ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ СУМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДА

Бұл тұралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев баяндады.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында қалалар мен ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау, орта мерзімді кезеңге арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыру мәселелері қаралды.

Ведомство басшысының айтуынша, қалалық елді мекендерді сумен қамту бойынша Қызылорда облысы 100% көрсеткішке қол жеткізген. Үздіктер қатарында Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Ақтөбе және Алматы облыстары бар. Сонымен қатар Қызылорда облысы ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту бойынша 98,1% көрсеткішпен аймақтар арасында 5-ші орынға тұрақтаған. Үкімет отырысынан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-Министр берген тапсырмаларды пысықтау мақсатында жиын өткізді. Аймақ басшысы Үкімет 2025 жылдың соңына дейін елді мекендерді 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз ету міндетін қойғанын айтып, ауызсу жеткізілмеген ауылдарда тиісті жұмысты тез арада бастауды тапсырды.

– «Бүгінгі күні облыстағы 230 ауылдық елді мекеннің 198-і немесе тұрғындардың 98,1 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Дегенмен, Арал, Қазалы, Қармақшы және Шиелі аудандарында барлығы 32 ауылдық елді мекенде ішкі су құбыры салынбаған. Бұл ауылдар тасымал арқылы немесе тікелей скважинадан ауызсу пайдалануда. Біз белгіленген уақыт – 2025 жылды күтпеуіміз керек. Ішкі су жүйелерін салу жоспарланған барлық елді мекендердің жобалау құжаттарын биыл аяқтау қажет», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған