• Өкінішке қарай тәуелсіздік жылдары қоғамда әділдік қағидаты әлсіреп кетті. Азаматтарға әрбір салада бірдей мүмкіндік берілмеді. Осының бәрі жұрттың билікке деген сенімін азайтты. Наразылық тудырып, тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірді. Бұл – дұрыс емес. Шын мәнінде мемлекеттің мықты болуы әлеуметтік әділдіктен бастау алады. Біз Қазақстанды өркендетеміз десек, осы тұжырымды қоғам санасына біржола орнықтыруға тиіспіз.
  • Қаңтар оқиғасынан сабақ алу керек және бұзақылар мен лаңкестерден батыр жасаудың еш қажеті жоқ. Белгілі бір күштердің жетегіне ерген және кішігірім қылмыстар жасағандарға рақымшылық жарияладым. Ал бұзақыларды, кісі өлтірушілерді, тонаушыларды қолдауға тырысатындардан сақ болу керек. Олар халқымыздың түпкі мүддесіне мүлдем сай келмейтін жеке мақсатты көздейді. Жуық арада мемлекетке сатқындық жасағандар, екіжүзділік және қорқақтық танытқандар сот алдында жауап береді. Қайғылы жағдайға жол берген немесе арандатушылық әрекет жасағандардың істері бойынша тергеу жалғасады.
  • Әлем халықтарының жақсы қасиеттерін бойға сіңіріп, озық үрдістерін үйрену үшін тіл білу қажет. Бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп айтқан. Шын мәнінде жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет. Дегенмен, ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек. Ана тіліміз бірінші орында болып, бәріміз үшін негізгі басымдық болуы қажет. Солай болады да деп атап айтқым келеді. Жалпы біз тіліміз дамымай жатыр деген ойдан арылуымыз керек. Тәуелсіздік кезеңінде оның мәртебесі биіктемесе, төмендеген жоқ. Қаншама ақпарат құралдары хабар таратады. Газет-журналдар, кітаптар шығып жатыр.
  • Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де аз емес. Соған сәйкес қазақша фильмдерге, әндерге және басқа да өнімдерге деген сұраныс жоғары. Мұның бәрі қазақ тілінің қолдану аясы жылдан[1]жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ. Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты. Мемлекет қазақ тілін қолдау үшін тиісті шаралар қолданып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ, өзге тілден бас тартуға болмайды. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сөз бар. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуіміз керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз.
  • Азық-түлік дүкен сөресіне жеткенше бағаны бірнеше рет көтеру сатысынан өтеді. Оны бәрі біледі. Сол себепті тауарды жеткізу тізбегінен делдалдарды алып тастаған маңызды. Осы мәселеге қатысты тапсырмалар да, әңгімелер де бұған дейін болған.
  • Бағаны бұйрықпен реттей алмаймыз. Бірақ әкімдер делдалдармен мәселені шеше алады және тиісті деңгейде шешуге міндетті. Ал үкімет әкімдермен бірге инфляция деңгейін төмендету және бақылау бойынша 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар кешенін тиімді әрі уақытылы іске асыруға тиіс. Осы мәселе менің жеке бақылауымда болады.
  • Елімізде энергия тұтыну көрсеткіші ұдайы өсіп келе жатқан жағдайда оны тұрақты өндіру үшін бізге атом электр стансасын салуға тура келеді. Мамандар Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылын АЭС құрылысына ең оңтайлы орын деп есептейді. Біз бүгінімізді ғана ойлап, түрлі фобиялардың жетегіне ермеуіміз керек. Себебі еліміздің келешегіне қатысты мәселе шешілгелі тұр. Әйтпесе елдің дамуы тұралап, көрші елдерге энергия тұрғысынан тәуелді болу қаупі бар.
  • Геосаяси тұрақсыздық пен жаһандық экономикадағы дағдарыс инфляциялық қысымды күшейтіп отыр. Бұл, әсіресе, азық-түлік нарығында айрықша сезіледі. Қыркүйек айында еліміздегі инфляция 17 пайыздан асты. Әлі де өсіп барады. Бұл азаматтардың нақты табысының азаюына алып келеді. Бағаның өсуіне, негізінен, 20 пайызға жеткен азық-түлік инфляциясы әсер етіп отыр. Бұл көп жағдайда импорттық азық-түлік өнімдерінің қымбаттауына байланысты. Импортқа тәуелділігімізді азайту үшін 2024 жылға дейін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламасы іске асырылып жатыр. Мемлекет форвордтық кредит беруге 100 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл шара шаруаларға көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы атқаруға және күзде өнімін өткізуге кепілдік алуға мүмкіндік береді.

 (Президенттің Алматы облысына іс сапарынан)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған