Конституция күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округі Ж. Махамбетов ауылындағы жаңа спорт кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. Еңселі ғимарат «Самұрық-Қазына» қорының 15 жылдығы тұсында ауыл тұрғындарына тарту етілді.

Іс-шараға «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысты.

Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтады.

– «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аймағымызда спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Ел Президентінің бастамасымен өткізілген «Балалар жылында» демеушілер 1 млрд. 600 млн. теңгенің 80 спорт-ойын алаңын балдырғандарға тарту етті. Соның 50-і Қызылорда қаласында орнатылды. Демеушілер бұл жұмыстарды биыл да жалғастырды. Үкімет қолдауымен аймақта спорт құрылымдарын дамыту үшін ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бүгінде облыста 11 спорт кешенінің құрылысы қарқын алды. Оның ішінде, Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округінде салынуда», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов құттықтау сөзінде қызылордалық спортшылардың алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.

– «Өңірлердегі қайырымдылық жобаларын қолдау – «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қызметіндегі басым бағыт. Ж.Махамбетов ауылында көпсалалы спорт кешенін салу өзіміз бастама танытқан жоба екенін атап өткім келеді. Мұнда қажетті спорттық құрал-жабдықтар бар, спорт секциялары мен алаңдарда мектеп оқушыларынан бөлек тұрғындар да жаттыға алады. Өскелең ұрпақтың денсаулығы біздің балаларға жасайтын қамқорлығымызға тікелей байланысты. Әрбір жоба арқылы біз олардың болашағына керекті сапалы білім берумен қатар, әлеуметтік ахуалын жақсартамыз. Осы спорт кешенінен чемпиондар өсіп шықсын деген ақ ниеттеміз!», – деді қордың Басқарма төрағасы.

Аумағы 1504 шаршы метрлік жаңа спорт кешені салауатты өмір салты секцияларын ұйымдастыруға және спорттық шараларды өткізуге арналған. Мұнда волейбол, шағын футбол, баскетбол алаңдары жабдықталған, теннис корты, күрес алаңы, екі жолақты жүгіру жолы бар. Бұл – «Самұрық-Қазына» АҚ демеушілігімен салынып, биыл пайдалануға берілетін еліміздегі 5 кешеннің алғашқысы.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған