Елімізде IT мамандарына сұраныс артуда. Цифрлық трансформация жолында биіктен көрінуді қалайтын компаниялар сауатты әрі өз ісін жақсы білетін әзірлеушілер мен бағдарламалаушыларға мұқтаж. Мемлекет басшысы биылғы жолдауында халықаралық Astana Hub технопаркінің тәжірибесін аймақтарға тарату маңызды екенін жеткізді. Сонымен бірге цифрландыру жөніндегі ұлттық жоба аясында Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті IT-маманын дайындау міндетін қойып, тапсырма берген еді.

Қазақстанды IT-елге айналдыруды және еліміздің Еуразиядағы транзиттік тораптық хаб ретіндегі позициясын нығайтудағы қадамдардың бірі–Astana Hub технопаркінің тәжірибесі бойынша өңірлік орталықтар ашу. Биыл еліміздің 14 аймағында IT орталық ашылды. Сыр өңірі бұл маңызды жағдайдан құр қалмады. Биыл Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің бизнес-инкубаторы және Қызылорда облысының «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ базасында Kyzylorda Hub стартаптар технопаркі ашылды. Өңірдегі IT мен кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жобалар мен алдағы жоспарлардан хабардар болу үшін Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Алтынбекұлымен сұқбаттастық.

– Жанарыс мырза, Kyzylorda Hub орталығына тоқталсаңыз, мақсаты мен міндеті, халыққа, жастарға берер мүмкіндігі қандай?

– Бизнес-инкубатор Сыр елінің қара шаңырағына айналған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен Қызылорда облысының «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ базасында ашылды. Басты мақсаты – өңірдегі инновациялық жобаларды дамыту, аталған бағыт бойынша кадрлар даярлау және білім беру. Орталық стартаптар, инвесторлар мен менторларды біріктіреді. Сондай-ақ, кәсіпкерлік саладағы білімін арттыру, жобалардың прототипін жасау, инвестиция тарту, қаржылық есеп жүргізу және PR бағыты бойынша жастарға қолдау көрсетіледі. Жалпы айтқанда өз ісін ашып, стартап жобаларын дамытқысы келетін, бірақ мүмкіндігі жоқ жергілікті жастарға қолдау көрсету.

– Сәуір айынан бергі жұмыстарды атап өтсеңіз…

– 7 айдан бері орталық қарқынды жұмыс жасауда. Қызылорда облысы әкімдігі, Astana Hub халықаралық технопаркі, «Qazinnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі, Қызылорда облысының «Ақпараттық технологиялар орталығы» және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетімен бірге түрлі байқаулар ұйымдастырудамыз. Мектеп және колледж түлектеріне арналған «Startup Talapker» облыстық байқауы серіктестік аясында ұйымдастырылған алғашқы шара болды. Жеңімпаз түлектерге университеттің білім гранты табысталды. IT – әлемдегі ең әлеуетті және қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі. Сол себепті өңірдегі жастармен жиі кездесеміз. Techno Quiz интеллектуалды сайысы, Business breakfast, ақпараттық компаниялар, Pizza pitch, бағдарламалау бойынша семинарлар және колледж, университет білім алушылармен митаптар өткіздік. Тамыз айында «Startup Joly» инкубациялық бағдарламасы бойынша оқыту жұмыстарын бастадық. Мақсаты – инновациялық стартаптар мен кәсіпкерлік бастамаларды қажетті ресурстармен, біліммен және қолдаумен қамтамасыз ету, кәсіпкерліктің әр түрлі аспектілері, соның ішінде идея, маркетинг, сату, қаржы және құқықтық мәселелер бойынша дағдыларды арттыру, инновация, технология және кәсіпкерлік саласындағы халықаралық аренада аймақпен елдің бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру. Жобаның ұзақтығы – 6 апта. Жастарды 5 апта ішінде семинар-тренингтерге қатысып, практикалық тәжірибе алуға бағыттадық, қалған 1 аптада жоба дайындады. Бірінші кезең 14 тамыз бен 15 қыркүйек аралығын қамтиды, ал келесісі 18 қыркүйек күні басталып, 26 қазанға дейін жалғасты. Инкубациялық бағдарлама аясында қатысушылар инновациялық жобалар байқауына қатысты. Байқаудың жалпы жүлде қоры 2 млн теңгені құрады. Қаржылай сыйлықтан бөлек бағдарламаны толық меңгерген үздік қатысушыларға сертификат табыстадық. Сертификат арқылы «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» және Astana Hub халықаралық технопаркінің гранттық бағдарламаларына қатыса алады. Startup Joly инкубациялық бағдарламасы қазан айының соңында сәтті аяқталды. Шаралар легін Республика күні және Қызылорда облысының 85 жылдық мерекесі қарсаңында «AI TRENDS» тақырыбына бағытталған Pecha Kucha форматында өткен интеллектуалды семинарлар кеші жалғады. Шараның негізгі мақсаты − жастарға жаңа технологиялар аясындағы мүмкіндіктерді, IT бағыттағы жаңалықтар мен тың идеяларды ерекше форматта таныстыру. «Pecha Kucha Kyzylorda» шарасының барысында Айболат Құлатай «IT саласының трендтері», Айдос Жетпісбай «Қаржы жүйесіндегі жасанды интеллект», Бибол Жакипбаев «Data Driven: деректерге негізделген шешімдерді қалай қабылдауға болады?», Әбді Мақсат «Digital video engineering құпиялары», Есенов Мақсат «Data Driven: деректерге негізделген шешімдерді қалай қабылдауға болады?», Мұрат Туремуратов «Цифрлық із», Абай Тағыберген «Медиагигиена», Оралбек Абдуллаев «AI тәтті өнімдері» тақырыптарын қозғады. Спикерлер 20Х20 форматы негізінде әр түрлі бағыттағы тақырыптарда ой бөлісіп, қатысушылар кәсіби мамандармен пікір алмасты. Pecha Kucha форматындағы интеллектуалды семинарлар кеші өңірде 2019 жылдан бастап тұрақты түрде өткізілуде. Осы уақыт аралығында ерекше форматтағы басқосу 250-ден астам жасты қамтыды. «Pecha Kucha» арқылы IT саласының нағыз мамандары күрделі технологияларды қарапайым түрде қолдануды түсіндіріп, жастардың идеясын іске асыруына себепкер болады. Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күніне орай «SMART CITY KYZYLORDA HACKATHON 2023» облыстық IT жобалар хакатоны өтті. Мақсаты – стартап жобаларды, цифрлы шешімдер мен талантты мамандарды іздеу. «Smart city Kyzylorda» концепциясы аясында ақпараттық технологиялар, инновациялық жобалар мен стартап жобаларды дамыту. Облыстық IT жобалар хакатонының жеңімпаздарына 900 000 теңге және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 3 білім гранты табысталды. Байқауға қатысуға 350 жас өтінім қалдырып, 120-ға жуық жоба қорғалды.

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған