Тәуелсіздік жылдарындағы өткен кезекті, кезектен тыс Президент сайлауларын санамалағанда биыл жетінші рет Президент сайлағалы отыр екенбіз.

Биылғы жылдың қазанының 11-інде Астана уақытымен сағат 18-00-де Президенттікке үміткерлер ұсыну мерзімі аяқталды. Енді бір он күннен кейін дауыс беруге жіберілетін үміткерлер саны нақтыланады.

Бүгінгі күнгі мәлімет бойынша әзірге үлкені бар, жасы бар, ері бар, әйелі бар 12 үміткер ұсынылды.

Өз өкілеттілігін нықтап заңдастырып алмақшы болып осы сайлауды өткізуге бастамашы болған да, жарлық шығарған да Қ.Тоқаев бұрынғы ізбен жүрмеді. Біріншіден сайлау уақытын елден жасырмады. Биылғы жылдың қыркүйегінде халыққа жолдаған Жолдауында “биыл Президент сайлауын өткіземіз” деп жаһанға жар салды. Екіншіден 7 жыл мерзімге бір рет қана сайланатынын заңдастыратынын тағы айтты.

Сондай-ақ ел Президенті Қазақстанның тұтас халқына ортақ болғандықтан бір ғана саяси ұйымнан ұсынылуды жөн көрмеді. Халықтың атынан шықсам деді. Онысы да қабыл болды. 30 қоғамдық ұйым, Amanat, ХКП, “Ақжол” партиялары бірігіп, Тоқаевты үміткер етіп ұсынды. Үміткер Тоқаев ендігі жерде бұл сайлаудың әділ, әрі әділ өтуіне мүдделімін деп отыр.

Бұл сайлауда “Ауыл” партиясы алға түсіп, алғашқылардың бірі болып, өз үміткерін атады. Партияның ұсынғаны Жигули Дайрабаев 1954-ші жылы қазанның 29-ында дүниеге келген. 1981-ші жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ ауылшаруашылығы институтын, 1989-шы жылы Агроөндіріс кешені жоғары мектебін бітірген ғалым-агроном.

Еңбек жолын шопан көмекшісі болып бастаған. Шопыр да болған. Луговой ауданында “Коммунизмге жол” колхозының комсоргы болған. 1974-ші жылдан бастап комсомолдық, 1977- ші жылдан бастап кәсіподақтағы, одан кейін 1980-ші жылдары ауылдық атқару комитеті төрағалығынан 1984-ші жылы аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып жоғарылаған. Жалпы сол кездегі тәртіп бойынша қызметтің ең төменінен бастап көтерілген бұрынғы комсомол, партия қызметкері, 2009-шы жылдан кәсіпкерлікке де араласқан.

2015-ші жылдары “Қазақстан фермерлер одағының” облыстық филиалын, кейіннен осы фермерлер ассоциациясының басқарма төрағасы, биылғы жылдың маусымына дейін “Атамекеннің” Агроөндіріс кешені комитетінің төрағасы болып келген. Кешегі маусымда құрылған Президент жанындағы Құрылтайдың мүшесі.

Уақытында Жоғарғы Кеңестің депутаты болып, 1991-ші жылы тәуелсіз еліміздің Декларациясын, алғашқы Ата Заңды, Мемлекеттік рәміздерімізді, 300-ден аса заңдар мен нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға қатысқан. Беріде 2021- ші жылы Тоқаев бастамасымен құрылған жер реформасы жөніндегі республикалық комиссия төрағасының орынбасары.

Жамбыл облысының, осы облыстың Т.Рысқұлов ауданының “Құрметті азаматы”. Марапаттары да жетерлік.

Шопанның көмекшілігінен бастап, ауылдағылардың жоғары басшылығы төрағалығына дейін жетіп, екі заман билігінің сеніміне ие болған Жигули Дайрабаевың жай үміткер емес…

Реті келсе сайлауға байкот жариялаймыз деп жарияға жар салып жүретін оппозициялық күштер – Жалпы ұлттық социал демократиялық партиясы Н.Әуесбаевты үміткер етіп ұсынды. Үміткер 1957-ші жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан университетін бітірген. Жергілікті атқарушы орындарда біраз жыл жауапты қызметтер атқарған. Экономикалық, заңгерлік екі бірдей жоғары білімі бар. Астанада тұрып жатқанына біраз болған. Тіл сынағынан өтерде “Түркістан – ер түріктің бесігі” тақырыбында шығарма жазған. Сондай-ақ Ж.Аймауытұлының “Ақбілек” романынан үзінді оқыған. “Ана тілім-асыл қазынам” деп те барлық жағынан тіл сынағынан сүрінбей өткен. “Біз жеңіске сенімдіміз. Жеңісіне сенбей, сайлауға кім қатысады?

Біздің партия сұранысқа ие. Еуропаның көптеген елдерінде социал-демократиялық партиялар, бұны идеология құптайды. БАҚ жұмысындағы бағдарламамызда маңызды мәселелер бар. Сөз бостандығын көтереміз, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық пен олигархиямен күрес, саясатта да, экономикада да әлеуметтік әділеттілік үшін күресеміз”, – деген Әуесбаев ендігі жерде қолдау қолын жинауы керек.

Оны ұсынып отырған оппозициялық партияда бүгінде 160 мыңнан астам мүше бар. 2006-шы жылы құрылтай съезі өтіп, 2007-ші жылы мемлекеттік тіркеуден өтіп, билікке қарсы сын, айтыс-тартысты айтпағанда өз ішінде де келіспеушіліктер жиі болып, басшылығы да жиі ауысып, не жағдай болғанда да ел ішінде оппозицияны жоқтатпай жүрген саяси партия үміткері Н.Әуесбайдың да алдағы айтар әңгімесі әлден-ақ белгілі болып қалған сыңайлы.

Сайлау дүбірі шыққан алғашқы сәттен-ақ додаға қосыламын деп дабырлатқан М.Қажыкен айтқан сөзінде тұрып, алғашқылардың бірі болып құжат тапсырды. Оны “Аманат” кәсіподақтар достастығы ұсынды.

Экономика ғылымдарының докторы М.Қажыкен Қазіргі қоғамды зерттеу институтының директоры, Халықаралық Астана ғылыми кешені экономикалық зерттеу институтының басшысы. Әр кездері Экономика, Транспорт және байланыс сияқты екі министрлікте, Стратегиялық жоспарлау мен реформалар агенттігінде, Үкімет басшысы канцеляриясында жауапты қызметтер атқарған, еліміздің машина құрастырушылар Ассоциациясын басқарған. Өткен сайлауда “Ақжол” партиясы Д.Еспаеваны үміткер етіп ұсынып, әйелдің де Президенттікке таласа алатынын байқатып “айды аспанға бір-ақ шығарған” еді.

Бұл жолы кәсіби әлеуметтік жұмысшылар Ұлттық альянсы ұсынған Қарақат Әбден 1974-ші жылы 7 мамырда Целиноград облысы Қорғалжың ауданындағы ХХІІ партсъезд атындағы совхозда туған. Мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі 9 жыл 1 ай. Ол Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасы[1]демографиялық саясат ұлттық комиссиясының мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елорданың қоғамдық кеңес мүшесі, мәслихат депутаты, төрт баланың анасы, экономика ғылымдарының кандидаты, 2013-ші жылдан бері “Қазақ қызы” қоғамдық бірлестігінің – қыздарды тәрбиелейтін мәдени-инабаттылық институт төрағасы, Астананың “Асыл Бөбек” мектепке дейінгі жеке ұйымдар Ассоциациясының төрағасы. 2019-шы жылы “Сен – қазақтың қызысың, мақтан ет! Қыздарға – 160 лайфхак» кітабы жарық көрген.

Қыздарды инабатты, момын келін болуға тәрбиелеп жүрген онымен келіспейтіндер аз емес. Өткен сайлауда да Талғат Ерғалиев үміткер ретінде бой көрсеткен еді.

Алайда, партияласы Д.Еспаеваның құрметіне райынан қайтып, ерге тән ерлік көрсетті. Өзін үміткер етіп ұсынған “Қазақстан құрылысшылар одағы” төрағасы 1966- шы жылы Целиноград облысында дүниеге келген. Парламент тарихында алғашқы халықаралық марафонда 42 195 метр қашықтықты толық жүгіріп өткен бірден-бір мәжіліс депутаты өзі де бір-екі марафон ұйымдастырған.

Биылғы жылдың сәуір айында қолжетімді баспанаға, төменгі пайызбен ипотекалық несиеге аса қатты мән беретін “Еңбек” саяси партиясын құратынын мәлімдеді. Биылғы сайлаудағы үміткерлер арасында жалпы көп үшін бейтаныс болғанымен 70 жастағы Ж.Әлиев филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Ү шақырылымдағы Мәжіліс депутаты. Айтпақшы депутат кезінде қыз-келіншектердің аборт жасауына қарсы болып, қазақтар да қытайлар сияқты көп болуы керек деп мәлімдеме жасаған болатын. “Халық демографиясы” бірлестігі оны өткен сайлауда да ұсынды.

Алайда, Әлиев тіл сынағынан өте алмады. Жамбыл облысының тумасы. Орталық Азия университетінің ректоры болған. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы орынбасары қызметін де атқарған. Республикалық “Қазақ аналары – дәстүрге жол” қоғамдық бірлестігі, көп балалы отбасынан шыққан, тарихшы, заңгер, мемлекеттік қызметте 30 жыл еңбек өтілі бар Салтанат Тұрсынбекованы ұсынды. Ол Жоғарғы сотта қызмет еткен. Ана мен бала құқығын қорғап келе жатқан қайраткер. Елорданың қоғамдық кеңесінің мүшесі. Сайлау туралы Жарлық шыққаннан талаптанған Н.Әлтаевты республикалық “Мұқалмас” қоғамдық бірлестігі ұсынды. Президент болам деп үміткерлердің арасындағы ең жасы деуге боларлық, 44 жаста. 2020 жылдың қарашасында “Нұр Отан” партиясынан шығарылып, Мәжіліс депутаты мандаты қайтарып алынды. “Ел тілегі” партиясы тіркелмесе де ұйымдастыру комитетін басқарды. Көлеңкелі Үкімет құрды. Бір кездері Ауыл шаруашылығы министрінің де орынбасары болды. Оралмандардың “Асар бірлестігі” 1950-ші жылы Қарақалпақстанда туған, “Алаш” тарихи-зерттеу орталығының директоры, тарихшы, ғалым Хайролла Ғабжалиловты ұсынды. Бала кезінен сурет салған ол тәуелсіздік жылдары Қазақстан дизайнерлер орталығын басқарып, ұлттық теңгеміздің сыртқы бейнесін жасаған суретшілердің басын біріктірген, төл теңгеміздің авторы десе де болады. Алматы құрылыс материалдар зауытының басшысы болған. Алматы жобалау институтында қызмет атқарған.

Бұл сайлауда спорт сүйер қауым да сырт қалмады. “Қазақстан әуесқой футболшыларының” қоғамдық бірлестігі 46 жастағы Бақыт Жаңабаевты ұсынды. Ол 2001 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс департаментінде жауапты қызметкер. Өзіне салса, ақырына дейін тайталасуға дайын. Үнсіз көрермен болмай, қатысуға бел буған. Атақ үшін де түсіп жатқан жоқ. Осы сайлаудан үміт еткен үміткер үш әйелдің бірі Фатима Бизакова психолог, коуч, бизнес-тренер. Оны “тәжірибелі психология” қоғамдық бірлестігі ұсынған. Өзі туралы өзі де ашып айтпаған, жұрт та ашып айта алмаған “жұмбақ үміткер”.

P.S. Жалпы үміткерлердің қай-қайсысы да қара жаяу емес, бұл сайлаудың ертеңгі күнгі үгіт-насихаты да қызық болғалы тұр.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған