Апат айтып келмейді. Айтып келгеннің өзінде де белгілі себептерге байланысты оның алдын алатын қал-қауқарымыз бірде болғанымен, бірде бола бермейді. Қандай да бір табиғи, не болмаса техногендік апатқа тап бола қалсақ санамыз сан-саққа жүгіріп, әлдекімнен әлдеқандай көмек күтеміз.

Бүгінде қоғам түрлі қауіп-қатерге толы. Сол себепті де еліміз үшін қауіпсіздік – басты мәселе. Соңғы жылдары аймағымызда да табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар көбейіп кетті. Мәселен қыс айларында боран, өрт оқиғалары жиі тіркелетін болса, көктем шыға қар суының еруінен болатын су тасқыны орын алып жатады, ал жазда дала өрті мен адамдардың суға кетуі көп тіркелуде. Осындай қауіп-қатерді болдырмау мақсатында жұмыс атқарып жүрген Қызылорда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Жасұлан Түйменовпен төтенше жағдайды болдырмау мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар төңірегінде сұхбаттасқан болатынбыз.

– Жасұлан Қалдыбайұлы, ең алдымен Қызылорда қаласында орын алып жатқан төтенше жағдайларға тоқталып, жыл басынан бері тіркелген өрт оқиғалары мен себептерін атап өтсеңіз..

– Жыл басынан бері жүргізілген профилактикалық жұмыстарға қарамастан қала көлемінде 94 өрт оқиғасы орын алды. Өрт салдарынан материалдық шығын 15 млн. 202 мың 852 теңгені құрады. Талдау негізінде өрттің басым көпшілігі тұрғын үй секторында орын алған. Нақтырақ айта кетсек 30 автокөлік өртенді, 5 нысанда өрт болды, 3 дала және орман өрті орын алды, сондай ақ оттан шыққан 9 өрт болды. Бір қуаныштысы көмірқышқыл газынан және табиғи газдан улану бойынша зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.

– Қаламызда жиі орын алатын төтенше жағдайлар және оның алдын алу бағыты бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз. Осы төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылды?

– Жыл басынан бері төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі қалалық комиссияның екі отырысы өткізілді. Ол жиында 6 мәселе қаралып, осы комиссия отырысында берілген хаттамалық тапсырмалар мерзімінде орындалуда. Қыс айының соңы және көктем айының басында қала аумағында су тасқынын болдырмау үшін Сырдария өзені мен су қоймаларына мониторинг жұмыстары жүргізілді. Қыс мезгіліндегі қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында атқарылған рейдтік жұмыстар барысында 76 мал қожалығын, 49 тұрғын үйді аралап, 235 адамды қамтып, 271 үн парақ тараттық.

– Күн жылыған кезде балалардың терезеден құлау оқиғалары жиілеп кететіні рас. Осындай қайғылы жағдайлар біздің қаламызда биылғы жылы тіркелді ме?

– Қала бойынша жыл басынан бастап 6 баланың терезеден құлау фактісі тіркелді. Оның ішінде қаза болғандар жоқ. Балалардың терезеден құлау фактісі бойынша зардап шеккендердің негізгі бөлігі 1 мен 6 жас аралығындағы кішкентайлар. Қайғылы жағдайдың басты себебі- олардың ата-анасының қарауынсыз қалуы. Қорғағыш торлардың нашар бекітілуінен және де балалардың терезе алдында ойнауынан орын алған.

– Өзен-көлдердің, дарияның жағасындағы, табиғат аясында демалушылардың сақтық шараларын сақтамауының да соңы келеңсіз оқиғаларға ұласып жатады. Осындай оқиғалардың алдын алу үшін қандай жұмыстар жасалуда?

– Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түрлі оқыс оқиғалар мен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жыл сайынғы суға шомылу маусымы басталар уақытта адамдар көп шоғырланған жерлерде, тұрғын үй секторларында және барлық білім беру мекемелерінде судағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бағытындағы үн парақтар тарату жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қала аумағынан өтетін Сырдария өзені жағалауында және қала аумағында орналасқан су айдындарында сағат 13:00- ден бастап сағат 21:00-ге дейін күшейтілген режимде рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Қаладағы су айдындарының бірінде осы жылы 1 бала суға кетіп қаза болды деген факті тіркелген. Орын алған қайғылы жағдайлардың көбісі мектеп жасындағы балалардың ата-анасының қарауынсыз суға түсуге рұқсат етілмеген аймақ ретінде саналатын жерлерде «Суға түсуге тыйым салынады» деген ескертпе тақтайшаларға қарамастан өз беттерінше шомылуынан болып отыр. Қала көлемінде суда орын алған қайғылы жағдайларға жасалған талдау көрсеткендей, негізгі себептер судағы қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылуы және су айдындарының жабдықталмаған жерлерінде суға түсуі екені байқалады.

– Төтенше жағдай кезінде медицина қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жасаудың маңызы қандай?

– Қала аумағында әр түрлі бағытта төтенше жағдай орын алған уақытта ҚР ТЖМ-не қарасты апаттар орталығының медицина қызметкерлері бұдан бөлек, орталық жедел жәрдем қызметкерлері оқиға орнына жұмылдырылады. Медицина қызметкерлері төтенше жағдайға тап болған азаматтарға алғашқы көмек көрсетіп, олардың өмірлерін сақтап қалу үшін күреседі. Осы ретте медицина қызметкерлерінің жұмысын жоғары бағалаймыз және құрметтейміз.

– Былтырғы жылы суға түсу маусымында адам қауіпсіздігі үшін қандай жұмыстар атқарылды? Биылғы жылы ойға алған жоспарларыңыз жүзеге асты ма?

– 2022 жылы су айдындарында күн сайын рейд жұмыстарын жүргіздік. Оған 3485 қала тұрғыны қамтылып, 4525-ден астам үн парақ тараттық. Алайда соған қарамастан қала аумағында жазғы суға шомылу кезінде былтырғы жылы 12 адам қаза болды. Жергілікті полиция қызметімен бірлесіп 88 рет рейд ұйымдастырылып, 27 жеке тұлғаға «Тыйым салынған жерге шомылғаны үшін» ескерту жарияланды. Су айдындарының рұқсат етілмеген қауіпті аймақтарына құзырлы органдармен бірлесіп «Суға шомылуға тыйым салынады» деген ескертпе тақтайша орнатылып, қаланың басты көшелеріне көрнекті бильборд орнатылды. Биылғы жыл су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында суға түсуге болмайтын, рұқсат етілмеген қауіпті аймақтарға ескерту мақсатында тақтайшалар қойылып, бильборд орнатылды. БАҚ арқылы қала тұрғындарына кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қалалық білім бөлімімен бірлесіп мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына «ZOOM» платформасы арқылы онлайн және офлайн сабақтар өткізілді.

– Әрине бір нәрсені болжап, оның алдын алу мүмкін емес, сонда да алдағы уақытта суға кету қайғылы оқиғасы қайталана бермес үшін қандай шаралар қолға алынбақ?

– Шынымен де алдын ала болжау мүмкін емес, десе де басқарма тарапынан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қайғылы оқиғаларды азайту үшін қала аумағынан тұрғындарға арнап тегін коммуналдық жағажай ашуға қала әкімдігіне ұсыныс берілді.

Жаз айының ыстығы келгелі Қызылордада шомылу маусымының дәурені жүріп тұр. Қалалық жағажайға асығатындардың қатары молая түскен. Себебі, қала тұрғындарын күннің аптабынан құтқарар жалғыз жол жағдайы бар жағажайлар. Қаламызда демалатын ақылы орындар өте көп. Бірақ, екінің бірінің оған баратын жағдайы жоқ. Бұл мәселе бойынша Төтенше жағдай басқармасы тарапынан әкімшілікке ұсыныс берілгенімен шешімі әлі күнге дейін шешілген жоқ. Тұрғындардың айтуынша ақылы жеке бассейндер мен демалыс орындарының бағасы қалта көтере бермейді. Сондықтан болар, жергілікті тұрғындардың өміріне қауіп төндірсе де,  тыйым салынған жерлерге барып шомылуға мәжбүр. Суға кету қайғылы оқиғасы орын алуының жиілеп кеткендігін азайту үшін қалалықтар тегін бара алатын жағдайы бар жағажайды халыққа ұсыну керек.

Жалпы қала бойынша жағдай тұрақты. Қала тұрғындары мен қонақтарынан ескертпелерге құлақ асып қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұраймыз. Сонымен қатар жеке тұрғын үйі барлар аулада қоқыс жақпаңыздар. Кейбір қала тұрғындары қорасына қоқысты жағып, қараусыз және бақылаусыз қалдырып жатады. Салдарынан арты жаман жайға ұласып, өзіне де, маңындағы тұрғындарға да кесірін тигізуде. Егерде төтенше жағдай орын алған уақытта «101» немесе «112» нөміріне қоңырау шалсаңыздар болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мұхаммедшах Каюп

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған