Бұған дейін кент пен ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен тілдесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдап, түйткілді мәселелердің шешу жолын қарастырып келген қала әкімі Асылбек Шаменовтің Сәулет мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесуі Абай атындағы мектеп алдында жалғасты. Қала әкімінен бөлек бұл кездесуге Қызылорда қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев және тағы да басқа қалалық бөлім басшылары қатысты. Алдымен шаһар басшысы Қызылорда қаласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Өздеріңіз білетіндей аймақ басшысының бастамасымен облыс орталығында бір мезетте үш ғимараттың іргетасы қаланды. «Неке сарайы», «Өнер орталығы», сонымен қатар, «Анаға тағзым» орталығының құрылысы қарқын алды. Бұл ғимараттар қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік қосып, ынтымағы жарасқан тұрғындарымызға ерекше тарту болмақ. Инфрақұрылымдық әлеуетті дамытуда «Қорқыт ата» әуежайы жаңа терминалының құрылысы басталды. Қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының да іргетасы қаланды. Рұқсат болса бірден сұрақ жауапқа көшсек,-деді Асылбек Шаменов.

Алғашқы сұрақты Сәулет мөлтек ауданының тұрғыны көлік кептелісі жөнінде қойды.

– Балам осы «Мұрагер» мектебінде білім алады. Таңертең көлікпен ерте келіп, баламды әкеліп тастаймын. Қоғамдық көліктер Түркістан көшесімен жүріп жатады. Көлік кептелісі азанда және кешке көп болады. Осы мәселені шешіп берсеңіздер…

– «Мұрагер» мектебі 1800 орындық екенін білесіздер. 4000-нан астам балаларымыз осы мектепте білім алады. Қаламыздағы ең беделді мектептеріміздің бірі. Түркістан көшесінің ені кішкентай екені рас. Мектептің жанында бос жер бар. Алдағы уақытта бос жерді тегістеп, қалпына келтіріп автотұрақ жасаймыз,-деді қала басшысы.

Сонымен қатар шаһар басшысы облыстық полиция департаментінің өкіліне Түркістан көшесіне көлік қозғалысына ыңғайлы етіп бір жақты қозғалыс белгісін қоюды қарап көруді тапсырды.

– Саламатсыз ба, қала әкімі. Мен Нұрхабаев көшесі №93 үйдің тұрғынымын. Біздің көшемізде жарық жоқ, жаяу жүргіншілерге арналған жол жоқ. Құжаттары дайын әні-міне жасалады дегенге де 3-4 жыл өтіп кетті. Былтыр жазған арызымды алып келдім. Сіз алып қалыңыз.

– Қаланы дамытуға1 млрд.300 миллион теңгеге жоба дайындалған болатын. Соның ішінде қала бойынша 52 көшені жарықтандыру жобасының ішінде Нұрхабаев көшесі де кіреді. Алдағы уақытта көшелеріңізге жарық бағаналары орнатылатын болады. Жаяу жүргіншілер жолы мәселесі бойынша жобаға кіргіземіз. Бюджеттен қаражат бөлініп, жаяу жүргіншілер жолы салынатын болады.

Қала әкімі тұрғынның жазылған арызын алып, аппарат басшысы Абатов Жасұланға тапсырды.

– Жақын жерде автобус күтетін аялдама жоқ. №6 деген автобусымыз бар еді оны алып тастады. №19 автобусқа мініп жүрміз. Ол келіп тоқтайтын аялдама бізге алыс. Осы мәселені шешіп берсеңіздер…

– Қоғамдық көліктің өзіндік тәртібі, ережелері болады. Кез-келген жерге аялдама қоюға болмайды. Бұл мәселені зерттейміз, есепке аламыз. Шешімін тапса бюджеттен қаражат бөлініп, аялдама салып беретін боламыз.

Көпбалалы ана балалар лагері туралы сұрады.

– Көпбалалы аналардың балаларына лагерь қарастырылған ба? Осы туралы айтып кетсеңіздер.

 – Көпбалалы отбасынан шыққан балаларға лагерь қарастырылған. Қызылордада екі жазғы тынығу лагерь бар. Оның біреуі Жаңақорған ауданында, біреуі осы қаламызда. Тізімге сәйкес көпбалалы аналарға қаражат бөлінді.

Кездесу соңында Асылбек Шаменов тұрғындардың талап-тілектері ескерілетін айтты.

Мұнан соң шаһар басшысы Б.Ермекбев атындағы №271 орта мектеп ауласында КБИ мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесті.

– «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында заманауи үлгідегі 8 мектеп салу жоспарлануда. Оның бесеуінің құрылысы биылғы жылы басталады. Сол жағалаудан 400 орындық және 300 орындық жатақханасымен физика-математикалық мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. Қаламызда үлкен жобалар қарастырылып, жүзеге асырылып жатыр. Келесі жылы 100 жоба қаламызды қайта жаңғыртуға дайындалып жатыр. Жылдың басында қаланың бюджеті 56 млрд. теңгемен бекітіліп, қазіргі таңда бұл бюджет 88 млрд. болды. Қалада атқарылып жатқан жұмыстарды теледидардан, газет беттерінен оқып, біліп жүрсіздер. Енді қарсы болмасаңыздар бірден сұрақ-жауапқа көшсек,- деді Асылбек Шаменов.

Алғашқы тұрғын мектеп жайлы айтты.

– №271 мектеп салынғалы көп уақыт өткен жоқ. Бірақ мектеп дизель отынымен жылынады. Енді биылдан бастап дизель отыны қымбаттайды. Балалардың жылы жерде отыруы үшін газға қосу керек. Өзіңіз айтқандай 88 млрд. теңгенің ішінен мектебімізді газға қосу үшін қаражат бөлсеңіз. Қыстың күні төменгі сынып оқушылары сабақтың үстінде сырт киіммен отырады.

– Мектептің жылуына бюджеттен қаражат бөлінген. Газға көшіру әрине тиімді. Бұл жаңа мектеп, жүйесі жаңа. Сондықтан да бақылауға алатын боламыз.

Асылбек Шаменов мектеп директорын қасына шақыртып алып жылуға қанша қаражат бөлінгенін сұрады. Бірақ мектеп директоры нақты қаржыны айтпай, жеткілікті деп қоя салды. Оқушылар сыныптың ішінде сырт киіммен отырды деген жалған сөз деді.

– Біз «Ақмаржан» маңында тұрғын үйде тұрамыз. Құрылыс бөлімінен адамдар келіп тексеріп кетті. Сәуір айының басында тұрғын үйіміздің төбесі ұшып, құлап жатыр. Қайта-қайта сізге барып арыз жаздық. Жаңбыр жауған кезде үйіміздің төбесінен су ағады. Осы мәселені қолға алсаңыздар…

– Өздеріңіз білесіздер қатты дауыл салдарынан қаламызда бірқатар тұрғын үйлердің төбесін ұшырып әкетті. Біраз шығын келтірді. Жергілікті кәсіпкерлер мен құрылысшыларымызбен қалпына келтіріп жатырмыз. Тиісті адамдарға тапсырма бердім. Үйіңіздің төбесін қалпына келтіріп береміз.

– Саламатсыз ба әкім мырза. Мен Күлтегін көшесінің тұрғынымын. Жанымыздағы көшелердің бәрі асфальтталып, жаяу жүргіншілер жолы салынып әдемі болып тұр. Біздің көше қалып қойып тұр. Осы мәселені қарасаңыз…

– Биыл жергілікті бюджеттен 9 көше асфальтталады. Соның ішінде Күлтегін көшесі бар. Мердігер бар, қаржысы шешілген. Биыл 256 көшеге асфальт төсеп жатырмыз. 97% шет аймақтарға көңіл бөліп жатырмыз. Жақын уақытта жасалатын болады.

– Шәмші Қалдаяқов көшесімен тіке жүрсеңіздер үлкен даңғыл көше бар. Бірақ ешқандай жағдай жасалмаған. Асфальт төселмеген, жарық бағаналары жоқ. Асфальт төсеу жұмыстары басталып еді, тоқтап қалды. Бізден гөрі шет жақтағы ауылдар жақсы. Тағы бір мәселем, КБИ мөлтек ауданына кешкілік шығып тұрғындар демалатын субұрқағы бар алаң салсаңыздар. Балалар ойнайтын алаң жоқ. Өзіңіз көзіңізбен көріп шығыңыз. Балалар тас қойып, доп теуіп жүреді.

– Жобаның өзінің кезеңдері болады.Биылдыққа КБИ мөлтек ауданынан 11 көшеге асфальт төселеді. Жоба ішінде сіз тұратын көше бар. Демалатын алаң мен балалар ойнайтын алаңды қарастыратын боламыз.

– КБИ мөлтек ауданында автобус мәселесі қиын болып тұр. Тасбөгет бағытында жүретін автобустар бірінен соң бірі жүріп жатады. Бұл жақтан автобусты ұзақ күтіп отырамыз. Осыны қарастырсаңыз…

– Автобус мәселесі туралы хабардармын. Алдағы уақытта тағы да 150 автобус келетін болады. Бұл мәселеңізді «Қызылорда қалалық автобус паркі» директоры Жүсіп Мақсатқа тапсыратын боламын,-деді шаһар басшысы.

Кездесу соңында қала әкімі:

– Барлық көрсеткіштер бойынша біз жақсы нәтижелерге қол жеткізудеміз. Мұның барлығы сіздердің қолдауларыңыздың арқасында. Әлі де шешуді талап ететін мәселелер көп. Сіздердің белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз бізге кемшіліктерді көру мен жоюға көмектеседі. Сол үшін сіздерге ерекше ризашылығымды білдіргім келеді,-деді Асылбек Шаменов.

Қала әкімінің күн тәртібіндегі соңғы кездесу нысаны Мерей мөлтек ауданы №19 көпқабатты тұрғын үйдің ауласында тәмәмдалды.

– Сіздердің мәселелеріңізді тыңдап, шешімін табу үшін алдарыңызға келіп тұрмыз. Өздеріңіз білесіздер қазіргі таңда қаламыз көгілдір отынмен толық қамтылып, аяқ су мәселесі ретке келтірілді. Көпқабатты үйлердің қасбетін жаңалау жұмыстары қарқынды жүруде. Бұқаралық спортты дамытып, салауатты ұрпақ тәрбиелеудің алғышарттарының бірі саналатын ойын алаңдары көптеп салынуда. Көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарынан тыңдап, біліп жүрсіздер. Қысқаша осы. Уақыттарыңызды алмай, бірден сұрақтарға көшсек,- деді Асылбек Шаменов

Алғашқы сұрақты мөлтек ауданында тұратын апа қойды.

-Халықтың арасына келіп, тілдескеніңіз үшін сізге алғыс айтамыз. Мерей мөлтек ауданының тұрғын үйлері 37 жыл болды жөндеу жұмыстарын көрмеді. Мөлтек ауданымыздың жанынан жаттығу алаңын салып берсеңіздер.

– Сұрағыңыз түсінікті апа. Алдағы уақытта тұрғын үйлер жөндеу жұмыстарынан өтетін болады. Жаттығу алаңы бойынша ескеретін боламыз.

– Мерей мөлтек ауданы жанында №211 мектеп бар. Балаларымыздың барлығы осы мектепте оқиды. Балалар ойнайтын алаң жоқ. Жөндеу жұмыстары шұғыл арада қажет бұл мектепке.

– Бұл мектепке қаржы қарастырылған. Жөндеу жұмыстарына 600 млн. теңге бөлінді. Қалалық білім бөліміне тиісті тапсырмалар беретін боламын.

– Тұрғын үйдің жанында футбол алаңы бар. Түнімен футбол ойнап, адамды ұйықтатпайды. Ескерту жасап сағат 00-00-ге дейін ойнайтындай жасасаңыздар…

– Бұл мәселе жайлы мен білемін. Алдағы уақытта ескертіп, тыңдамаған жағдайда тиісті шараларды қолданатын боламыз.

– Балалар ойын алаңы жайлы айтайын деп едім. Қарап тұрсаңыз балаларымыздың футбол ойнайтын алаңынының асты жасанды шөп емес, құр бетон. Балаларымыз құлап жатады, жарақат алып жатады. Осы футбол алаңына жасанды шөп төсеп берсеңіздер.

– Жасанды шөп төсеу мәселесін қарастыратын боламыз. Шешімін тауып жатқан жағдайда қаражат бөлініп жасанды шөп төселетін болады.

– Келе жатқан кезде өзіңіз көрген шығарсыз ауламызда тал жоқ. Ауламызды гүлдендіріп, ағаш егіп, гүл егіп берсе жақсы болар еді.

– Сұрағыңыз түсінікті.Қызылорда қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаевқа тапсырма беретін боламын.

Кездесу соңында қала әкімі:

– Мемлекет басшысы экономиканы одан әрі нығайту, қоғамдық сананы жаңғырту бойынша алдымызға жаңа міндеттер жүктеді. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар легі толастамайды. Сондықтан да айтылған талап-тілектеріңіз ескерусіз қалмайды,-деді Асылбек Шаменов.

Кездесуге келген Сәулет, КБИ, Мерей мөлтек аудандарының тұрғындары қала әкіміне айтылған мәселелеріміз тезірек шешімін табу жолдары қарастырылса екен деген ұсыныстарын жеткізді.

Мұхаммедшах Маратұлы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған