барлығы дерлік – «Мәдени Мұраның» жемісіміз. Өйткені, сол бағдарлама аясында археологияға мемлекеттік қаржыландыру басталды. Зерттеулерден нәтиже көріне бастады. «Мәдени мұра» бағдарламасы қалай тоқтады, жұмыс қайта бәсеңдеп қалды.

Сонымен қатар сол кездегі университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Бисенов Қылышбай Алдабергенұлы университет жолдамасымен 6 жас маманды (4 археолог, 2 этнограф) Мәскеуге жіберіп, бітіріп келгеннен кейін ғылыми-зерттеу орталығын ашып берді. Басқа оқу орындарында мұндай қолдаулар болған жоқ.

Н.Ақылбеков: Бала кездері археологияға қызыққаныма өкінбеймін. Жалпы, химияның жүрмейтін жері жоқ екен. Археологтар қазба жұмыстарымен айналысып, тапқан заттарының жылын, жасын химиялық құрамын, қасиеттерін физика-химиялық зерттеулер жасау арқылы анықтайды. Яғни, мамандықтардың байланысы бар.

Ә.Тәжекеев: Қазіргі жаңа әдіс солай.

Н.Ақылбеков: Болашақта арнайы қондырғылар алып, бірігіп сондай зерттеу жұмыстарын өзімізде жасасақ па деген ой бар. Археологтар табылған заттарды Мәскеу, Германия сияқты қондырғылары бар елдерге жібереді. Соны өзімізде жасасақ ғылымның дамуына тиімділігі зор болмақ.

Қолдамаса ғылым – жетім

Ә.Тәжекеев: Ғалымдардың ең үлкен мәселесі – қаржыландыру. Жобаны іске асыру үшін мемлекеттік қолдау қажет. Еуропадағы ғылымды алсақ, ол жақта түрлі қорлар жұмыс жасайды. Бізде бір ғана ғылым қоры болса, ол жақта гуманитарлық-зерттеу қоры бар. Бір жақсысы кәсіпкерлер де ғалымдармен бірлесіп жоба жасайды.

Археологиялық орталық 2011 жылы құрылғалы 3 халықаралық жоба, 4 Білім және ғылым министрлігінің гранттық жобасын, және облыстық бюджет есебінен тапсырыс берген 15-ке жуық жоба орындаппыз. Бұл ғылыми әлеуетімізге сәйкес 10 жыл көлемінде археологиялық орталық үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Өйткені, гранттық жобаларға қатысудың талаптары өте жоғары.

«Мәдени мұра» бағдарламасының орындалу кезеңі аяқталғаннан кейін, жобалардың барлығы гранттық жүйеге көшті. Нақтысы, бұрын ғылыми жобалар тікелей жоғарғы оқу орындарына мақсатты түрде беріліп келсе, енді ғылыми туындысын дәлелдеген кез-келген ғалым жеке жобасын алатындай мүмкіндікке келді. Қаржы мекемеге берілгенде, біз сияқты аймақтық орталықтарға жетуі қиындау еді.

Тағы бір тоқталатын тұс, облыс көлемінде 2013 жылға дейін бірен-саран ғана археологиялық зерттеулер жасалып келген. 2013 жылы аймаққа әкім болып келген Қырымбек Көшербаевтың ықпалымен ғылыми-әдістемелік кеңес құрылып, бүкіл археологтардың басын қосып, кеңестің шешімімен қаржыландыру басталды. Содан бері Шірік Рабат, Жанкент, Сығанақ ескерткіштеріндегі зерттеулер әлі үзілмей келе жатыр. 10 жыл шамасында жаңадан жоба қосылған да, алынған да жоқ.

С.Бихожа: Бизнестің тарапынан қызығушылық жоқ па?

Ә.Тәжекеев: Бизнес тарапынан айтарлықтай қызығушылық болған жоқ. Рас, археологтар зерттеу жүргізетін ғылыми жобалардан бөлек басқа да жұмыстар көптеп саналады. Қаржысы айтарлықтай емес, десек те, жеке тұлғалар, мемлекеттік мекемелер тарапынан түсетін археологиялық сараптамалық жұмыстар кездеседі. Яғни, құрылыс нысаны, жол құрылысы, үй құрылысына жерді игерудің алдында иесі археологиялық сараптама жүргізуі қажет. Территориясында тарихи ескерткіштің бар-жоқтығын анықтау жұмыстары бизнес өкілінің қаражаты есебінен жасалады. Нақты санын білмеймін, бірақ мұндай жұмыстарды көптеп орындадық. Қысқа мерзімді жұмыстар, әрине. Бірақ, археологиялық жұмыстардың жинақталуына, қордалануына көп көмегі бар. Сол жағалауды дамыту мақсатында, газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан ауыл, аудандарға да осындай археологиялық сараптама жұмыстары жасалды. Мұндай шаралар аймағымызда енді дамып жатыр. Бір реттен бұл археологтарды жұмыспен қамту мәселесіне де оң ықпалын тигізеді. Археология саласы бойынша жеке компаниялар ашып, лицензия алып әрі қарай жұмыс жасауға мүмкіндік молаяды. Бұл жұмыстар, әлбетте қажет. Себебі, Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолы салынған кездері осындай мәселелер көптеп кездесті. Төте салынған жолдар ескерткіштердің үстіне түсіп, соттасу жағдайлары болды. Еуропада мұндай мәселелер қатаң жолға қойылғандықтан, археологтардың зерттеу еңбектерін қаржыландыруы шешімін тапқан.

А.Шәкірбекқызы: Алғашқы жобамыз Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша «2018-2020 жылдарға арналған мемлекеттік және жекеменшік әріптестікті дамыту» бағытында болды. Жоба негізінде жекеменшік әріптестіктің Қазақстан бойынша Қызылорда облысы төңірегінде дамуын зерттедік. Жекеменшік балабақшалар ашыла бастаған кездер. Көптеген жұмыстар жасалды. «Scopus» базасындағы жоғары рейтингілі халық­аралық журналдарда ғылыми мақалалар жарияладық. Республикалық, халықаралық деңгейдегі конференциялар ұйымдастырылды.

С.Бихожа: Мемлекеттік және жекеменшік әріптестік дегенді құрылыс саласында, балабақша ашу, медицинада жүзеге асырылғанын білеміз, бірақ оған ғылыми зерттеу жасалатынын халық біле бермейді.

А.Шәкірбекқызы: Мемлекеттің қаржысын пайдалану, жобалардың тиімділігі, жобаларды бағалау, қандай критерийлерге басымдық берілу керек. Аймақтың ерекшеліктеріне сәйкес келетін жағы. Шетелдің тәжірибесін алып, оның жергілікті жердегі тиімділігін анықтайсың. Сұраныс әр жерде әртүрлі. Бір Қазақстан деп алғанда оның өңірлері бойынша айырмашылықтары бар. Халықтың көзқарасы да басқа. Ең бірінші мәселе, тұрғындардың табыс деңгейімен байланысты. Осы мәселелерді сараптай отырып, ғылыми монография жарияладық. Шағын кәсіпкерлік өкілдерімен кездестік, кеңестерімізді айттық, олардың кедергілерін тыңдадық. Одан кейін де жобаларды ұсынып жатырмыз. Бірақ экономика саласында бәсеке өте жоғары. Ірі-ірі университеттер бар.

С.Бихожа: Жергілікті жерден экономикаға байланысты ұсыныстар болады ма?

А.Шәкірбекқызы: «Ауылшаруашылығын цифрландыру» мәселесіне қатысты облыстық әкімдік тарапынан бір тапсырыс болды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова болған тұста аймақты дамытудың «Жол картасы» жасалды. Сол кезеңдерде әкім орынбасары Нұрлан Тілешовпен студенттерді қатыстыра отырып, басым жобалар бойынша зерттеу жүргіздік. Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, қамтамасыз ету мақсатында әрбір ауданды зерттеп, басым тұсын анықтау, цифрлық орталық құру, сол арқылы ақпараттар базасын қалыптастыру, жұмыс орындарын құру үшін қандай жобаларды ұсыну қажеттілігі, қай ауданда қандай жобалар басым, халықты қаншалықты жұмыспен қамтамасыз етеді деген мәселелерге талдау жасалып, біраз жұмыс жүргізілді. Бірақ, ол кісі басқа жұмысқа ауысып кетті де жоба аяқсыз қалды.

С.Бихожа: Қызылордада шикізаттың бәрі бар, бірақ өндіріс жоқ. Халық өндіріс дамымайды деп ренжиді. Өндіріс даму үшін ғылыми жобалар жасалу керек. Жергілікті ғылымды дамыту үшін ұсыныстар, гранттар болу қажет.

А.Шәкірбекқызы: Ондай ұсыныстарға 5 млн теңге көлеміндегі гранттарды алға тартады. Ұзақ мерзімді перспективалық зерттеулерге сұраныс жоқ. Жоғарыда айтылған жобаға қаншама жұмыстар жасалды, студенттер тартылды. Қолданбалы мақсатта, нақты аймақтарға байланысты мәселелер болғандықтан біз сол жобадан үміттендік.

Иә, үлкен университеттер сияқты ғаламдық мәселелерді біз де зерттей аламыз, бірақ оның артында қайтарымы жоқ. Өңірдің дамуына оның ешқандай пайдасы болмайды.

Ғылыми зерттеулер үлкен бағдарламаларға, үлкен болжамдармен жасалады. 10 жылдың көлемін зерттеп 5 жылға болжам жасайсың. 30 жылдың көлемін зерттеп, 10 жылға болжам жасайсың. Арада соғыс, санкция деген мәселелер араласып кетпесе. 3 жылда болжамың қаншалықты сәйкес келеді, оның барлығы экономикалық-математикалық әдістерді қолдану арқылы жүргізілетін өте үлкен шаруа.

Н.Ақылбеков: Менің зерттеуім – органикалық химия. Оның ішінде синтезге байланысты. Екі белгілі затты қосу арқылы бұрын белгісіз бір затты алу. Синтездің түрлері көп. Температура, катализатор, қысым қосу. Менің бағытым алынған заттардың биологиялық қасиетін анықтау, микробтар, ауру тудырушы саңырауқұлақтар және олардың рак ауруларына қарсы әсерін зерттеу болып табылады. Ғылыми зерттеудің қолданбалы және іргелі түрлері болса, соның іргелі түрімен айналысамын. Іргелі зерттеу-теориялық маңыздылығын анықтайды. Қолданбалы зерттеу өндіріске дайындайды.

2021 жылы ұстазым Нұрбол Аппазовтың идеясымен бір жобамыз қаржыландырылып, сонда жетекші болдым. Тақырыбы: «Тәжірибелік маңызды карбон қышқылдарының күрделі эфирлерін аса жоғары жиілікті сәулелендіру жағдайында синтездеу әдістерін жасау». Күрделі эфирлердің пайдалану саласы өте көп. Еріткіш, хош иісті заттар, тағам дәмдеуіштері, дәрілік препараттар және т.б. ретінде кеңінен қолданылады, табиғи эфир майларының құрамына кіреді және көптеген дәрілік шөптер құрамындағы негізгі әсер етуші заттар болып табылады. Осы жөнінде жоғары рейтингілі журналдарда мақала жарияладық. Патент алдық. 10-15 сағат жүретін процесті микротолқынды пеште қыздыру арқылы 3-5 минутқа қысқарттық. Жалпы микротолқынды пештің физика- химиялық зерттеулерде қолдану аясы кең. Әрі шығын да аз.

Ә.Тәжекеев: Ғылыми жұмыстарға арнайы “Жол картасы” болғаны дұрыс. Айталық, археология саласы бойынша Ақтөбеде және Шығыс Қазақстан облыстарында облыс әкімдерінің бекіткен ұзақмерзімді «жол картасы» бар. Соның негізінде Ақтөбе облысының тас ғасыры, қола дәуірі, темір дәуірі, сақтар кезеңі, ортағасырлық кезеңі деп, барлық кезеңді қамтитын зерттеулерге қаржы бөліп қойған. Нәтижесі өте жақсы.

Н.Ақылбеков: Елімізде жалпы ішкі өнімнің ғылымға бөлетін пайызы – 0,13%. Ал, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 3-4 пайыз аралығында. Орташа елдерде 1-2 пайыз көлемінде. Президентіміз 2025 жылға дейін жалпы ішкі өнімнің ғылымға жұмсалатын көлемін 1 пайызға жеткізу жөнінде тапсырма беріп, ғылымға бөлінетін қаржы көлемі енді өсіп келе жатыр.

Бізден үлкен ғалымдар буынынан естуімізше Кеңес үкіметі тараған тұста ғылым ешкімге керек болмай, зауыттар мен фабрикалар қаңырап бос қалды. Одан әріде талан-таражға түсті. Міне, содан еліміздің ғылымы дамымай кенже қалды.

А.Шәкірбекқызы: Қазір ол кездер ертегі болып қалды. Бәрі қаржыға байланысты, екінші жағынан қазір өндірістің барлығы шетелдіктердің қолында. Олар біздің ғылымды мойындамайды. Мемлекеттік деңгейде қойылатын қатаң талап жоқ. Инвесторларға ғылымға қаржы бөлінсін, немесе өндірістің бір саласын ғылымға бағыттасын, ғылымды былай қойғанда, сол жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдау жасалсын деген талаптар қойылмайды.

Ғылым өндірістен басталады. Қарапайым нәрсе, малдың терісі әр жерде шашылып жатыр. Бір жылдары шетелдіктер келіп, мал терісі қабылданды. Халық тері өткізіп те пайда көрді. Кейін ол да аяқсыз қалды. Айналып келгенде, қаншама қаржыға сатып алып киіп жүрген киіміміз сол терілерден дайындалады. Түркия, Қытай елдері оны пайдаға жаратып отыр.

А.Шәкірбекқызы: Жергілікті кәсіпкерге қолдау жасалуы тиіс, салықтық жеңілдік болу керек. Өнімін өткізіп, аяқтан тұрып кетуге жағдай жасалғаны жөн. Былғарыны өңдеп, аяқ киім шығарып жатқандар бар. Соларға мемлекет субсидия бөліп, бірнеше жыл салықтан босатып, өнімдерін ұйымдарға, жұмысшыларға өткізуге жәрдемдесіп, бес жыл демеп жіберсе, тәжірибе жинақтаған кәсіпкер ашық нарыққа ұмтылып, өндірісін дамытуға тырысады. Қолдап жатырмыз деп ұрандағанмен, нақты емес. Инвесторларға міндеттей алмаймыз, өйткені олар шетелдіктер. Сондықтан өнді[1]рістің дамуына мемлекеттік басқару орындарының ықпалы болса. Себебі, Қытайдан келіп жатқан сапасы онан да төмен аяқ киімдерді де тұтынып жүргендігіміз шындық.

Египеттің құмы Аралда да бар

Ә.Тәжекеев: Зерттеулердің пайдасы деген сұраққа келетін болсақ, біздің аймақты 1946 жылдан бастап 1991 жылға дейін бірде-бір қазақ ғалымы зерттемеген. Қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан жолай өткені айтылады. Бірақ тәуелсіздікке қол жеткізгенше барлық зерттеулер Мәскеуден ұйымдастырылып келген. Сондықтан да ертеректе табылған жәдігерлердің барлығы қазірде Мәскеудің ғылыми мекемелерінде сақтаулы. Шамамен айтқанда, 50-60 мыңдай экспонат болуы мүмкін.

1990-шы жылдары шыға бастаған «Қазақстан тарихы» пәндік оқулықтарында Сыр өңірі жайлы айтылатын деректер мардымсыз. Себебі, деректердің бәрін кезінде Мәскеуге алып кеткен. «Қазақстан тарихынан» көшпенділер, «Алтын адам», Биғазы Дәндібай мәдениеті туралы жақсы білеміз. Өйткені, олар жайлы отандық ғалымдар зерттеу жүргізген. Сондықтан, біздің аймақтың тарихы қазақтың ұлттық тарихы екендігін оқулықтарға енгізу қажет. Осы тұрғыда «өлкетану» бағытында дайындалып жатқан оқулықтар, бұйырса, жақын арада шығады. Президенттің тапсырмасы бойынша, «Қазақстан тарихының 7 томдығы» әзірленуде. Сол тарихи еңбекте аймақ жайлы үлкен-үлкен параграфтар болады. Тәуелсіздік алған 30 жылда аймағымыз жайлы академиялық еңбектерде енді жарияланады деген сөз. Зерттеу еңбектеріміздің бір пайдасы осы.

С.Бихожа: Президент елде туризмді дамыту туралы айтып жүр. Қызылордалықтар туризмді дамытуға келгенде кібіртіктеп қалады. Бұрыннан қалыптасып қалған санаулы орындар болмаса, халық келгенде көрсететін ешнәрсе жоқ сияқты. Осыған орай туризмді дамытуға байланысты материалдар жариялануы қажет сияқты.

Ә.Тәжекеев: Ия, дұрыс айтасыз. Әкеліп климатқа тірейміз. Өкінішке орай жақын арада Қызылорданың климаты жақсарып кетейін деп тұрған жоқ. Ыстығы ыстық, желі жел. Біздің ескерткіштеріміздің көбі Қызылқұмның ішінде. Ол жақта жаңбыр аз болғасын жақсы сақталып қалған. Сондықтан экстремалды туризмді дамытуға болады. Туристік пункттер болу керек. Қармақшы ауданының «Жаңақала» деген шеткі ауылы бар. Ескерткіштерін көрсеткісі келетін тарихшылар, ауылдың адамдарына мүмкіндік беріп әкімшіліктің, немесе мектептің жанынан туристік пункт ашылса, арнайы Қызылқұмға апарып қарақұйрықты, сексеуілдің орманын, Қызылқұм тарихын көрсетер еді. Жұртшылық сол құмды іздеп Дубайға, Араб елдеріне барып жатыр.

Сондай-ақ Аралдың кепкен табанын көруге қызығып келетіндер көп. Сақталып қалған қайықтар табылып жатыр. Аралға экологиялық туризм жасаса да келетіндер көп. Оны Байқоңырмен ұштастыруға болады. Жалпы, Сыр өңірінде туризм потенциалы бар. Археологиялық ескерткіштер негізінде де жасауға болады.

Қызылорданы әлемге таныстырған Мысық

Н.Ақылбеков: Әзілхан ағайдың зерттеулерінің қоғамға тағы бір пайдасы – Жанкенттен алғашқы мысықтың сүйегін тапқан оқиғасы.

Ә.Тәжекеев: Ол – ортағасырлық қолға үйретілген ең алғашқы мысық болып шықты. Ғылыми пайдасы: неміс, ағылшын генетиктерімен бірге зерттедік. Генетиктер мысықтың қартайып, өз ажалымен өлгендігін дәлелдеп берді. Және өмірінің соңында тек сүтпен қоректенгендігі белгілі болды. Зерттеу жұмыстары барысында өмір сүру уақыты мыңжылдан әрі екендігі, аяғы сынғандығы, оны емдегендігі туралы қызықты деректер анықталды. Мысық туралы деректердің алдына аймағымыз жайлы, Жанкент ескерткіші жайлы ақпараттар бердік. Генетиктер бастапқыда генетикалық тұрғыдан ғана береміз деп қарсы болды. Біз археологиясы болуы қажет деп енгіздік. Сол материал 2021 жылы рейтингісі жоғары журналда жарияланды. Бір қызығы, мысық жайлы мақаламыз әлемдік ең үздік мақалалардың жүздігінде 58-ші орында тұрды. Арнайы қызығушылықпен, әлемдік деңгейде көп оқылған мақалалар қандай? – деп қарағанымда бірінші орында химиктер мен генетиктердің ковидқа байланысты зерттеулері екен.

Сосын 8 айдың ішінде мысық туралы мақала 17 мың рет көшіріліпті. Редакторлардың айтуынша, соның 7 мыңға жуығы Жапонияда көшірілген. 1 жылда мақала 20 мыңның үстінде көшіріліп алынған. Айтайын дегенім, бір мақаланың арқасында Қызылорданың қайда екенін, Арал туралы ақпарат әлемдік деңгейге шықты. 17 мың туристі 8 айда Сыр өңіріне әкеле алмайтынымыз анық.

Мектептің амалы жоқ

Ә.Тәжекеев: Бастауыш сыныптарында ғылыми жоба қорғауға келсек, ол өте ауыр нәрсе. Бұл тұрғыда ғалымдардың бәрі менің пікірімді қолдайды деп ойлаймын. Ережесінде ғылыми жобаның жаңалығы болу керек дейтін талап бар. Жасыратыны жоқ, оның жұмысын 100 пайыз мұғалімдері жазып береді. Олар ғаламтордан алады. Мұның барлығы білім бөлімінен келетін тапсырмалар. Мектеп амалсыз орындауға тура келеді. Бірақ, ол жерде ғылымның ешқандай иісі жоқ.

С.Бихожа: Ғылыми жоба қорғаған оқушысы көп болса мұғалімнің рейтингісі жоғары болады.

Ә.Тәжекеев: Шын мәнінде дарынды оқушылар болады. Оларды әрине қолдау қажет. Бірақ жаппай ғылыми жұмыспен айналысу – дұрыс емес тенденция.

Мектепте ғылыммен айналысқан дұрыс шығар, ең болмағанда 5-6-шы сыныптардан баулу керек. 8-ші сыныптан бастап конкурстарға қатыстыруға болады. Бастауыш сыныптарға пәндік олимпиада, шахматтан, спорт түрлерінен сайыстардың өзі жеткілікті.

Егер химиядан ғылыми жоба жазған оқушы химия мамандығын таңдап жатса, тарихтан олимпиадаға қатысқан оқушы тарихқа келіп жатса ол – нәтиже. Сондықтан, тиісті салалық бөлімдер мұның басқаша әдістерін қарастыруы қажет сияқты.

А.Шәкірбекқызы: Оның барлығы министрлік жанынан құрылған комитеттерге байланысты. Бірдеңені ойлап табады да, білім бөлімдері соны таратып жібереді. Әрі қарай бас ауыртпайды. Орындайтын жергілікті жерлерге нәтиже керек.

Мәселен, мен білім-инновация лицейінің 11- сыныптарына ғылыми жетекшілік жасадым. Республикадан 1-ші орын алып грантқа түсті. Екінші жылында 2-ші орын алды. Жоба миграция мәселесі тақырыбында болды. Қызылорда облысына келіп жатқан өзбектердің әлеуметтік-экономикалық трансформациясы, бейімделуі, оларға түсетін пайдасы туралы зерттеу жасалды. Ұл балалар жағалай базарда түтін түтетіп жүрген өзбектерден бастап, құрылыс салып жатқандарды, бір аптада самса сататындарды, келесі аптада асханалардағы өзбектерден мәлімет жинап келеді. Ақпараттарды жинақтай келе, оларға ортақ салық салу мәселесін көтердік, сонымен республикалық деңгейге шықтық. Салық салу кейіннен қолданылып кетті. Бірақ, біз зерттеу жүргізген уақыттарда сырттан келіп табыс тауып жүргендерге салық салынбайтын-тұғын. Өздері тіркелмейді, кәсіптері заңдастырылмаған болатын.

Байланыс болмай даму жоқ

А.Шәкірбекқызы: Бізде ғылымды бөлек, өндірісті бөлек, дамуды бөлек қарайтын көзқарас бар. Тұрақты даму үшін бұлардың бәрі бір-бірімен байланысу керек. Ғылым әрқашан өндіріспен байланысып, халықтың игілігіне жұмыс істеуі тиіс.

Менің пікірім, алдымен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп алған дұрыс. Экономист ретінде айтар болсам, кез-келген мемлекетте өзінің шығарып жатқан өнімдерімен салыстырғанда сырттан келетін тауарлардың үлесі басым болуы ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін ең басты факторлардың бірі. Қазақстанның импорт-экспорттық құрылымын қарап отырсақ, экспортқа шикізатты шығарып жатырмыз, ал тұтынатын тауарларымыздың бәрі импорттан келуде. Демек, өндіріске жете алмай келе жатырмыз. Ең бірінші өндіріс пен ғылымды байланыстыратын импорталмастырушы саясатты қолға алған тиімді. Үнемі айтып жүремін, өзімізден тауар шықпай, біреуге тәуелділік арта береді. Тәуелділіктің артында арандатушылық әдістер де қолданылып кетуі мүмкін. Кейінгі кездері Еуразиялық экономикалық одақтан, кедендік одақтан шығу керектігі жиі айтылып жүр. Олардан шығу үшін өзімізді-өзіміз қамтамасыз ете алатындай дербестік қажет. Жағдай бір күнде өзгеріп кетуі мүмкін. Импортымыздың 43 пайызы бір ғана Ресейден келеді. Кейбір саясатымыз бен шараларымыз ұнамай қалса, Ресейдің 10 күнге сыртқа тауар шығаруға шектеу жасауы халықтың арасында үлкен дүрбелең туғызады. Әлеуметтік-экономикалық шиеленіс туын[1]дап кетуі де мүмкін. Сондықтан мемлекет бірінші өзін-өзі қамтамасыз ету керек. Ол үшін импорт алмастырушы саясат – күнделікті тұтынатын өнімдер, азық-түлік өнімдерін өндіруге бетбұрыс жасау керек. Айта салған оңай.

Ә.Тәжекеев: Ғылымның гранттық қаржыландыру жүйесіне өткеніне 10 жыл енді болып жатыр. Яғни, біздің ғылым, ғылыми орта, ғылыммен айналысатын ғалымдар тобы, мекемелер енді қалыптасып жатыр деп айтуға болады. Оған дейін ғылыми жобаларды шамасы келгендер алып, ғылымға ұқсас нәрселермен айналысып келді. 2012 жылдан бастап жобаларын қаржыландыруға барлық ғалымдар теңдей мүмкіндік алды. Сонымен қатар, қазір жас ғалымдарға арналған гранттық жобалар бар. Мақсатты бағдарламалық, өндіріспен байланыстыратын мега жобаларды қаржыландыру жолдары қарастырылуда. Алдағы 10 жылда соның нәтижелерін көруге тиіспіз. Қазірде «мен профессормын, маған неге ақша бермейді?» – деген түсініктің заманы өтті. Шын мәнінде ғылыммен айналысасың ба, жоба алуға мүмкіндігің бар.

Н.Ақылбеков: Былтырдан бері өңірлерде әртүрлі мықты ғылыми-зерттеу институттарының филиалдары ашылуда. Ол кадр даярлауға орасан зор септігін тигізеді. Алдағы 10 жылда сол оқуды бітірген мамандар ғылымның әрі қарай дамуына нәтижесін береді деп ойлаймын.

А.Шәкірбекқызы: Президентіміз Қ.Тоқаевтың «500 ғалым» жобасы ұсынылды. Осы отырған үшеуміз де аталмыш жоба аясында «Болашақ» бағдарламасымен тағылымдамадан өтіп келдік. Өз басым біліктілігімді арттырудан кенде емеспін. Нидерландыда, Бельгияда, Испанияда, Парижде болып лекцияларға қатысқанмын. Бірақ, бір жыл таза ғылыми бағытта тағылымдамадан өту өмірімізде үлкен серпіліс берді. Жергілікті өңірден шықтық, осы өңірге қызмет етеміз. Керемет етіп аударып тастамасақ та игеріп келген біліміміз әрі қарай әріптестерімізге, дәріс берген студенттерімізге әсер етеді.

С.Бихожа: Мемлекеттік қызметшілер үшін «Болашақ» бағдарламасын бітіріп келу кәдімгідей стимул. Ал, ғылыми бағытта «Болашаққа» барғандарға қандай жағдайлар жасалу керек? «Болашаққа» барып келудің де бір артықшылығы болу керек шығар?

Н.Ақылбеков: Әл-Фараби бабамыз: Ғылым жолына түскен адам күнделікті күйбең тіршілікті ойламау керек дейді. Ғалымның да отбасы бар. Балаларын өсіру, оқыту керек. Осы тұрғыда ғалымдарға жағдай жасалса. Жалақысын көтеріп, пәтер берілсе. Ғалымның алаңдамай жұмыс жасауы үшін барлық жағдайы шешілуі қажет. Сонда ғана ғылым дамиды. Бір мысал, досым Қытайда оқып келді. Ковидке байланысты докторантураны аяқтай алмай елге оралды. Онымен қатар экономикада оқыған араб жігітін қытайлар жұмысқа алып қалған. Қызметтік үй ретінде коттедж берген, отбасын көшіріп алып барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қойған. Басқа жерде жұмыс істемейсің, басқа мемлекеттерден докторанттарға жетекші бола алмайсың деген талап қойған. Тек Қытайдың сол университетін көтеруге қызмет жасайды. Міне, сондай деңгейге жеткенде ғана ғылым дамиды.

Зертхана-ғылымның қан тамыры

С.Бихожа: Үкіметте ғылымды дамыту мәселесі қаралған кезде министр Нұрбек Саясат өз баяндамасында: қазіргі кездері жоғарғы оқу орындары докторанттар мен магистрларды дайындағаннан, бакалавриат шығарғанды жөн санайтынын айтты. Өйткені, әр бакалавр маман үшін 1 млн теңге грант беріледі екен. Ал, магистратура мен докторантураға бөлінетін грант құны 380 мың теңге шамасында болып шықты. Демек, ЖОО-на табыс бакалаврлардан көбірек түсетін болғандықтан олар соған ықыласты. Қоғамдағы осындай көзқарастарды да өзгерту керек шығар.

А.Шәкірбекқызы: Осыған орай университеттердің материалдық-техникалық базасын жақсарту керек. Бір компьютермен бір кабинетке кіріп алып отыра бергеннен ештеңе шықпайды. Мысалы «Инженерлік бейіндегі физика-химиялық талдау әдістері» зертханасы әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу лабораториясы. Еліміздің 2 жоғарғы оқу орнында ғана болған. Химиктердің әрі қарай жұмыс істеп еуропалық грантқа қосылып, грант ұтып алуының өзі осы лабораторияның арқасы. Материалдық база болса жұмыс істеуге мүмкіндік бар.

Экономика да цифрлық жүйеге келіп отыр. Сандық лабораториялар болса. Мәскеуде кез-келген кафедраның бір лабораториясы бар. Онда ақпаратты өңдеп беретін мамандар отырады. Мысалы, мен қызмет жасаған экономика факультетінде 24 кафедраның әрқайсысында бір-бір лаборатория бар.

Ә.Тәжекеев: Археология тек экспонаттарды тауып, оны құрастырып, музейге өткізумен шектелмейді. Шетелдік ғылыми мекемелердің зертханаларынан құрылғылармен жұмыс істеуді үйреніп, меңгеріп келгеннің өзінде де ол құралдардың Қазақстанда ешқайсысы жоқ. Табылған экспонаттардың мерзімділігін анықтауды салыстыру әдісі арқылы жобалап, меңгерген адамдардан сұрауға жүгінеміз. Еуропада жобалау жоқ, нақты мерзімін береді. Ол қай кезде күйдірілді? Ағаштың көмірі болса, қай кезде жанып, сөнді? Экспонаттардың мерзімін анықтайтын Қазақстанда бірде-бір лаборатория жоқ. Осыдан кейін қалай дамимыз? Айналып келгенде, Ресей, Еуропа елдерінің ғылыми орталықтарына жүгініп, үлкен көлемде қаржы төлеуге тура келеді. Археологиялық бағытта қажетті құрал-жабдықтарға сұраныс береміз. Бірақ министрліктен техникалық бағыттағы зертханаларды ғана қаржыландырылады. Нәтиже жоқ секілді гуманитарлық, педагогикалық бағыттағы зертханалар туралы естісе түрпідей жиырылады. Неге нәтиже болмайды, өйткені біз ондай құрылғылармен жұмыс істеп көрген емеспіз.

А.Шәкірбекқызы: Облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты азық-түлік қауіпсіздігі бағытында қажетті қаржысын есептеп, цифрлық орталық құру туралы ұсынған жобамызды шетелдік эксперттер жоғары деңгейде бағалаған. Ал, отандық сарапшылар оны жоққа шығарды. Мұндай жұмысты әкімдік болмаса сендер жасай алмайсыңдар. Жергілікті әкімдіктің жұмысына ортақтасып отырсыңдар дегендей қорытынды жасаған.

Әлемдік ерекшелігіміз қандай?

Ә.Тәжекеев: Дербес ел болып келе жатырмыз. Әр елді алып қарасақ ғылымы мен білімінің жетістігімен танылған елдер көп. Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропада Германияны, АҚШ-та Американы айтамыз. Әр ел өз ерекшеліктерімен танылады. Бір ел саудасымен, бір ел Қытай сияқты өндіріспен, Үнді елі қазір әлемдегі орнын білім мен ғылымда дәлелдеуге таласып жатыр.

Қазақтың өткен тарихы қазаққа ғана керек. Тұтастығымызды, шекарамызды, сырттан ауып келген халық емес екенімізді нақтылап, негізімізді қалап жатырмыз. Дұрыс. Алда қандай бағытты ұстанамыз? Әлемде өз орнымызды қалай белгілейміз? Осы орайда ғылым мен білімде өз шамамызды байқап көруіміз керек. Онсыз болмайды.

Германияда болғанда немістер, өздерінің ерекше ел еместігін, дамып кетуінің бірден-бір себебі Ресейден арзан шикізатты алу болғандығын айтатын. Ресейде санкция жарияланғаннан кейін шикізатсыз қалай қадам жасау қажеттігін ойлануда.

90-шы жылдары түріктерді саудагер халық ретінде танитын болсақ, соңғы 10 жылда олар да ғылым-білімге айрықша мән беріп келеді. 2021 жылы «Түрік бурсылары» яғни, түрік бауырлары деген стипендиясы бойынша Түркияға 10 мың қазақстандық студент оқуға түскен. Иә, бұл бір жылда 10 мың студентіміз Түркияда білім алады деген сөз. Қазір ғылым мен білімді қаржыландыруда Түркия көш бастап тұр.

Ғылым мен білім арқылы ерекшеленуге Ресейде үлкен мүмкіндік бар еді. ТМД-ны уысынан шығармас үшін бұрынғы кеңес үкіметінің елдеріне «түрік бурсылары» сияқты стипендиялар, ғылыми жобаларды қаржыландырғанда әлі күнге дейін Мәскеу мен Петербург төңірегінде жүрер едік. Агрессиялық саясатты ұстанып, қару-жарақты таңдады да ақырында әлемдік орнын жоғалтып жатыр.

Жыл сайын 500 ғалым шетелге тағылымдамадан өтуге жіберіледі. Құптарлық. Дегенмен, өз потенциялымызды да пайдаланып, ең болмаса көрші елдердің білімін өзімізге тартып, қадам жасау керек. Орта Азияда Қырғызстанға қарағанда жақсымыз дейміз. Қалай? Өзіміздің ішімізде ғылым мен білімді аяғынан тұрғыза алмай жатырмыз. Әлемдік ғылымда орнымызды алу үшін әлемдік деңгейде қадамдар жасауға тәуекел ету қажет.

А.Шәкірбекқызы: Жалпы шетелдіктердің үлкен гранттар беруі біз үшін өте қауіпті тенденция. Ұлтымыздың бетіндегі қаймағын жинап алады. Сөйтіп өздерінің зияткерлік капиталын арттырады. Сондай жағдай жасап, мүмкіндік тудырып тұрған елден кім қашады?

Ә.Тәжекеев: Менің 3 шәкіртім осы «түрік бурсылары»-мен оқып жатыр. Бір жылда мыңдаған қазақстандық білім алушылар оқуларын бітіріп келеді. Қысқасы, олар қауымдастық сияқты ғой. Қазақстанмен келіп байланыс жасайтын болса, өз стипендианттарын іздейді. Бұл бір жағынан жаулап алудың бір түрі. Ғылыммен, біліммен жаулау деген сөз. Айтып отырғанымыз, түріктердің бір ғана бағдарламасы. Мұнан өзге, аталмыш елде ғылымды дамыту мақсатында мәдени[1]ғылыми бағытта «Түріксой», «Түрік академиясы» секілді арнайы ғылыми мекемелер де жұмыс жасайды.

А.Шәкірбекқызы: Сол мыңдаған студенттер арасынан олар тәуірін шертіп-шертіп алып қалады. Қазірдің өзінде басы істейтіндердің бәрі елден кетіп қалып жатыр. Мына қарқынмен ертең өз отанымызға қызмет ететін адам қала ма, қалмай ма? Бұл негізі еврейлерді жинап алған Израйлдің технологиясы.

Ә.Тәжекеев: Ресейде ата-анасы кеңестік кезінде өмірге келгендерге арнайы жеңілдіктер болатын. Ресейліктер осыны да пайдалана алмай қалды. Әйтпесе, әлі күнге дейін МГУ – ТМД бойынша ең мықты жоғарғы оқу. Осы саясатты ұстанғанда қарусыз ақ бәрін жинап алар еді. 10-15 жыл бұрын оларда сол мүмкіндік болды. Қазір оны уысынан шығарып алды.

А.Шәкірбекқызы: Егемендіктің бастапқы кезеңімен салыстырғанда ілгерілеушілік бар. Дегенмен де зияткерлік әлеуетті дамытуға аса мән беру керек. Дарынды жастарды ғылымға тартып, ғылымның дамуына бағыт алғанымыз орынды. Олардың шетелге кетіп қалуы немесе тұрмыстың мәселесімен жүріп қалуына жол берілмегені абзал.

Н.Ақылбеков: Абай атамыз 18-ші қара сөзінде: Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар-мінез деген нәрселерімен озады. Онан басқа нәрсемен оздым ғой дейтіннің бәрі де ақымақтық деген. Сондықтан ғылым мен білім арқылы ғана жоғары жетістіктерді бағындыра аламыз. Тек білім, ғылым арқылы Қазақ[1]станды жоғары технологиялы дамыған елге айналдыруға мүмкіндік бар. Басқаша ешқандай жолы жоқ.

Әлемдік дін өкілдерінің басын қосып, Рим папасын шақырып абырой жинаудың уақыты өтті. Жаһанданудың дағдарысынан шығудың бірден-бір жолы – отандық өніммен өз өзімізді қамтамасыз ету арқылы ғана.

Қазан қаласында тағылымдамадан өтіп жүрген кезімізде «Домик в деревне» деген сүтті балаға беретінбіз. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс басталғаннан кейін, бір күні дүкенге кірсем әлгі сүттің сыртында жазуы ғана тұр, түрлі-түсті бояуы жоқ. Күдіктене қарап кассир ападан сұрастыра келе, оның бояуы шетелден келетіндігін, байланыстың болмай жатқанынан туындаған жағдай екендігін білдім. Ендеше, алып Ресей де өз-өзін 100 пайыз қамтамасыз ете алмайды деген сөз.

Расында да, өз-өзімізді толық қамтамасыз еткенде ғана өзгелерге үстем бола аламыз.

Жазып алған: Р.САДУОВА

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған