Үкімет басшысы О.Бектеновтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет жиынының басы “Таза Қазақстанның” жүзеге асырылу барысын талқыланудан басталды. Осы ретте бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.
– «Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың тиімділігі өткізілген іс-шаралар санымен емес, елді мекендердің жағдайының, халықтың экологиялық мәдениеті деңгейінің нақты өзгерістерімен және қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығымен бағаланады. Бұған қол жеткізу үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар елді мекендерді абаттандыру, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу, тиісті инфрақұрылымды, оның ішінде қалдықтарды қайта өңдеу объектілерін дамытумен байланысты жүйелі жұмыс істеуі қажет», — деп атап өткен Олжас Бектенов бірқатар мемлекеттік органдарға тапсырма берді.
Кеңес отырысында ағымдағы жағдай және қалдықтарды басқару бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Олардың ішінде қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, энергетикалық тұрғыда кәдеге жарату, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын жаңғырту, сондай-ақ энергия үнемдеу және экономиканың энергия тиімділігін арттыру салалары бар.
Жиында баяндама жасаған Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев: өткен жылдың қорытындысы бойынша коммуналдық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесі 30,7%-ды құрағанын 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу 40%, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу 50% болатынын, өткен жылы анықталған 3 828 стихиялық қоқыс орнының 3 629-ы немесе 95%-ы жойылғанын, ал осы жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 1 983-тен 585 болғанын, кәдеге жарату төлемі есебінен жеңілдетілген қаржыландыру шеңберінде 374 млрд теңгеге 68 жоба мақұлданып, оның 12-сі пайдалануға берілгенін баяндады. Қазіргі 2 755 тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде екен. Ауылдық жерлерде алаң бөлу үшін жекелеген рұқсат беру рәсімдері мен экологиялық талаптар жеңілдетілген, жаңа нысандардың құрылысы кәдеге жарату төлемінен түсетін қаражат есебінен қаржыландырылатын болады.
«Экоқолдау» бағдарламасына 94 компания қосылған. 115 мың тоннадан астам қағаз, шыны, шина мен пластик қайта өңделіп, төлем көлемі 3 млрд теңгені құрады. Бөлек-бөлек жинау тәсілін тұрғын үй секторы деңгейінде кеңейту жұмыстарына қоқыс шығаратын компанияларды, МИБ және ПИК-терді қосу пысықталуда.
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен Президент жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібінде қалдықтарды басқару, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру, өнеркәсіп пен құрылыс салаларындағы энергия тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Кеңеске облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Өңірде «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы аясында энергия тиімділігін арттыру және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуда жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.
Өткен жылы 280 шақырым электр желісі мен 87 қосалқы станцияға энергия үнемдейтін заманауи технологиялар енгізілді. Биыл 605 шақырым электр желісі мен 190 қосалқы станцияны жаңғырту жалғасуда. Сондай-ақ 8,7 шақырым жылу желісі жаңартылып, арнайы оқшаулағыш материалдармен қапталды. Бұл жылу беру жүйесіндегі шығынды едәуір қысқартты.
Аймақта жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да басымдық берілген. Қазір жалпы қуаттылығы 148 мегаватт болатын бес күн электр станциясы жұмыс істейді. Алдағы уақытта бір жел және үш күн электр станциясын іске қосу жоспарланып отыр.
Қалдықтарды басқаратын 17 кәсіпорын биылғы бірінші тоқсанда 67 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық жинап, оның 23 мың тоннасын қайта өңдеді. «Жасыл даму» АҚ қаржыландыруымен қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жаратуға бағытталған 9 жоба жүзеге асырылуда.
Салаға инвестиция тарту және озық технологияларды енгізу үшін халықаралық компаниялардың қатысуымен екі ірі инвестициялық жоба қолға алынған. Атап айтқанда, Оңтүстік Корея технологиясымен жылына 300 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауыты, Германия технологиясымен жылына 240 млн. дана шыны ыдыс шығаратын зауыт салынуда. Бұл – қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттырып, импортты алмастыруға және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал ететін бастамалар.
– «Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде «Тұйық циклді экономика» тұжырымдамасы сәтті жүзеге асырылды, оның негізгі қағидаты – қалдықтардың пайда болуын болдырмау. Мәселен, Швецияда қоқыстың 1%-дан азы полигондарға түседі. Бұл ел тіпті көрші елдерден қалдықтарды импорттайды. Германияда тұрмыстық қалдықтардың 67%-дан астамы айналымға қайтарылады. Тізімді жалғастыруға болады. Қалдықтарды қайта өңдеу – міне бұл біз ұмтылатын меже. Алайда, қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы жобаларды жүзеге асыруды кешіктіріп жатқан фактілер бар. Осыған байланысты, Экология министрлігі бір апта мерзімде қалдықтарды қайта пайдалану саласындағы жобаларға тексеру жүргізсін және оларды іске асыру жөнінде нақты шешімдер енгізсін.
Мемлекет басшысы жақында Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы әлемдік орташа мәндерден 2 есе және ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштерінен 3,5 есе жоғары екенін атап өтті. Халықаралық энергетикалық агенттік белгілеген жаһандық үрдіс энергия сыйымдылығының жоспарлы төмендеуі болып қала береді – жаһандық экономика аз ресурстарды пайдалана отырып, көбірек пайда табуды үйренуде. Сондықтан энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласында озық тәжірибені белсенді енгізу қажет», — деп Олжас Бектенов атап өтті.