Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен өткен көктемгі егіске дайындық барысын пысықтаған облыс әкімдігінің жиынында Сырдария ауданындағы “Шіркейлі” ауылындағы шиеленіскен мәселенің жайы да айтылды.

Ауылдағы “Мәді қажы” шаруашылығының басшысы С.Сұлтанов пен үлескерлер арасындағы бітпеген, әлі созылып келе жатқан дау-дамайдың әсерінен ауылдағылардың егін еге алмау қаупі бар. Әуел басында үлескерлердің жерден өз үлестерін алмақшы болған әрекеті ұласа келе “Мәді қажы” басшысы С.Сұлтановты ауыстыруға тірелді. Өкінішке орай жер дауынан басталып жемқорлық тақырыбына ауысқан мұндай даулы жағдайлар көптеген шаруашылыққа тән десе де болады.

Қай кездегідей тұтас бір ауыл әр жақ болып, жік-жікке бөлінді. Біреулері жердің үлесін даулап жүргендерді жақтаса, енді бірі басшыны жақтады.

Қай кездегідей бітістірушілерден гөрі даулы жерден дау шығарып ұпай жинайтын арандатушылар, бүлікшілер “Шіркейлі” мәселесінде де бой көрсетті. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін аңғара алмай, әркімнің айтқанына еріп, дел-сал болған халық әкімдік, сот арасын жол қылды. Бітпейтін дау қуып жүргенде қыс өтіп, көктем келді. Тірлік ету керек. “Көктемгі егіс жылға азық” екенін білгенмен, не пайда, қара халықтың қолында кетпен, күрек, тырмасынан басқа ештеңе жоқ. Қаулысы бекіп шыққан жерін бөліп алғанымен себерге тұқымы, жүрерге техникасы, жаратарға жағар майы, тыңайтарға тыңайтқышы қайда? Мұның бәрін қамтамасыз етуге қаржы мәселесі тағы бар.

Осы уақытқа дейін алдыңғы егіске берілген қаржысы қайтарылмаған инвестор тағы қарызға қаржы салмасы анық. Содан да тірліктен үмітті шаруалар өздері қаржы іздеп инвестор жағалап жүр…

Бір ауылдың тағдыры сондағы тұрғындардың ғана түйткілі емес, барша сырбойылықтарға сын. Содан да болар аймақ басшысы Н.Нәлібаев “Шіркейліге” қатысты жағдайды зерттеп, зерделеуді заң орындарына тапсырған еді. Кешегі әкімдік отырысында облыстық полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов:

– Қожалықтың басшысы Сейткамал Сұлтановтың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-шы бабы 4-ші бөлігі 1-ші тармағы, бұл сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқырды бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір экспертиза тағайындалды. Оның шешімі алынды. Одан басқа тағы да осы қожалықта болған, Сұлтановтың қатысуымен, соның тапсырмасымен болған қылмыстар анықталып жатыр. Оның ішінде техниканы заңсыз пайдалану, жұмыс күшін басқа жаққа пайдалану, басқа да осындай қылмысты әрекеттер орын алғаны белгілі болып отыр. Қазір қатаң шара қабылданатын болады. Тергеу сотымен қамаққа алу шарасы санкцияланды. Ол бойынша бұл азаматқа және де сол қожалықта жұмыс істейтін бухгалтерлерге қатысты шара қабылданатын болады. Бухгалтерлерге қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 241-ші бабымен іс қозғалды. Оларға бухгалтерлік есепті және қаржыландыру есептерін жою фактісі бойынша іс қозғалды.

Іс тергеліп жатыр. Қорытындымен заңды шешім қабылданатын болады. Қатаң шешім қабылданатын болады, – деп баяндады.

– Аудан, қала әкімдері басқа шаруашылық басшыларына түсіндіру керек. Елдің жағдайын жасасын. Үлескерлердің жағдайын жасасын. Еңбек ақысын жемесін. Уақытылы төлесін. Әріптестер, осы бағытта жұмыс жасау керек, түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Қатаң шаралар көрілетін болады. Біз оған жерлесіміз болғаннан кейін, бұрынғы еңбегін бағалап қаншама рет түсіндіріп, алдынан өттік. Халыққа да айттық.

Шыдамның да шегі бар. Әрі қарай заң бойынша шешімдер қабылданатын болады – деген облыс әкімі Н.Нәлібаевтың сөзінен белгілі болғанындай ауылдың тұтастығын сақтау, үлескерлер мен шаруаның арасындағы дау-дамайды өршітпеу үшін шаруашылық басшысына, оның сол ауылда сыйлы ата-анасының ел алдындағы беделіне орай, өзінің де бұрынғы елге жасаған қызметіне орай қайта-қайта мүмкіншіліктер берілді. Алайда, бітпейтін дау-дамай, айтыс-тартыс елге азық, табыс болмасы анық…

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған