А.Шәменов қала әкімі болып тағайындалғалы бергі алты ай уақыт ішінде алғаш рет қаладағы бірқатар БАҚ басшыларымен кездесті. Әңгіме екі жаққа да ортақ тақырып – қала күні мерекесі туралы болды. Биылғы жылы қала күні мерекесі бір айға жоспарланды. Әр апта әралуан ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Тойшыл қауым үшін демалуға уақыт жоқ. Тіпті бір күнде бірнеше іс-шара өтіп жатқан кез де бар. «Сондай да көп жұрт іс-шараларды неге көп өткізе береді деп айтып та жатады. Әрине, халық – айна. Бәрін көріп біліп отырады. Әрбір іс-шара мәдени тәрбие, ұлттық салт-дәстүр насихаты, рухани құндылықтардың жаршысы. Мереке дүрмегімен жүріп, кейде іс-шаралардың астарын аңғара бермеуіміз де мүмкін» дейді әкім. Әкім ойында қызылордалық жастар өте ізденімпаз, білмейтіні жоқ. Әдетте жастарға үлкендер ренжіп жатады. Бірақ, үлкендер де жастарды көп нәрсеге тарта бермейді. Ал негізі қаланың болашағы жастар. Содан да қала күні іс-шараларында олар көрермен ретінде ғана емес, қатысушы ретінде де белсенділік танытуда. Жасыратыны жоқ, биылғы іс-шаралардың басым дені сол жастарға бағытталды.

Қала әкімі қалаға инвестиция тарту тұрғысындағы да ойын жасырмады. – «Қызылорда – болашақтың қаласы десек, онда кәсіпкерліктің кең қанат жаюына кедергі жасамай, оған қайта қолдау көрсетуіміз керек. Қаланы салатын да, көркейтетін де кәсіпкерлер. Қандай да бір құрылыс, қызмет түрі қаржысыз бітпейді. Билік жол, жарық, су сияқты қажеттіліктерді жеткізіп, инфрақұрылымды жақсартып отырса кәсіпкерлер де қаланың дамуына жанын да, қаржысын салары анық. Әлемдік тәжірибеде қай мемлекеттің кәсіпкері көп болса, сол мемлекет мықты».

«Халықпен бірге демалатын болсақ халықтың жағдайын кім жасайды? Халықтың өмірі жайлы, демалысы тыныш болуы үшін біз уақытқа қарамай жұмыс істеуден шаршамаймыз»,-деп құлшынған қала әкіміне қала тойын өткізуге қала бюджетінен қанша қаржы бөлінді деген сұрақ та қойылды. -«Бюджеттен бір тиын да шыққан жоқ. Барлық іс-шара қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызмет аясында қалалықтардың ынтасымен, кәсіпкерлердің ықыласымен өтуде. Шынын айтқанда қала күні мерекесі басталу қарсаңында кәсіпкерлер тарапынан мерекеге орайластырып әралуан іс-шаралар өткізуге ұсыныс түсті. Бірін ғана айтайын, «Қырық қазан палау» соның айғағы»,-деген әкімге Гала концертке әншілер келетін шығар, олардың шығынын кім төлейді,-деп журналистер де тақымдап қоймайды.

– Кәсіпкерлер өздері шақырып жатыр.

– Кімдер келеді екен?-деп журналистер де тықақтап қоймайды.

– Оны кәсіпкерлер біледі. От шашудың өзі де ерекше болатын сияқты. Біз кімнен кембіз? Бәрін керемет етеміз деп кәсіпкерлер ықыластанып отыр,-деген қуанышты әкімге қоғамдық көліктің әбден зардабын көрген журналистің бірі автобус мәселесін сұрақ етіп қойды.

– Автобустар келіп жатыр. Біз асыққанменен жеткізушілер асығар емес. Рет-ретімен, тәртібімен жәймендеп әкеліп жатыр,-деп жауап берген әкімге:

– Аялдамада автобус күтіп отырып суретке түспедіңіз бе?,-деген сұрақ та қойылды.

– Алдымен автобустарымыз келіп болсын да,-деп жедел жауап берген қала басшысы – Қаладағы барлық игі істердің, жақсылықтардың барлығы облыс әкімі Н.Нәлібаевтың қолдауының арқасы – деп қосып қойды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған