Мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау, уақытша тоқтату және толық тоқтату шарттары бекіді: Енді жаңа ереже келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады. Жаңа ережеге азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен отбасының әл-ауқат деңгейі бағаланады.

Үкімет қаулысына сәйкес 10 түрлі мемлекеттік жәрдем­ақы мен әлеуметтік төлемді уақытша тоқтату және толық тоқтату шарттары белгіленген. Олардың қатарында бала тууына байланысты жәрдемақы, бала күтімі бойынша төлем, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, асыраушысынан айырылу және мүгедектік бойынша төлемдер, сондай-ақ мүгедектігі бар адамға күтім жасайтындарға берілетін жәрдемақы бар.

Жәрдемақы төлеу мынадай жағдайларда уақытша тоқтатылуы мүмкін:

Жәрдемақы алушының банктік шотында үш ай, немесе одан да ұзақ уақыт бойы шығыс операциялары болмаса;

Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кетсе;

сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру жазасын өтесе;

стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тұрып, толық мемлекеттік қамсыздандыруда болса;

хабарсыз кеткенін растайтын құжаттың, немесе оны хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімі болса;

шетелдік азаматтың жеке басын куәландыратын құжатының немесе қандас куәлігінің қолданылу мерзімі аяқталса;

қайтыс болғанын растайтын құжат болса жәрдемақы төлеу тоқтатылады.

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыға қатысты да арнайы талаптар бар. Егер отбасындағы бала­лардың бірі 18 жасқа толса, төлемді тағайындау шарттары қайта қаралады. Егер бала колледжде, немесе жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде білім алса, заңда белгіленген талаптарға сәйкес жәрдемақы төлеу жалғасуы мүмкін. Оқу тоқтатылған жағдайда төлемге құқық қайта қаралады.

Ата-ана баланы тәрбиелеу құқығынан айырылған жағдайда жәрдемақы төлеу тәртібі заң талаптарына сәйкес өзгеруі мүмкін.

Бала күтіміне арналған жәрдемақы қандай жағдайда тоқтатылады?

Бала күтіміне байланысты жәрдемақыны толық тоқтатудың да негіздері бар.

Бала қайтыс болса;

бала толық мемлекеттік қамсыздандыруға алынса;

өтініш беруші жалған немесе дұрыс емес мәліметтер ұсынса;

жәрдемақы алушы Қазақстан азаматтығынан айырылса, немесе азаматтығын тоқтатса;

ата-аналар ата-ана құқықтарынан айырылса, немесе олардың құқықтары шектелсе;

бала асырап алу туралы шешім жарамсыз деп танылса, немесе күші жойылса;

қорғаншы өз міндеттерін атқарудан босатылса, немесе шеттетілсе бала күтіміне байланысты жәрдемақы тоқтайды.

Мүгедектікке, асыраушысынан айырылуға, арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға және көпбалалы аналарға берілетін төлемдерге қатысты да заңда белгіленген тоқтату негіздері қолданылады.

Ал мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын тұлғаға төленетін жәрдемақы мүгедектік тобы өзгергенде немесе мүгедектігі бар адамның өзі тиісті өтініш берген жағдайда тоқтатылуы мүмкін.

Әлеуметтік жағдай қалай бағаланады?

Отбасының немесе азаматтың әлеуметтік әл-ауқаты бес деңгей бойынша бағаланады:

А тобы – жоғары деңгей;

В тобы – ауқатты деңгей;

С тобы – қанағаттанарлық деңгей;

D тобы – экономикалық осал деңгей;

Е тобы – экономикалық және әлеуметтік осал деңгей.

Отбасының әлеуметтік жағдайы Отбасының цифрлық картасы негізінде бағаланады. Ережеге сәйкес А және В топтарына жатқызылған азаматтардың жәрдемақы алу құқығы шектелуі мүмкін. Бұған дейін төлем алып келген отбасының әлеуметтік жағдайы жақсарса, жәрдемақы уақытша тоқтатылуы ықтимал.

Отбасының әл-ауқаты ай сайын қайта бағаланады. Егер азаматтың әлеуметтік жағдайы өзгеріп, ол С, D немесе Е топтарының біріне жатқызылса, заңда көзделген талап­тарға сәйкес жәрдемақы төлеу қайта басталуы мүмкін.

Азаматтардың дербес деректері жиналады

Жәрдемақы тағайындау кезінде отбасының кәмелетке толған мүшелері және төлем алуға үміткер азаматтар өздерінің дербес деректерін жинауға және тексеруге келісім беруге тиіс.

Тексеру барысында банктік құпияға және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтер, сондай-ақ кредиттік бюродан алынатын ақпарат пайдаланылуы мүмкін. Оған кредит бойынша берешек сомасы, ай сайынғы төлем мөлшері, мерзімі өткен берешек және қалған қарыз туралы деректер кіреді.

Бұл мәліметтер отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалау үшін қолданылады.

Кімдердің әлеуметтік жағдайы тексерілмейді?

Әлеуметтік әл-ауқатты бағалау жүйесі жәрдемақы­лардың кейбір түрлеріне қолданылмайды.

Жасына байланысты зейнетақы алатын наградталған көпбалалы аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы;

мүгедектігі бар балаларға және бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;

ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға тағайындалатын асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;

жасына байланысты зейнетақы алатын азаматтарға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы әлеуметтік әл-ауқатты бағалау жүйесіне кірмейді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған