Қазір дайындалып жатқан тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасында өзгерістер жетерлік.

Мәселен жетім балалар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар мен мүгедек балаларды асырып отырған отбасылардың балалары кәмелетке толуына не олардың қайтыс болуына байланысты мәртебесі өзгерген жағдайда олардың кезегі сақталады. Сондай-ақ мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларын жергілікті атқарушы органдардың есебінен бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Тұрғын үйді бөлу кезінде мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін қосымша бөлме беріледі.

Бүгінде тұрғын үйді бөлу кезінде оның көп бөлігі есепке қою күніне қарамастан басым құқығы ҰОС ардагерлеріне, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға беріледі.

«Бұл халықтың әлеуметтік осал топтарының 1 және 2 топтағы мүгедек жандар, мүгедек баласы бар отбасылар, жесірлердің кезегін кері жылжытып жатады. Енді осы басымдықтар қайта қаралады.

Ал әкімдіктер жасайтын баспана кезегін жүргізу құзіреті енді Отбасы банкіне беріледі. Ол үшін Отбасы банкінде Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Баспанаға мұқтаж азаматтар бұрынғыдай кезекке тұра береді. Бірақ оларға қойылатын талаптар өзгеруі мүмкін.

Азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою кезінде негізгі талаптардың бірі – олардың меншігінде баспана болмауы. Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кезекке тұру үшін соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы қажет. Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдеріне байланысты, кезекке жаңадан тұратын азаматтар үшін осы мерзімді 10 жылға дейін ұлғайту көзделген.

Ал ашықтықты қамтамасыз ету үшін Отбасы банкінің интернет-ресурсында тізімдер жарияланатын болады.

Бұған қоса тоқсан сайын 1 рет инвентаризация жұмыстары жүргізіледі.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде баспана кезегінде тұрған адамдардың саны 647 мыңнан асып отыр. Бірақ олардың арасында заң талаптарына сай келмейтін азаматтар да аз емес. 232 мың адамда соңғы бес жылда үйі болған немесе тіркеу орны тұратын аймақпен сәйкес келмейді. Базада қайтыс болған адамдар да тіркелген. Сондықтан да қазір баспана кезегін тазарту жүріп жатыр.

Баспана кезегін тазартудың негізгі мақсаты – адамдарға үйді тезірек алуға көмектесу. Ол – бір. Екіншіден, мемлекеттік қолдау шаралары көмекке шынымен де мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Әйтпесе, кейбір адамдар баспана кезегіне бірнеше рет тұрады, үйді де бірнеше рет алады. Себебі әрбір бес жыл сайын баспана кезегіне тұруға рұқсат бар.

Алайда баспана кезегіне сәйкес келмейтін 200 мыңнан астам адамды бірден баспана кезегінен шығарып жібермейді. Әрбіреуін жеке-жеке тексереді.

Баспана кезегінде заң талаптарына сай келмейтін адамдар:

96,1 мың адамда соңғы бес жылда үй болған;

533 адам Қазақстан азаматы емес;

91,4 мың адамның тіркеу орны кезекке тұрған аймақпен сәйкес келмейді;

29 мың адамда тіркеу жоқ;

15,6 мың адам базада қайтыс болғандар болып тіркелген.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған