Әкімдіктегі кезекті жиын әдеттегідей жасалған жұмыстарды баяндап, белгілі бір тапсырмаларды берумен ғана шектелмеді. Жиын барысы бүгінге дейін жасалғаннан бөлек, жасалмаған, нақтырағы тапсырылса да нәтижесі жоқ тапсырмаларға арналды.

Қала әкіміне тиесілі жұмыстарға тоқталар болсақ, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-мен теміржол вокзалын қайта жаңғыртуға бағытталған жұмыс мерзімінен кешіккен. Одан бөлек қалаға қарасты ауылдық округтердің де жұмыстарында кемшіліктер жоқ емес. Мысалы, Талсуат кентінде өткен жылы пайдалануға берілуі тиіс клубтың ашылу салтанаты қашан болары белгісіз және «Қызылжарма» каналы арқылы қатынайтын көпір жоспарға сәйкес қыркүйекте пайдалануға берілуі тиіс болған. Алайда, жұмыстың 95 пайызы орындалған көрінеді. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қызылжарма ауылдық округіндегі көшелерді жөндеуге бөлінген қаржының игерілуінде де мәселелер жоқ емес.

Одан бөлек, облыс әкімін толғандырған мәселелердің қатарында қалаға қарасты «Арай-2», «Сырдария», «Бәйтерек-Шұғыла» шағын аудандары үшін өзекті болған мәселелерге сәйкес арнайы жоба-сметалық құжаттарының дайын болмағаны мен «Құмкөл» кен орнынан Қызылорда қаласына дейінгі кіреберіс бөлігін салу жобасы уақытылы дайын болмағандықтан, жобамен 4 млрд. теңге қаражаттың бөлінбей қалу қаупі де бар. Нәлібаев наразылығын білдіріп, Шәменовтің шикілігін жеткізді.

Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев:

– Жоба жайында «ҚазАвтоЖол» филиалының басшысы Ерұлан Жүнісов 3 ай бұрын айтты. Жұмысты реттемегені, тапсырманы орындамағаны, тиісті жобаны әзірлемегені үшін қала әкімі Асылбек Шәменовке қатысты тәртіптік жаза қолданылсын. Он күнде дайын болатын жобаны үш ай бойы созбалаңға салуды қалай түсінуге болады? Бұдан бұрын тапсырмаларды мерзімінде орындамағаныңыз үшін «қатаң сөгіс» алдыңыз, әрі қарай «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасы қолданылады. Кешегі «Үлгілі елді мекен» конкурсына қала әкімдігі бір де бір жоба ұсынбадыңыздар. Конкурсқа қатысқан жоқсыздар. Қызылорданы тазалық пен көгалдандыру, абаттандыру шараларынан сырт қалдырып, сквер, балалар және спорт ойын алаңдарын салу, көше, аулаларды жарықтандыру сынды жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін тиімді пайдаланбадыңыз. Әйтпесе Қызылордада абаттандыруды қажет ететін аулалар, шағын аудандар жеткілікті емес пе? Мұндай жағдайда немқұрайлылық танытып, әрекетсіз қалуыңызды түсіну қиын. Онсыз да жұмысыңыздың басым бөлігін біз атқарудамыз.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған