ШӘМЕНОВ ЖЕРТӨЛЕДЕ ЖҮР

Өткен нөмірімізде Қызылорда қаласының әкімі А.Шәменовтың өзекті мәселелері бар шағын аудандардың тұрғындарымен жолыққанын жазған болатынбыз. Бұл жолы кезек күттірмейтін шаруаның бірі қаланың орталығындағы Абай даңғылы бойында тұрғындармен талқыланды.

Шаһар басшысы Абай даңғылы 47 А,Б,В,Г үйлерінің тұрғындарымен жолықты. Басты мәселе модернизация жайында болды. Алдын ала ақпарат бойынша аталған көппәтерлі тұрғын үй 48 жыл бойы ешқандай жөндеу жұмыстарын көрмеген екен.

Ұзын үйдің сырт келбеті көріксіз болып, әйнегі шытынап, баспалдағы мүжілген. Оның үстіне тұрғын үйдің өжіресіндегі жағдай айтпаса да түсінікті.

Өжірені су басқанына осымен он жыл болған. Оған шаң тозаң мен құм топырақ араласып, жағымсыз иіс шығып, өжіренің асты балшыққа айналған. Кірсең шыға алмайтын өжірені жауапты мекеме қызметкерлері күрекпен күреп, шелекпен тазартуда.

Тұрғын үйге тірелген тағы да бір мәселе бар. Модернизациядан өтті делік. Алайда сол жаңғыртуға келіспей отырған он екінші подъездің тұрғындары біраз жұмысқа кедергі жасап отыр. Өжіресін тазартайын десе есігін тас қылып байлап тастаған.

Абай даңғылындағы бұл үйдің бірінші қабаты толған кәсіптік нысандар. Фитнес орталық, оқу орталығы, сауда дүкені, дәріхана, асхана тағысын тағы кете береді. Кейде жергілікті тұрғындар сол кәсіпкерлік нысандары артынан өз жертөлелеріне де кіре алмай қалады. Айтпақшы әлгі фитнес орталықтың ішінде жуынатын жер, кей тұрғынның айтуынша тіпті монша да бар көрінеді. Содан шыққан қалдық су канализацияны демде толтырып, жағымсыз иіс шығуда.

Жергілікті тұрғындар осы он екінші подъезд жұртымен келісуге талай келгенімен еш нәтижесіз болып отыр. Олар «Өзіміз сырлап аламыз, өзіміз жөндеп аламыз» деген сөзбен құтылады екен.

Рас, өтірігі анық емес, әйтсе де жергілікті тұрғындардың айтуынша модернизацияға келіспей, керісінше ерегесіп қылтимасында тұрып алып көпшілікке қару кезеп қорқытқан тұрғын да бар десе-ді.

Қала әкімі мұның бәрін естіп бейжәй қарамады. Аталған пәтер тұрғындарымен жолығуға үйлерінің алдына барды. Әйтсе де, модернизацияны қолдамайтындар әкіммен сөйлесуге де шықпады. Балкондарынан сығалап, суретке түсіріп, гүбір-гүбір әңгіме айтып тұрған тұрғындарды өзіміз де байқадық. Ең болмаса өжіренің жағдайын көрейін деген Шәменов сала басшыларымен бірге жертөлеге түсті. Тазартылған, жарығы бар. Алдағы уақытта пәтер астындағы барлық өжіре осындай тап-таза болмақ. Аталған тұрғын үйде 164 пәтер бар. Қазірде өжіре ішіне тазарту жұмыстары 70 %-ға атқарылды. Шатыр төбежабыны бойынша жұмыстар аяқталып стяжкасы 70%-ға құйылды. Вентиляциялық шахтасы тазартылуда. Подъезд ішіне жаңадан пластикалық терезелер 90 %-ға орнатылды. Су бұру жүйесі жасалуда. Кәріз құбыры 70 % атқарылды. Жылу құбырының жұмысының жартысы аяқталған.

Осы үйдің абыройлы тұрғыны, белсенді апамыз Бибіш әже көптеген жұмыстардың басы-қасында жүр. Жасы 77-ге келсе де мердігерлердің жөндеу жұмысын қадағалап, кем-кетігін ескертіп келеді.

– Мен осы үйде 1975 жылдан бері тұрамын. Бұған дейін ешқандай жөндеу жұмысын көрмеген. Қазір мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде біраз жұмыстар қолға алынып жатыр. Барлығы қуанышты. Бұрындары шатырдан су кетіп, мәселе болатын. Қазір шатырымызды да жөндеп жатыр. Одан кейін масадан көз ашпайтынбыз. Қазір маса атымен жоқ. Тіпті масаны «сағынып» қалдық, – дейді Бибіш апа.

– Ертең жөндеу жұмыстары бітеді. Содан кейін міндетті түрде тұрғындар пәтерлердің кем-кетігін айтып, дұрыс жөндемей кеткенін айтып шығады. Олай болмауы керек. Тұрғын үй сіздерге ортақ болғандықтан барлықтарыңыз мердігер жұмысын қадағалап отыруларыңыз керек,-деді қала әкімі А.Шәменов.

Қазірде отыз үш адам осы тұрғын үйді жоспар бойынша 23-ші қыркүйекке дейін құрылыс монтаж жұмыстарын бітіруге тырысуда. Одан сыртқы жұмыстары, әрлеу, терезе салу, домофон орнатылмақ. Жалпы сомасы 166 миллион теңгені құрайды. Тұрғын үйде 164 пәтер бар. Жаңғыртуға жұмсалған ақшаны тұрғындар бөліп қайтарады. Сонда әр пәтер басына 1 миллион 12 195 теңгеден келеді екен.

Айта кетейік қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша 2011-2019жж аралығында «Өңірлерді дамыту 2020 жылға» және «Нұрлы жер 2020-2021» бағдарламасы аясында республикалық бүйжеттен бөлінген 5,2 млрд теңгеге 151 тұрғын үй және қайтарымды қаражат есебінен 811,4 млн. теңгеге 21 тұрғын үй, барлығы 172 көпқабатты тұрғын үй жаңғыртылды.

2021 жылы 11 көппәтерлі тұрғын үйге 681 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді .

2022 жылға республикалық бүйжеттен 555,7 млн бөлініп, қазіргі таңда мердігер 8 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 2023 жылға республикалық бүйжетке жалпы құны 1,4 млрд теңге болатын 19 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бүйжеттік өтінім жолданған.

Д.АМАНГЕЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған