Бір жыл уақыт өтті. Кезінде аудан, қала басқарған, одан тәжірибесін әлде де шыңдайын деп Үкіметке кеткен Н.Нәлібаевтың аймаққа әкім болып келерін біліп жүргендер дәл сол күні 7 сәуірде билік ауысады деп күтпеп еді…
Аймақтағы жоғары билікке келген Нұрлыбек Машбекұлы халықтың билік туралы ойларына, тұжырымдарына, пікірлеріне біраз өзгерістер ала келді. Ел арасындағы алауыздықты, дау-дамайды, сөз таласты доғару үшін сырбойылық ел ағаларының басын қосып, “менмін” деп кеуде ұрғандарды айналасына топтастырып, оларды ел бірлігі үшін жақсы істерге жұмылдырды. Билік туралы әралуан жел сөзге тосқауыл қою мақсатымен ашықтықты, жариялылықты дереу қолға алды. Сондай-ақ инфрақұрылымды жетілдіріп, тұрғындарды сапалы жолмен, жарықпен, сумен қамтамасыз етуге қамданды. Халықтың бүгінімен қатар болашағы үшін деп Неке сарайы, Өнер орталығы, Анаға тағзым сияқты зәулім құрылыстардың іргетасы қаланды. Өткен жылы билік ауысқалы бері елде болып жатқан жаңалықтарды жұртшылыққа жүйелі жеткізу үшін осы уақыт аралығындағы орын алған оқиғаларға оқырмандармен бірге шолу жасағанды жөн көрдік…
Әлихан Смайылов Қызылорда облысының активіне жаңа әкімді таныстырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қызылорда облысына жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу барды. Өңірде олар облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты.
Әлихан Смайылов мәслихат депутаттарына ҚР Президентінің Қызылорда облысының әкімі лауазымына Нұрлыбек Нәлібаевты тағайындау жөніндегі ұсынысын жеткізді. Депутаттар ұсынылған кандидатураны қолдады.
Жаңа әкімді таныстыра отырып, ҚР Премьер-Министрі Нұрлыбек Нәлібаевтың жауапты мемлекеттік лауазымдардағы, соның ішінде Шиелі ауданы мен Қызылорда қаласының әкімі қызметіндегі жоғары кәсібилігі мен үлкен жұмыс тәжірибесін атап өтті.
Әлихан Смайылов облыс басшылығына Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында айтылған жаңа міндеттерді іске асыру, оның ішінде тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында белсенді түрде жұмыс істеу керектігін атап өтті. Осы орайда, Премьер-Министр ағымдағы проблемалық мәселелерді жедел шешіп, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет екенін атап өтті.
«Тарихы тереңнен басталатын Қызылорда өңірінің дамуына Мемлекет басшысы әрдайым ерекше мән береді. Облыстың ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тағы да басқа салаларда потенциалы өте зор. Біз бірінші кезекте халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты шараларды жүзеге асыруымыз тиіс. ҚР Президентінің биылғы Жолдауында осы мәселеге айрықша назар аударылған. Сондай-ақ облыста біраз жиналған мәселе барын жақсы білеміз. Әсіресе, су мәселесі өзекті болып отыр. Мұны шешу үшін Үкімет көршілес елдермен келіссөздер жүргізіп, тиісті шараларды бірлесе атқаруда. Жағдайды ерекше бақылауда ұстаймыз. Жаңа облыс әкімі Үкіметке барлық проблемалық мәселелерді реттеу бойынша тиісті ұсыныстар енгізуі керек», — деп түйіндеді ҚР Премьер-Министрі.
13 сәуір 2022 жыл
Алғашқы іс -сапар: Кеше мен бүгінгінің келісімі
Ресми ақпарат. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев алғашқы жұмыс сапарын киелі Қорқыт ата мемориалдық кешенінде ел алдында жүрген зиялы қауым өкілдері мен ардагерлермен кездесуден бастады.
«Бірлігі жарасқан Сыр елі» атты іс-шара барысында аймақ басшысы ақсақалдар қауымы қашанда елдің бірлігі мен ынтымағын сақтауға айрықша үлес қосып жүргенін атап өтіп, ел ағаларымен жиі пікірлесіп, ұсыныстарын тыңдауға әзір екенін жеткізді.
– Ардақты ағаларым! Қасиетті Рамазан айында киелі Қорқыт бабамыздың басында өздеріңізбен бас қосқанымызға өте қуаныштымын. Маған үлкен сенім білдіріп, туған жеріме қызмет жасауға мүмкіндік берген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысым шексіз. Өздеріңіздің қолдауларыңызбен алдағы кездерде әріптестерімізбен бірге елдің, Президентіміздің сенімінен шығу үшін осы кезге дейін жинаған барлық күш-жігерімді, білімімді аямай жұмсаймын деп сендіргім келеді, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде ардагерлер қауымы аймақ басшысының алдағы істеріне сәттілік тілеп, алғашқы қадамды жиналыстан емес, бүгінгідей киелі жерден бастағанына ризашылығын білдірді.
Кездесу соңында аймақ басшысы зиялы қауымға алғысын айтып, Президент ұсынған жаңа реформаларды бірге жүзеге асыруға, Жаңа Қазақстанды бірлесе дамытуға шақырды.
Игі шарада құрбан шалынып, аймақ басшысы мемориалдағы мұражайдың жұмысымен танысты. Мұнан кейін облыс әкімі Жосалы кентіндегі «Мәңгілік ел» монументі алдында арша көшеттерін отырғызды.
P.S. Содан бері сол Қорқыт басындағы ел ағалары мен ардагерлер Н.Нәлібаевпен бірге келеді. Бір іс-шарада бірі лента қияды, бірі бата береді, тіпті әкімдік жиналыстары да облыстық ардагерлер кеңесі мен облыстық қоғамдық кеңесі төрағаларының пікірінсіз өтпейді. Сыр бойының бұрынғысы мен бүгінгісінің өзара бірігуі өткен жылдың 13 сәуірінен басталды.
15 сәуір 2022 жыл
Әкім кеңесшісі – халық …
Ресми ақпарат. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына арналған кеңейтілген жиын өткізді. Отырысқа облыстық мәслихат хатшысы, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері мен департамент және барлық басқарма басшылары қатысты.
Жиында әкім орынбасарлары өздері жетекшілік ететін салалардағы негізгі басымдыққа ие бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Облыс әкімі өңірдің негізгі макроэкономикалық даму көрсеткіштерінің басым көпшілігі республикалық деңгейдегі орташа көрсеткіштен төмен екенін ескертті және инвестицияларды тарту жұмысын тез арада күшейтуді тапсырды.
Жиында өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті көбейту, инвестицияларды тарту бағытында атқарылған жұмыстарға талдау жүргізді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы және жер дауы мәселелері де шет қалмады. Яғни аймақ басшысына шаруа қожалықтарына бөлінетін инвестициялық субсидиялардың жымқырылғанын және бірнеше ауылдық елді мекенінде жер даулары орын алғанын айтып, осы мәселелерді бақылауға алуды тапсырды. Мұнан бөлек, әлеуметтік маңызды тауарлар құнының қолжетімді болуы мен қоймаларда жеткілікті қоры болуын қамтамасыз етуін міндеттеді.
Мұнан өзге энергетика саласында инфрақұрылымдық желілердің тозу деңгейін саралап, келер жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын осы кезден бастауды тапсырды. Сондай-ақ, қаладағы басқарудың жаңа формасына өтетін 575 көпқабатты үйлердің дайындығы тиісті деңгейде жүргізілмегенін айтып, оларды кондоминиум нысаны ретінде тіркеу жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.
Кеңейтілген жиында білім, денсаулық, жұмыспен қамту салаларындағы өзекті бағыттар ашық талқыланды. Нұрлыбек Нәлібаев ана мен бала өлімін азайту, жаңа мектептер салу, нақты жұмыс орындарын құру бағытында кешенді талдау жүргізіп, ұсыныстар даярлауды қатаң тапсырды.
Сондай-ақ, аймақтың қоғамдық-саяси ахуалы мәселесін саралаған өңір басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымы аясында қоғаммен сындарлы диалог орнатуға дайын болуды және әлеуметтік шиеліністі болдырмауға қажетті жұмыстарды күшейтуді жүктеді.
Жиын соңында Нұрлыбек Нәлібаев мемлекеттік аппаратты оңтайлы және тиімді ету мақсатында бағыттас басқармаларды біріктіріп, 24 басқармадан 8-ін қысқартып, облыс әкімдігінің құрылымында 16 басқарма қалатынын жеткізді.
Сондай-ақ, бұдан әрі облыс әкімінің штатты және штаттан тыс кеңесші лауазымдары болмайды.
Аймақ басшысы «біздің кеңесшілеріміз –халық!», – деді.
P.S. Осы жиыннан соң халық арасында әкім беделі күрт артты. Бұдан былай жұртшылық оның әр сөзін аңдып отыратын болды. Облыс бюджетіне үнем де болған болар, бірақ басқармаларды біріктіргені, “кеңесшім – халық” дегені жұрт көңіліне майдай жақты.
16 сәуір 2022 жыл
Құрметпен “құтылды ”
Актив отырысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің дамуына ерекше үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды жаңа қызметке ауысуына байланысты Сыр халқының атынан алғысын жеткізіп құрметін білдірді.
Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Бахыт Жаханов ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру бөлімінің мемлекеттік инспекторы лауазымына тағайындалды. Аймақ басшысы орынбасарының өңір экономикасын дамытудағы қажырлы еңбегін атап, алдағы қызметіне сәттілік тілеп Құрмет грамотасын табыстады.
Сондай-ақ, өзге қызметке ауысқан аппарат басшысы Ерлан Райғаниевтің, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Нұрланбаевтың, облыстық энергетика басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев пен іс басқармасының басшысы Алмас Идрисовтың атқарған еңбектерін жоғары бағалап, іскерліктері үшін алғысын жеткізді. Азаматтарға «Құрмет» грамоталары табысталды.
P.S. Жаңа әкім тағайындалған бір жеті уақыт оның дүбіріне ілесе алмайтындарды өз еркімен қызметтен кетуге мәжбүрледі.
18 сәуір 2022 жыл
Сермағамбетов сенімді болды ?..
Арал ауданына сапарлап, әлеуметтік нысандарды саралаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кеңейтілген жиын өткізіп, ауданның өзекті мәселелерін саралады. Актив отырысына облыстық мәслихат хатшысы, ауданның зиялы қауым өкілдері, аудан ардагерлері, мәслихат депутаттары, түрлі мекеме, кәсіпорын және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Жиында аймақ басшысы аудан үшін өзекті шешімін күттірмейтін әселелерді тізбектеп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Экономика салаларына, оның ішінде әсіресе балық шаруашылығына инвестициялар тарту, салық базасын ұлғайту, саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша нақты жұмыстар жүргізу қажет. Қазіргі дағдарыс жағдайында бюджеттің әрбір тиыны есептеулі. Осы ретте, бюджеттен бөлінген қаражаттарды мерзімінде және толық игеріп, жобалардың сапалы жүзеге асуын қамтамасыз етіңіз», – деді облыс әкімі.
P.S. Сермағамбетов бұдан бір жыл бұрынғы Нәлібаев сенімін қаншалықты ақтады деген сұрақ бары рас.
20 сәуір 2022 жыл
Мақұлбековті мақұлдамады
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Шиелі ауданына барып, бірқатар нысандарды аралап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев актив отырысын өткізді. Жиында аудан әкімі Нариман Мақұлбеков экономикалық көрсеткіштерге тоқталып, шешімін тапқан және аудан халқы үшін өзекті мәселелерге ұсынысын білдірді.
Аймақ басшысы негізгі экономикалық көрсеткіштерді бақылауда ұстап, өңірдегі кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді, инвестиция тарту бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.
P.S. Шиелі ауданы Нәлібаевтың қызмет сатысында орны ерекше мекен. Әрбір жетістігі, кемшілігі көңілге ыстық дегендей. Содан болар ауданның көңіл толмайтын көрсеткіштеріне орай Н.Мақұлбеков қызмет ауыстырғандардың қатарына қосылды.
20 cәуір 2022 жыл
Күріш көлемі азаймайды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевпен және бірқатар зиялы қауым өкілдерімен бірге егіс алқабында алғашқы дән себу шарасына қатысты. Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруашылығының егіс алқабында өткен жиын «Дала күні» семинар-кеңесімен жалғасты. Аймақ басшысы ел қамбасының астыққа толуын, мол өнім алуды тілеп, шаруа азаматтарының еңбегі нәтижелі болуын тіледі. «Дала күні» семинар-кеңесі барысында ауылшаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер сөз болып, шаруа қожалық иелері ортақ мәселелерді талқылады. Бірқатар басқарма басшылары мен аудан әкімдері егін егу бағытында баяндама жасап, алдағы іске асатын жоспарларын тізбектеді.
Биылғы жылы өңірде 185,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленген. Оның ішінде дәндi дақылдар 90,8 мың гектарды, майлы дақылдар 5,3 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 70,0 мың гектарды, картоп, көкөнiс, бақша 19,4 мың гектарды құрайды.
Аймақ басшысы Сыр маржанының көлемін мейілінше қысқартпай, егін науқанына қатысты нақты міндеттерді жүктеді.
– Аймағымыз бірден-бір күрішке бейімделген, халқы осы кәсіпке маманданған ел, оның үстіне күріш егілмесе топырақ тұзданып, инженерлік жерлерден айырылып қаламыз, сондықтан мейлінше күрішті қысқартпауға тырысамыз. Сыр дихандарына ата кәсібін жалғастыруға мүмкіндік жасап, азық-түлік өндіру көлемін арттыру басты бағытымыз болмақ.
Биыл ауылшаруашылық дақылдарының көлемін оңтайлы мерзімінде егілуін, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруды ұйымдастырып, қажетті тұқым, минералды тыңайтқыштар, жанар-жағармай және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етілуін қадағалау қажет. Себілетін күріш тұқымының сапасын анықтау үшін зертханалық зерттеуден толық өткізуді қамтамасыз етіп, егіске су алуды келісілген кестеге сәйкес ұйымдастыруды тапсырамын, -, деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Мұнымен қоса облыс әкімі су жолдарының, су насостары мен гидротехникалық құрылыстардың, су бекеттерінің толық дайындығын және вегетациялық кезеңде кестеге сай су мөлшерімен қамтамасыз етуді ұйымдастыруды, егіске қажетті судың белгіленген лимитке сәйкес алынуын тапсырды.
P.S. Осы жиыннан соң күріш көлемі азайып кетеді ме деп көптен алаңдаулы күрішшілердің күпті көңілі орнына түсті.
20 сәуір 2022 жыл
Ескерткіш ашты
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шараға әншінің ұлы Тәжен мен келіні Марал, қазақ эстрадасының жарқын өкілдері Жеңіс Сейдолла, Бақтияр Тайлақбаев пен Сыр елінің зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткелері мен қоғам белсенділері қатысты.
Аймақ басшысы жиналған жұртты облыс орталығы– Қызылорда қаласының төрінен ән падишасының ескерткіші қойылғанымен құттықтап, Роза Тәжібайқызының есімі туған топырағы – Сыр елінде үздіксіз ұлықталып келетінін айрықша атап өтті.
«Президент тапсырмасына сәйкес, ән падишасын мәңгі есте қалдыру мақсатында елдік дәрежеде мәдени іс-шаралар басталып кетті. Жуырда Алатау баурайындағы Алматы қаласында даңқты әншінің ескерткіші ашылды. Міне, енді бүгін туған жері, киелі Сырдың жүрегі – Қызылорда қаласының төрінен аңыз адамға арналған әсем ескерткіш бой көтерді. Егемен елі тұрғанда Роза Бағланованың есімі ешқашан өшпек емес. Мәңгі есіміздесіз, аяулы әнші, қазақ әнінің падишасы!»,- деді облыс әкімі.
Мерекелік іс-шараға арнайы шақырылған Роза Бағланованың ұлы Тәжен мен келіні Марал жерлестеріне әншінің есімін ұлықтап, құрмет көрсеткендері үшін алғыс білдірді.
P.S. Р.Бағланованың ескерткішінің ашылу рәсімі де әкім мен халықты жақындата түсті.
22 сәуір 2022 жыл
Арал – абырой…
Қызылорда облысының Арал ауданында Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасының Олий Мәжілісі Сенаты арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті.
Жиында Қазақстан Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев онлайн режимде сөз сөйлеп, Төраға орынбасары, Комиссияның Қазақстан тарапынан тең төрағасы Асқар Шәкіров, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты Төрағасының бірінші орынбасары, Комиссияның Өзбекстан тарапынан тең төрағасы Содык Сафоев, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Аброр Фатхуллаев, Олий Мәжіліс Сенатының депутаттары және Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Бахтиярұлы, Ақмарал Әлназарова мен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Бірекешев қатысты. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Кэролайн Кларинваль сарапшылық пікірін білдірді.
Кездесудің басты мақсаты – Аралды қалпына келтіру және оның экожүйесін қорғау мәселелерінде Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығын одан әрі нығайту. Сондай-ақ, аталған жиын ғылым мен экология саласында білім беруге қатысты бірлескен жобаларды іске асыру.
P.S. Арал проблемасы – жаңа әкімді тағайындауда Үкімет басшысының “Жаңа облыс әкімі Үкіметке барлық проблемалық мәселелерді реттеу бойынша тиісті ұсыныстар енгізуі керек” деген тапсырманың өзектісі.
27 сәуір 2022 жыл
Қармақшы лагері –есепсіз қаржы жұмсау көрінісі
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Қармақшы ауданына барып, бірқатар нысандарды аралады. Алдымен ол Ақтөбе ауылдық округіндегі жылына 1500 тонна құс етін өндіретін фабриканың жұмысымен танысты. «Қармақшы құс» ЖШС біріккен кәсіпорны 2017 жылы «Байқоңыр» ӘКК АҚ қолдауымен фабрика құрылысын бастаған.
Өндіріс иесі Нұрлан Іздібаев фабрика биыл тамыз-қыркүйек айларында жұмысын бастайтынын жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі сапалы әрі импорт алмастырушы өнімдерді шығару қажеттігін атап өтіп, жобаға қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Аймақ басшысы Қармақшыдағы балалар демалысына арналған лагерьдің жағдайымен танысты. Мұнда жыл бойы 5000-ға жуық баланың ой сергітіп, танымдық бағытта жұмыс істеуіне, олимпиадаға дайындық жұмыстарын жүргізу мен түрлі үйірмелерге қатысуға мүмкіндігі бар. Балалар үшін ғимаратта клуб, асхана, ұлдарға және қыздарға арналған бөлек корпустар мен спорттық ойын алаңдар ашылған.
Облыс әкімі қосымша білім беру ұйымдарын салу кезінде ең бірінші кезекте қажеттілікті және бала санына қарай жоба ұсыну керек екенін еске салды. Бұл ретте бюджет қаражатын тиімді қарап, артық шығынды болдырмау қажеттігін тапсырды.
– Экономика салаларына инвестициялар тарту, салық базасын ұлғайту, саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлік
саласын дамыту бойынша нақты жұмыстар жүргізу қажет. Ауданда маңызды мәселелердің бірі – елдің ауызбіршілігін сақтау. Одан бөлек, Қармақшыда қазіргі уақытта жастар арасында құқық бұзушылық фактілері азаймауда. Осы бағытта пәрменді шараларды қабылдау керек,- деді облыс әкімі.
P.S. Әкім болып келгелі бері бюджет қаражатын тиімді жұмсауды қайта-қайта айтып келе жатқан әкім айдалаға салынған лагерді көргенде күйіп кетті.
(Жалғасы бар)
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар