Жеңіс күні- Қазақстан халқы үшін айтулы мереке. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде миллиондаған қазақстандық неміс фашизміне қарсы күресте жан алысып, жан беріскеніне тарих куә. Мыңдаған қазақстандық ержүректігі үшін ордендер мен медальдармен марапатталды. Сұрапыл соғысқа қазақ даласынан 1 366 164 мың адам майданға аттанып, оның 602 928-і елге оралған жоқ. Міне биыл Ұлы Отан соғысы аяқталып, жеңіс туы желбірегеніне 78-жыл толып отыр. Отты жылдардың елесі мен қорқынышы әлі ұмтылған жоқ.

9-мамыр күні қаладағы «Ұлы жеңіс-ұрпаққа аманат» атты Тағзым алаңында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен гүл қою рәсімі өтті. Аймақ басшысы өз құттықтау сөзінде:

-Қадірлі ардагерлер, құрметті жерлестер баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл қасиетті күн – біз үшін ең қымбат күн. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 9-шы мамырдың төл тарихымыздағы орны ерекше. Бұл – жанқиярлықпен ел қорғаған аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың рухына тағзым ететін күн. Біз – ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық деген болатын.

Расында 9 мамыр-қан майданда, тылда патриоттық парыздарына адал болған, кеудесін от пен оққа төсеп, ұрпақ болашағы жолында жанын аямаған, рухы асқақ, қайсар да, батыл ағаларымыз бен апаларымыздың ерен ерлігіне бас иетін күн. Жеңіс күні құтты болсын. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Тәуелсіз Қазақстан жасай берсін,-деді.

Мұнан соң соғыс жылдарында ерекше ерлік көрсеткен қаһармандар құрметіне 1 минут үнсіздік жарияланып, гүл қою рәсімі өтті.

Сыр елінің 21 азаматы ерлігі мен қаһармандығы үшін Кеңес Одағының Батыры атанып, 20 мыңнан астам қызылордалық жауынгерлер орден-медальдармен наградталған болатын. Биыл еліміз бойынша Жеңіс күнін 237 ардагер атап өтті. Өткен жылы 387 ардагер Жеңіс күнін қарсы алған болатын. Еліміз бойынша ардагерлер саны азайып бара жатқаны рас.

Жеңіс күніне орай барлық Ұлы Отан соғысына қатысушыларға 1,5 миллион теңге сыйлықақы берілді.

Облыс бойынша Ұлы Отан соғысының 6 ардагері мен 2408 тыл еңбеккері Жеңіс күнін қарсы алды. Өңір бойынша қарт ардагердің бірі Жүнісов Төлеген 102 жаста. Украинада 688 атқыштар полкінде ұрыста болған. Тасыров Яхия 101 жаста. Соғыс жылдарында Сталинградты, Курскіні, Польшаны жаудан қорғаған. Байжанов Сәрсенбек 100 жаста. Сталинградтың Солтүстік батысындағы «Магеллан» қаласындағы шайқасқа қатысқан. Айта кетсек, ардагердің туған күні Жеңіс күнімен қатар келіп отыр. 7 мамыр күні облыс әкімі соғыс ардагерін 100 жас мерейтойымен арнайы барып құттықтап, автокөліктің кілтін табыстады. Смағұл Қабақ 100 жаста. Туланы азат етуге қатысқан. Тобабергенов Тілеуберген 99 жаста. Неміс басқыншыларынан Белоруссияны, Польшаны, Чехословакияны, Кениксберг, Калининград қалаларын азат етуге қатысқан. Ұлы Жеңісті Берлин қаласында қарсы алған. Байтіков Әбдірахман 99 жаста. 1943 жылы Курск доғасында ауыр жарақат алып, 2-топ мүгедегі болып, 1944 жылы 20 жасында елге оралған.

Жеңіс күні-абырой мен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік сұм соғыста Жеңіске жеткізді. 9 мамыр-мереке ғана емес, бұл халықтың батырлығы, бұл жанкештілікпен жеңіске жету жолындағы ұмытылмас ерлік, ерен еңбек. Біздің азаматтық парызымыз- бұл күнді мәңгілік есте сақтау, отанды сүю, елдің, жердің адал перзенті болу.

Мұхаммедшах Каюп

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған