Арал қаласында әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы, аз қамтылған отбасы мүшелеріне ақпараттық-кеңестік және ресурстық қолдау көрсетуге арналған «Отбасын қолдау» орталығы ашылды.

Бұл орталық ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әлеуметтік жағынан осал отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың экономикалық дербестігіне және азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету мақсатында жұмыс жасамақ. Аталған орталықтың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов жаңа орталықтың маңызын айқындап өтті.

– Өңірде жүзеге асып жатқан бұл тың жобаның мақсаты ел азаматтарының қолайлы өмір сүруі үшін жан-жақты қолдау көрсету. Орталық өмірде қиын жағдайға тап болған немесе оның туындау қауіп-қатері бар отбасыларды анықтап тұрғындарға учаскелік полиция инспекторларымен, оқу орындарымен, аудандық ауруханамен, білім бөлімімен, қала, кент, ауылдық округ әкімдерімен және аудан әкімдігіне қарасты бөлімдермен бірге тиісті қызмет көрсетеді. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне, осал топтағы азаматтардың жеке қабілеттері, дағдыларын ескеріп, жұмыс іздеулері мен жұмысқа орналасуларына ықпал ететін болады. Жаңа мекеме халық үшін қажетті қызмет көрсететін, сапалы мамандармен қамтылған іргелі орталыққа айналарына сенімім мол – деп, жаңа мекеменің отбасылардың әлеуетін нығайтуына септігін тигізер орын болуын тіледі.

Орталық облысымызда аудандар арасынан бірінші болып ашылып отыр. Орталықта 17 маман қызмет көрсетеді. Ғимарат Арал қаласы аумағындағы Ш. Уалиханов тұйығының бойында № 2а ғимаратында орналасқан. Аптасына бес күн сағат 09.00-19.00 аралығында қызмет көрсетеді. Мамандардың қабылдауы мен кеңестер беруі тегін. Сондай-ақ тәулік бойына +7 72433 2-6598 телефонына қоңырау соғу арқылы кеңес алуға болады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған