Көктемгі егіске дайындық жұмыстарын пысықтаған Үкімет жиынында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көктемгі егінге әзірлік барысын баяндады.

– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнім көлемін 5 жылда 2 есеге арттыру тапсырмасына сәйкес облыста 187 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Оның ішінде күріш көлемі 83,9 мың гектар. Өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемін 6,4 мың гектарға, оның ішінде күрішті 5 мың гектарға азайттық. Орнына суды аз қажет ететін дақылдар егісін арттырамыз. Сырдария өзеніндегі су шаруашылығы жағдайы күрделі болуына байланысты егілетін егісті тұрақты суғаруға су лимитінің бекітілуін күтудеміз. Мемлекетаралық Су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысында вегетация кезеңіне су лимиті белгіленгеннен кейін егіс көлемі қайта нақтыланатын болады. Өңірде көктемгі егін егу жұмыстары наурыз айының 1-ші онкүндігінде басталды, мамырда аяқталады. Күріш сәуір айының 3-ші онкүндігінде себіле бастайды. Ерте егілетін дақылдар жаңа жоңышқа, жаздық бидай, арпа, мақсары, қант құмайы жерге орналастырылуда. Бүгінгі күнге 16,5 мың гектары егілді.

Мемлекет басшысы оңтүстік өңірлерге суды үнемдейтін технологияларды енгізуге баса назар аударуды тапсырды. Аймақта су үнемдейтін озық технологияны енгізу көлемі биылғы жылы 4200 гектарға жеткізіледі. Оның ішінде тамшылатып суару әдісімен «Таң ЛТД» ЖШС 800 гектар жүгері, «Qaratau Fruits» ШҚ 80 гектар қарқынды бақ, «Ер Әлі» ШҚ 15 гектар, майда шаруашылықтар 1800 гектар, жеке қожалықтар 1005 гектар көкөніс, бақша егеді. Жаңбырлатып суару әдісімен «РЗА Агро» ЖШС 260 гектарға сүрлемдік жүгері, «Gamil Pro» ШҚ 200 гектар жоңышқа, «Жетікөл Жер» ЖШС 40 гектар күнбағыс егуді жоспарлаған.

Күріш мелиоративтік дақыл болғандықтан, күріш атыздарында су үнемдеудің бірден-бір жолы – лазерлік тегістеу. Биыл күріш алқаптарының 70 пайызы лазермен тегістеледі. Бұл суды 20 пайызға дейін үнемдеуге және өнімділікті 30 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Су тапшылығы жағдайында егістікке суды екінші рет қайта пайдалану үшін 351 су насосы дайындалды. Кепілді өнім алудың алғашқы шарттарының бірі – тұқым және минералдық тыңайтқыштарды өз деңгейінде пайдалану. Тұқым дайындауда ешқандай мәселе жоқ, қажетті тұқыммен шаруашылықтар 100 пайыз қамтамасыз етілді. Минералды тыңайтқыштарға қатысты қосымша қаржыландыруды күтпей, жыл басында тыңайтқыш жеткізушілер және өндірушілермен жасалған келісімдер нәтижесінде бүгінгі күнге 52,8 мың тонна тыңайтқыш шаруашылықтарға жеткізілді. Бұл – қажеттіліктің 83 пайызы. Қаржысы шаруашылықтар және инвесторлар есебінен шешілді.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті қаржы көлемі 26,7 млрд. теңгені құрайды. Оның 87,1 пайызы немесе 23,3 млрд. теңгесі қаржыландырылды. Бүгінгі күнге каналдардың 134 шақырымы тазаланып, гидротехникалық құрылыстардың 75-і жөндеуден өтті. Ауыл шаруашылығы техникалары толық жөнделіп, егін егу науқанына қатысуда.

Шаруашылықтардың қажеттілігіне сәйкес облысқа бөлінген 12,9 мың тонна арзандатылған дизельдің 40 пайызы шаруашылықтарға жеткізіліп, 1 литрі 250 теңгеден босатылуда деп әкім баяндағандай, қызылордалық шаруа мен шаруашылықтар егіске тас түйін дайын отыр…

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған