Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Әділетті Қазақстан дегеніміз – жалаң ұран емес, бұл – анық ақиқат»

“Әділетті Қазақстан” деген көп ойлап жүргендей тосыннан топ етіп бірден келе салмайтын көрінеді. Әлі кемінде бес жыл уақыт керек сияқты. Кешегі сайланған Парламент отырысында “Біз жан-жақты жаңғырту жұмысын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ әлеуметтік экономикалық даму барысына тың серпін беруіміз керек. Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда, аса маңызды өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды, бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет пен Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет” – деген сөзіне қарағанда солай.

“Әділетті Қазақстан” айтыла бастағалы бері меншігінде біршама дүниесі, кәсібі бар кәсіпкерлер алаңдаулы. Қанша дегенменен өткен ғасырдың бас жағында бай мен кедейді теңейміз деп ауқаттылардың малы, барлық күйі ортаға салынып кеткені тарихи жадыда жаңғырып тұр. Содан да болар мемлекет басшысы жеке меншікті қорғауды баса айтып, сол үшін де сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформалардың жалғасатындығын жеткізді.

Президент сөзімен айтсақ “Монополиядан арылту және елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл елімізге орнықты, бәсекеге қабілетті ірі бизнес керек емес дегенді білдірмейді. Керісінше қажет екені сөзсіз және біз оны қолдаймыз”.

Қаншама жылдар бойы етімізден өтіп, сүйегімізге дейін жеткен жаман әдеттерден арылып, жақсыға бойалдыру үшін әлі біраз уақыт керегі анық. “Әділетті Қазақстан” шынында да жалаң ұран емес…

* * *

• Жалпы алдағы бесжылдық шағын және орта бизнесті қолдауға арналуы керек. Ұлттық жобалар уақтылы және сапалы жүзеге асырылуға тиіс. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды.

Еліміздің негізгі басымдықтары – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Сол арқылы тамыры тереңде жатқан мемлекеттілік дәстүрімізді нығайта түсу.

Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет. Ол үшін, ең алдымен, әділ, тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керек. Салық кодексі және тұтас салық саясаты түсінікті, тұрақты болуы қажет.

• Қазір елдегі жағдай түбегейлі өзгерді. Әділетті Қазақстан дегеніміз –жалаң ұран емес, бұл – анық ақиқат. Алда атқаратын жұмыс көп. Біз бұған бір ел болып түгел атсалысуымыз керек.

• Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолыжете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет.Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ.

• Былтыр тауар газының тапшылығына тап болдық. Бұл жағдай бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіре жаздады. Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін нарықты газбен қамтамасыз ету керек. Қазақстанда газдың бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді бізге де енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн. Жалпы, төмен тарифтер мен төмен бағалар экономикамызға теріс ықпал етеді. Бөлінген барлық субсидиялар көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет. Басқа жол жоқ.

Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет. Биылғы қыстың қалай өткенін баршаңыз білесіздер. Қыстың көзі қырауда бірқатар аймақта қалалар мен елді мекендер жылусыз қалды. Әбден тозған энергетика инфрақұрылымы әрең жұмыс істеп тұр. Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек.

• Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді. Тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты. Сондықтан біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беру қажет. Ашығын айтсақ, агроөнеркәсіп кешені бұл міндетті толық орындап отырған жоқ. Осы саладағы саясат бірізді емес. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат тиімді жұмсалмайды. Өнім өндіруші мен тұтынушының арасында делдал көп.

• Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді.

• Тағы бір мәселе – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті бізге оның алдын алу қажет. Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал.

• Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады. Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс.

• Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез-келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет.

• Адам капиталын дамытуға қатысты тағы бір мәселе – Денсаулық сақтау жүйесінің тиімді болуы. Еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажет. Оның жай-күйіне қатысты түйткілдер аз емес. Мемлекет соның бәрін біртіндеп шешіп жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланған. Жұмыстың бәрі уақтылы әрі сапалы жасалуы керек. Бұл – өте маңызды. Барлық жауапкершілік әкімдерге жүктеледі.

• Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін. Осы ретте креативті индустрияға жүйелі қолдау көрсету өте маңызды. Адам капиталын тұрақты дамыту жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде табысты ел болудың басты кепілі болады деп санаймын. Біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру арқылы әділетті мемлекеттің және үйлесімді қоғамның негізін қалаймыз. Мен «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдадым. Биыл қазан айында – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады.

Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау – басты міндеттің бірі. Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек. Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді. Әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуге тиіс.

Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар. Жалпы, әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуге тиіс.

(Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ҮІІІ-ші сайланған Парламентте сөйлеген сөзінен)

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған